Руханият • 26 Ақпан, 2021

Ақын даңқы аласармайды

696 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Уақыт сынағынан сүрінбеген алып тұлғалар саусақпен санар­лық. Солардың бірі – Жамбыл. Сүйінбай баба іні шәкіртіне домбырасын бекер қалдырмапты.

Ақын даңқы аласармайды

Шегініс жасап, 1936 жылға оралайық. Сәуір айында респуб­лика компартиясының бірінші хатшысы Л.Мирзоян өкіметке, Ораз Исаевқа Парижден телефон соғады. «Қазақты ақын халық деу­ші едік қой. Сонымыз рас болса, он­­күндікке ақын апарайық» дей­­ді. Бұл әрине, қуанышты хабар. Бі­рақ салмағы зіл-батпан ауыр еді.

Өйткені Мәскеудің төрінде Ста­лин отыр. Қателескенді кеш­пейді. Сондықтан жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ керек. Он­дай ақсұңқар арамызда бар ма?!

Осы үнсіздікті Ораз Жандосов бұзады. «Мәскеуге Жамбылды апарайық» деді нық сеніммен. Ол мұндай ұсынысты Жамбылға туыс болғандықтан емес, ақынның дарынына көзі толық жеткендіктен айтты.

Батыл пікір бастықтарға ұна­ғанымен, шешімді түбегейлі бе­кіту үшін көп нәрсе қа­жет. Ең алдымен Темірбек Жүр­генов бастаған комиссия құ­рыл­ды. Алқалы топ ақынның мүм­кіндігін жан-жақты зерттеді. Се­бебі тоқсаннан асқан адамға иек арту – отпен ойнағанмен бір­дей. Сондықтан олар бұл істі мем­ле­кеттік шараға жатқызды. Сарап­шылар қатарында – Темір­бек Жүргеновпен бірге Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әб­ділда Тәжібаевтың болғаны көп жайды аңғартса керек. Он ойла­нып, жүз толғанған комиссия ақырында Жамбылдың ақындық қуа­тын бірауыздан мақұлдады. Ел үмітін ақтай алатын айтулы тұлға деген қорытындыға келеді.

«Жүрегі тозған адамның дауысы дірілдеп, жарықшақтанып шы­ғады ғой. Жәкең ондай емес. Қат­тырақ айтқысы келгенде, саң­­қылдап сөйлей алады», дейді Әб­­ділда Тәжібаев. «Бұл – жүз жыл­да бір-ақ көрінетін құбылыс», деді Мұхтар Әуезов. «Эпостағы об­раздарды сәтті пайдаланады. Бұ­рынғы ұлы ақындар осылай сөй­леген», деді Сәбит Мұқанов. Сонымен, Жәкең мемлекеттің қа­лауымен Мәскеу жолына дайын­далады.

Атамекенінен ұзап шықпа­ған ақынға бұл – керемет сый жә­не үлкен оқиға. Ондай кезде «көр­мегенге көсеу таң» болатын­дар­дың буы бұрқырап, басы айнала­ды. Ал Жәкең өзінің қазақы жә­не қариялық қалыбынан танба­ды. «Қарсы үстелге жете беріп Жам­былға бас изеген Сталинге бас изеді де қой­ды» (Ә.Тәжібаев). Оны ай­тасыз, «Сізге орден берерде Ми­хаил Ива­нович Калининге ел аты­нан рахмет айтыңыз» деген Темір­бек Жүргеновтің тап­сыр­ма­сын орындау кезінде «Кали­нин­ді» ұмытып қалады. Сонда ақын Кремльдің салтанат залын­да Темірбекке қа­рап, оған өлең­мен сұрақ қойып: «Мы­на теке сақалдың аты кім еді?» деген екен. Бұл – кеудесін тік ұс­таған жү­рек­тілік емей немене?!

Әлі есімде, 1974 жылы ҚазМУ-де Жамбылдың хатшыларымен кездестік. Олардың ішінде Қасым Тоғызақов та болды. Қасым аға үзіліс кезінде бір әңгімені айтып бізді күлдіргені бар.

