28 Желтоқсан, 2013

Жалғыз жүрек... немесе метафизикалық трагедия

610 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

IMG 4191Қазіргі таңда қазақ театрларында бір бұлқыныстың бары анық. Даму даңғылын іздеген драматургия да ілкімді өзгерістерге ұмтылуда. Көрермен көксейтін өнердің көкжиегінде түрлі сахналық эксперименттер еңсеріле бастағанын көруге тек көз керек. Ендеше, бұл күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Қас қағым» атты метафизикалық трагедиясының премьерасы жүруде.

 

Қазіргі таңда қазақ театрларында бір бұлқыныстың бары анық. Даму даңғылын іздеген драматургия да ілкімді өзгерістерге ұмтылуда. Көрермен көксейтін өнердің көкжиегінде түрлі сахналық эксперименттер еңсеріле бастағанын көруге тек көз керек. Ендеше, бұл күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Қас қағым» атты метафизикалық трагедиясының премьерасы жүруде.

IMG 4191

Метафизикалық трагедия. Осылайша аталмыш театр бұрын-соңды бізде болмаған жанрға түрен салды. Бұған дейін Әуезов театры Д.Кобурнның «Жынойнағын» мүлде жаңа тұрғыда сахналап, терең психологиялық трагикомедияда түрлі эксперименттерге барған болатын. Талантты актер­лердің жасағымен (Тө­леу­бек Аралбай, Құман Тастан­беков, Бауыржан Қаптағай, Рашида Хад­жиева, Қымбат Тілеуова) қайта табыстырған театрдың келесі табысы – «Қас қағым» болып тұр.

Психологиялық трагедияның бүкіл кілті басты кейіпкердің бір ғана сөзіне байланған десек те болады: «Махаббатқа сенуге көмек­тесіңізші..!» деп жалынады беймәлім бір дертке ұшыраған Жазира.

Оның дерті – жалғыздық. Өмірде жақсы адамдардың да бар екеніне сенгісі келетін, бақай есепсіз сүйіспеншіліктің бола­тындығын көргісі келетін бейбақ қыздың әкесі, бірақ, олай ойла­майды. «Жалғызы жолында жан пида», бірақ, өз өмірінің мағы­насы – мансабын да бір сәт естен шығармайтын әкенің қимыл-қа­рекеті және оның «қағанағы қарық, сағанағы сарық» ортасының «құн­дылықтары» – қойылымның бірінші қабаты.

IMG 1831-1

Бойжеткен Жазира ешқандай дертке ұшырамаған. Сондықтан да «денім сау, тек мен махаббатқа сенуім керек, сонда ғана барлы­ғынан құлан-таза айығамын» деп психиатр Сәбитке ағынан жарылу арқылы оның бірте-бірте өзгеретін көңіл-күй ахуалы – қойылымның келесі қабаты. Спектакльдегі оқиғалардың шым-шытырығы бірде ап-айқын болса, енді бірде ирреалдылық кеңістікке шығады.

Қағілез көрермен шындап келгенде бұл оқиға Жазираның ажалына себепші болған, өзін пси­хиатр-дәрігер деп білетін науқас Сәбиттің қиялынан туын­даған қанды оқиға екенін аңғарса керек. Психологиялық драмада «Тең – теңімен, тезек – қабымен» дейтін қоғамның шындығы, жалғызын жарлы, жетім жігітке бергісі келмейтін бақуаттылардың жалған намысы, көпе-көрінеу жағымпаздық, сырт айнала бере сөзі өзгере беретін екіжүзділіктің суреті де жатыр...

Спектакльдің әрбір сәтін қалт жібермей тамашалаған кө­рермендердің алғашқы легі режиссерлық шешімдерді, автор­дың айтқысы келгенін тап басқан тұстарын сөзсіз бағалады. Тәні емес, жаны дертке ұшыраған жан­дардың ауруханадағы азапты сенделісі, өмірдің мазақты сәттерін жеңу үшін де бір жігердің керек екендігін көңіл күй тілегенімен, өмірдің шындығы ащы екендігін жаңа қойылым аша білді.

Метафизикалық трагедия адамзатты қай кезде де азғырып келе жатқан мансап пен ақша – адамдықтан да, адамның өмірінен де қымбат емес екендігін айтады. Шым-шытырыққа толы қойылымда көрермен Сәбит рөліндегі белгілі актер Азамат Сатыбалдыны жаңа қырынан көрді десек қателеспейміз. Өйткені, Әуезов театрындағы басты рөлдер­дің бірқатары бұйырған Азамат Сатыбалды аз сыналмайды. Және оның айтуынша, бұл рөл бұрын­ғылардан мүлде басқа.

– Пьесаны оқыған кезде оған бірден ғашық болдым. Шыны керек, осы кейіпкерім өзгелерге ұқсамаса екен деп көп іздендім. Бүгінгі спектакльдегі рөл басқа рөлдерге ұқсамайды. Өйткені, жанры бөлек. Жанры – метофизика. Бұл, әрине, адамның қиялынан тыс дүниелер. Сәбит өмірде қан­шалықты жынды болса да, бірақ өзінің қиялы түзу жігіт. Оның қолын қанға шарасыздық малдырады, – дейді актер.

Осы арада Әуезов театрының белді актерлерінің біріне айнал­ған Азамат Сатыбалдының жас режиссер Елік Нұрсұлтанмен бір­лесе сомдаған екінші жұмысы екенін айта кетелік. Бұған дейін де Азамат Сатыбалды Елік Нұр­сұлтан қойған «Ұлы мен ұры» пьесасында көрерменнің ықы­ласына бөленген болатын. Ал Әуезов театрының тұрақты көрер­мендері үшін Жазираны ойнайтын актриса Зарина Карменова – жаңа бейне. Актерлердің келесі толқыны, өнердің жас өкі­лі Зари­на спектакльдің көп өзге­ріс­ке түс­кенін, жаңа жанрды сахна­ға шы­ғаруда шығармашылық ұжым­ның көп ізденгенін айтады.

– Театрымыздың белді актер­лерімен бір сахнада партнер болу көп ізденісті талап етеді. Жаны жылулық іздеген Жазираның рөлін шығару үшін көп іздендім. Себебі, маған рөлмен жұмыс істеу оңайға түспеді. Жүз пайыз бол­маса да спектакль барысында болып жатқан оқиғалар менің де өмірімде ұқсастық тауып жатты. Сахнада махаббатты ойнамай, оны сезінуге, өз бойымнан өткеруге тырыстым. Сонда рөл шынайы, еш жасандылықсыз шығады. Мен осындай актерлік тандем пайда болғанына қуаныштымын, – дейді жас талант.

Айтқандай, ару қоғамның өзінде махаббаттың бар екендігін көрсетуге ұмтылған қоюшы-режиссер Елік Нұрсұлтанның ізденіс­тері театрға өзіндік леп әкелгенін өнертанушылар тілге тиек ете бастағаны қуантады. Сон­дықтан да барлық кезде махаббатқа зәру қоғамның келеңсіз суреттерін өзіндік қолтаңбамен суреттеуге ұмтылған Елік Нұрсұлтанның талпыныстары театр қауым­дастығының көңілінен шығып жүргенін де айтуға тиістіміз.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Дина ДӘУІТБЕКОВА.

Соңғы жаңалықтар