Білім • 26 Ақпан, 2021

Оқу үдерісін қазақшалауға қосқан үлесі зор

276 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамды танымал ететін қадір-қасиет көп қой. Біреуді таланты, енді біреуді тынымсыз еңбегі немесе ерекше қабілеті танымал етіп жатады. Адамның сондай көп қырларының бірі деп тиянақтылықты да атар едік.

Оқу үдерісін қазақшалауға қосқан үлесі зор

Біз таныған Бегендік Ути­баев­тың бұрынғы Целиноград ауыл­шаруашылық институтында қазақ тілінде білім беру ісін жолға қою­дағы еңбегі ерен. Ғалым әріптесіміздің осы еңбегін атап көрсете отырып, Алғыс айту күні қарсаңында ризашылығымызды білдіреміз.

1975 жылы Целиноград ауыл­шаруашылық институтының (қа­зіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситеті) экономика факуль­тетіне оқуға түскен ол. Оқу ор­­нында да барлық қоғамдық шаруаға, әсіресе, ғы­лыми-зерт­теу жұмыстарына бел­сенді араласып, ізденіске деген қы­зығушылығын танытты. Дип­ломын алған соң осы оқу орнына ғылыми қыз­меткер ретінде орналасып, көп ұзамай статистика кафедрасына аспирантураға қабылданды. 1984 жылы экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесінде ойдағыдай диссертациясын қорғады.

Содан бергі уақытта Бегендік Сауытұлы өзі оқыған оқу орнын­да аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін жоғары ғылыми-педагогикалық деңгейде абыроймен атқара білді. Деканның орынбасары, одан кейін 1989-1997 жылдар аралығында экономика факультетінің деканы болды.

1986 жылы республиканың техникалық және кәсіптік оқу орындары арасында алғашқы болып Целиноград ауыл шаруа­шылық институтында сабақ үрдісін қазақ тілінде оқыту жұ­мысы ұй­ым­дастырылды. Міне, осы кезеңде Бегендік Сауыт­ұлы өзінің бастамашыл тамаша қасиетімен көзге түсті. Уни­верситеттегі мем­лекеттік тілде оқытатын алғашқы оқы­тушылардың бірі ретінде көп­­теген жетістікке жете бастады. Әсіресе, оқыту үрдісін қа­зақ тілді аудиторияға лайықтап қай­та ұйымдастыруда, оны оқу-әдістемелік құралдармен және оқу­лықтармен қамтамасыз ету ба­ғытында экономика факультеті деканы ретінде өлшеусіз үлес қосты.

Өткен ғасырдың 90-ншы жылдары қиын да ауыр жылдар еді. Бегендік Сауытұлы эко­номика факультетінің дека­ны ретінде сол жылдары күр­делі мәселелермен бетпе-бет келді. Қалай болғанда да оны шешу жолында аянып қал­мады. Мысалы, қаржының жетіс­пеушілігіне қарамай жатақ­ха­на­ның жөнделуі, оқу үрдісін тоқ­татпау амалдарын тауып, оқы­тушылар құрамын сақтап қалу­да бар мүмкіндігін пайдаланды. Б.Утибаевтың еңбегі бағаланып, 1997 жылы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ол 1999-2001 жылдары Есеп және статистика кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдан бүгінге дейін Есеп және аудит кафе­дра­сының доценті қызметін атқа­рып келеді. Жалпы, қазіргі еңбек етіп жатқан ұжымындағы жұмыс өтілі 41 жылды құрайды.

Бегендік Сауытұлының тағы бір қызметтік кезеңі – 2003-2010 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде оқу ісі жөніндегі проректор болып қызмет ат­қар­ғаны. Оқу орнында сол кездегі ректор, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының док­торы, профессор, марқұм Ғ.Сейіт­қасымовтың шақыруымен келген.

Проректорлық қызметті де Бегендік ағамыз барлық жа­уап­­­­кершілікпен, абыроймен, адал атқара білді. Жа­ңа уни­­­вер­­ситеттің оқу ғима­ра­­тын са­лу­да да, профессор­лар мен оқы­ту­шыларды жұ­мыл­ды­руда да, оқу про­це­сіне алғаш­қы қатарда кре­диттік жүйе­ні ен­гізуде де өзі­нің ұй­ым­­дас­­тырушылық-бас­қа­ру­шы­­лық қа­білетін толы­ғы­мен көрсеткен, дейді әріп­тес­тері. Уни­верситеттегі еңбегі баға­ла­нып, 2007 жылы «Астанаға − 10 жыл» медалімен, 2008 жылы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, 2009 жылы Эко­номика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

ЖОО-да істеген уақытында Б.Утибаев оқытушылық қыз­метімен қатар, ғылыми жұмыс­тармен де жүйелі түрде айналысты. Ғалымның бұл реттегі жұмыстары республиканың экономика, қаржы, мемлекеттік бюджет, жергілікті өзін-өзі басқару мен ауылдық аймақтарды дамыту сияқты түрлі мәселелеріне арналған. Ол 160-тан астам ғы­лыми еңбектің, оның ішінде 3 монография, қазақ және орыс тілдерінде дайындалған 12 оқу­лық, басқа да оқу құрал­дарының авторы. 5 оқулығы ЖОО жә­не жоғары оқудан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдіс­темелік кеңесінің «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» мамандықтар тобы бойынша оқулық және оқу құралдары ретінде баспаға ұсынылған. Сон­дай-ақ Б.Утибаев – қазақ тілінде жарық көрген «Мемлекеттік бюджет» атты алғашқы оқулықтың авторы.

Бүгінде есеп және аудит ка­федрасының доценті ретінде студенттерге ұстаздық ете жүріп, ғы­лымнан қол үзген жоқ. Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түк­пірінде абыроймен қызмет атқа­руда. Олардың қатарында жо­ғары лауазымды басшылар мен кәсіпкерлер, экономистер мен бухгалтерлер, басқа да білікті мамандар баршылық.

 

Базархан РУСТЕМБАЕВ,

Экономика ғылымдарының докторы, білім және ғылым саласының еңбек сіңірген қайраткері