– Онкүндіктің қорытынды кон­­цертіне Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері түгелдей келді. Жә­кең сонда көсемге анықтап қара­мақшы болады. Бірақ люстра­ның жарығы жанарына шағылып, кедергі жасай бергені. Ақын кө­мекке бізді шақырды.

– Аналардың қайсысы Ста­лин?! – деді саңқ етіп. Олай сөйлеуге, көсемді саусақпен көр­сетуге дәт шыдамайтын кез. Отыр­ған орнымызда селк ете түс­тік. Жалтақтаған түрімізді көріп Жәкең жағдайды түсінді. Енді ақырындап сұрай бастады.

– Бірінші отырған ба? – деді. Ба­сымды шайқадым. Ол – Орджо­никидзе болатын.

– Одан кейінгі сары шашты ма? – деді Молотовты көрсетіп. «Ол емес» дегенді көзіммен біл­дір­дім.

– Үшінші отырған қара мұртты ма? – деді. Ептеп қана басымды изедім. Ақын оларға сығырайып ұзақ қарады. Содан кейін барып:

– Пах! Ақылға біткен маңдай екен қызыңды... – деп саңқ ете түскені. «Құрыдық!» дедік ес-түс­тен айырылғандай. Құдай сақта­ғанда, әлгі дауысты көсемнің күзет­шілерінің естімей қалғаны. Сөй­тіп Жәкең «күн көсемді» оның көзін бақырайтып қойып бір боқ­тап алғаны бар, – деп әңгімесін аяқтады. Ішек-сілеміз қатты.

«Әйтеуір бір жерінен кінә та­батындар» Жамбылды Кеңес өкі­метін жырлады деген сылтау­мен жазғырғанды жақсы көреді. Ал Жәкеңнің сол кеңес өкіметін ұнатпағанын көпшілік білер ме екен?! Бірде өзі жақсы көретін інісі Ораз Жандосов ақынға жолығып «Тәте, бәрін жырладыңыз, мені де өлеңге қосыңызшы» дейді еркелеген сыңаймен. Сонда ақын қара домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Оразым, өрге қарай

домаладың,

Байларды кәмпескелеп

қуаладың.

Байларды кәмпескелеп

қуамын деп,

Кедейдің жеп қалмағын

құмалағын,

– деген екен.

Солай бола тұра Кеңес өкі­метін жырлады. Неге Ленинді, Ста­линді өлеңге қосты екен деп ойлайсыз. Осы оқиғалардың мәні­сіне сол кездің деңгейімен тал­дау жасап, сол кездің көзімен қара­саңыз бә­рін де түсінесіз. Бұл іс – ақынға жүктеген республиканың тапсырмасы. Жеке өзінің ойлап шығарған идеялары емес, ел­дің атынан айтылған жолдау. Ол кісіге халық өкіметінің билеушілері солай деп ұқтырды, ақын солай деп ұқты. Бар болғаны осы.

Жамбылға тапсырыс берген­дер – жай адамдар емес, үлкен мемлекет қайраткерлері. Олар­дың бәрін қорқақтар мен жағым­паздарға жатқыза алмайсыз. Әлгі кісілердің көбі ел қамын жеген ерлер. 37-дегі жаланың құрбандары – «халық жаулары». Олар ұлтын сүйді, қазаққа ақ жол тіледі, сол үшін бәрі атылды.

Жамбылға Сталинді жыр­лат­тың деп енді ол марқұмдарды кім кінәлайды?! Ешкім кінәламай­­ды! Егер солай болса оларға сенген, айтқанын өлеңмен орындаған ақынға неге басқаша қарауымыз керек?! Өз ортасынан бөліп алып, жалғыз өзін жазғыруға ха­­қы­мыз бар ма?! Хақымыз жоқ! Дүниедегі ең оңай нәрсе – өл­­геннен өш алу. Кейбір аға­йын­­дар «мықтылығын» солай көр­­сеткенді қалайды. Мә­селен Ста­лин қайтыс болған соң Н.С.Хру­щев те «батыр» атанған.

