Сенат Төрағасы алдағы уақытта бұл заң еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
«Бүгін қабылданған заң халықаралық деңгейде ұлттық мүдделерімізді қорғауға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұдан былай, халықаралық келісімнің екінші тарабы өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан тарапынан жауап шараларын қабылдауға жол ашылады. Осы мақсатпен құжатта халықаралық шарттардың немесе олардың жекелеген ережелерінің орындалуын тоқтата тұру туралы нормалар қарастырылған», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы құжатқа сәйкес енді мемлекеттердің бір-біріне сотталғандарды беруіне мүмкіндік туады. Ол үшін жасалған іс-әрекет екі елде де қылмыс ретінде танылуға тиіс және сотталғандарды беруге қос мемлекет те келісуі қажет. Ал сотталған азаматтың өзінен кері оралуды растайтын жазбаша келісім болуы керек. Қазақстан Республикасынан Шарт ережелерін іске асырушы орталық орган ретінде Бас прокуратура белгіленді.
Сондай-ақ Сенат отырысында депутаттар «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл құжатта азаматтық және қылмыстық өндіріс саласында құқықтық көмек көрсету бойынша сот және құқық қорғау органдарының нақты міндеттері көрсетілген.
Одан бөлек, Палатаның жалпы отырысында бірқатар депутаттық сауал жолданды. Депутат Мұрат Бақтиярұлы ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерттеу мәселесін көтеріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет екенін айтты. Ал сенатор Сұлтан Дүйсембинов аграрлық секторды дамытудың негізгі факторларының бірі саналатын ауылшаруашылық ғылымын қолдау мәселесін сөз етті. Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен жоғары білімді заңгерлер даярлауға қатысты түйткілдерді қозғап, осы саладағы проблемаларды шешу жолдарын ұсынды. Сенатор Дана Нұржігіт Қазақстан халқының ұлттық құндылықтарын дәріптейтін телевизиялық өнімдерді көбейту керектігін айтса, депутат Динар Нөкетаева Алматыдағы мектептердің біріне Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері, биыл туғанына 100 жыл толып отырған ғалым, педагог Рафиқа Нұртазинаның есімін беруді ұсынды.