Енді мынаны ескеруіміз керек, Жамбылды Гомерге теңеген қазақтар емес, басқа ұлттың өкіл­дері. 1937 жылы Грузияда өткен Шота Руставелидің 750 жылдық мерейтойында бүкілодақ жұрты ақынның арыны мен дарынына бастарын иіп «ХХ ғасырдың Го­мері» деді бірауыздан. Бұл сөз­ді олар жүрек қалауымен айтты. «Президиум мүшелері кейін сер­піліп кетті де, Жамбыл тек ақын­ға тән ұлылықпен үстел басында қал­ды», дейді Николай Тихонов.

Мынандай оқиғалар да болған. 1940 жылы Леонид Соболев Алма­тыға келеді. Ол бір апта ғана бұ­рын осында болған екен. Шұғыл түр­де Мәскеуден қайыра соғыпты. Ешкімге ескертпеген, ешкімге жеделхат салмаған, жүрісі суыт. Дереу Мұхтар мен Сәбитті қасы­на ертіп алып Ұзынағашқа тартады. Онда Жамбылмен әңгімелеседі. Ақынның үйінде бір аптадай қонақ болады. Екеуіне Мұхтар Әуезов тілмаштық жасайды.

Л.Соболев бұл іссапардың құ­пиясын кетерінде ғана ашады. Сөй­тсе Қазақстаннан Сталинге арыз түсіпті. Оны жазғандар «Жам­был деген ақын дүниеде жоқ. Ол – өтірікшілердің жанда­рынан шығарып жүргендері. Бұ­дан былай Жамбылға сенбеңіз» деген екен. Сталин мұны тексеруді Александр Фадеевке жүктейді. КСРО Жазушылар одағының бас­тығы А.Фадеев Соболевке тапсырады. «Барып кел, көріп кел, біліп кел» дейді. Нәтижесінде, Л.Со­болев Жамбылға күмән келтірмек тұрмақ, оның орыс баласына айналады. Ақындық құдыреттің не екенін көзімен көріп, құлағымен естиді.

«Біз Леонид Сергеевичпен құ­шақтасып, сүйісіп қоштастық. Бі­рақ «Мәскеуге қандай пікірмен ба­расың?» деп сұраған жоқпыз. Сұ­раудың қажеті де жоқ болатын» дейді Әбділда Тәжібаев ол туралы жазған естелігінде.

Сонымен, Жамбылды қазақ би­лігі бір, Мәскеу билігі мұқият тексереді. Сондай сараптама­дан кейін ақынға шек келтіруге кім­нің дәті шыдайды?! Қырқыншы жыл­ғы айтылған өсекті бүгін ұял­май қайта бықсытсақ, біздің кім болғанымыз?! Енді Жамбыл­дың хатшыларына келейік. Олар – Та­йыр Жароков, Қалқаман Әбді­қадыров, Ғали Орманов, Қа­сым Тоғызақов, Қапан Саты­бал­дин. Мемлекет бұл кісі­лер­ді қызметкер санатына жат­қыз­ды. Жалақы төледі. Салыс­ты­рып айтсақ, хатшыларға бүгінгі депу­таттардың көмекшісіндей мәртебе берді. Бұл – Жамбыл өлеңдерінің ерекше құндылыққа ие болғанын көрсетеді. Хатшыларының ішін­де Жәкеңнің етжақыны, рулас аға­йындары болған жоқ. Бәрі алыс­тан қосылатын алаштың балалары. Жәкеңді тапқан да, таңдаған да, қолтықтап әкеліп, өмір сахнасына шығарған да солар.

Композитор Нұрғиса Тілен­диев «Мен сақал өсірсем, Жамбыл тәтемнен аумайтын едім» деп өз бойынан ақынға қатысты ұқсас­тықтар іздегенді жақсы көр­ген. 1971 жылы ҚазМУ-де Жам­был­­дың 125 жылдық мерей­то­йына арналған әдеби кеш өте­ді. Кешегі Жәкеңнің хатшыла­ры бірінен соң бірі ақынға деген өз жақындықтарын айтып, зал­ға қол соқтырады. Сол кезде ақиық ақын Мұқағали да мінбеге шы­ғып «Жамбылдың нағыз баласы менмін!» деп мақтанышын паш еткен екен. Міне, осындай сөздерді қазақтың әр бала­сы айтса, ол – ұлы даланың перзент­теріне соншалық жарасатын еді! Өйткені Жамбыл биігі аласармайды.

 

Батық МӘЖИТҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты