Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларымен өткен 25-ші пленарлық отырыста көтерген болатын. Мұны атқару «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына тапсырылды. Әрине, осындай халықаралық маңызы зор аса ірі жобаның құқықтық мәселелерін шешу, сан салалы жұмыстарды ұйымдастыру, олардың кадрлық, техникалық мәселелерін үйлестіру оңай шаруа емес еді. Өйткені, бұл жоба бойынша теміржол, әуе, автокөлік, су жолы көліктерінің қызметтері бір арнаға шоғырландырылып, олардың барлығы «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеуі үшін қызмет көрсетудің біртұтас тізбесі жасақталуы тиіс екен.
Мәселенің маңыздылығына көз жеткізу үшін біз экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық көлік академиясының академигі, теміржол саласының ардагері Нығметжан Есенғаринды әңгімеге тартқан едік.
Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларымен өткен 25-ші пленарлық отырыста көтерген болатын. Мұны атқару «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына тапсырылды. Әрине, осындай халықаралық маңызы зор аса ірі жобаның құқықтық мәселелерін шешу, сан салалы жұмыстарды ұйымдастыру, олардың кадрлық, техникалық мәселелерін үйлестіру оңай шаруа емес еді. Өйткені, бұл жоба бойынша теміржол, әуе, автокөлік, су жолы көліктерінің қызметтері бір арнаға шоғырландырылып, олардың барлығы «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеуі үшін қызмет көрсетудің біртұтас тізбесі жасақталуы тиіс екен.
Мәселенің маңыздылығына көз жеткізу үшін біз экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық көлік академиясының академигі, теміржол саласының ардагері Нығметжан Есенғаринды әңгімеге тартқан едік.
– Нығметжан Қабатайұлы, ең алдымен Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасының маңызы туралы айта кетсеңіз.
– Бұл жоба жүзеге аса қалған жағдайда оның елімізге берер пайдасының мол екендігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр.Мәселен, қазіргі жоспарымызға сәйкес еліміздегі барлық көлік дәліздері іске қосылған жағдайда ел аумағымен өтетін тасымал көлемі бұрынғыға қарағанда анағұрлым артып, 2020-шы жылға қарай Қазақстанның көл көсір табыс табуға мүмкіндігі бар екендігі болжануда. Сондықтан да Елбасымыз Еуразия кеңістігіндегі негізгі көліктік бағыттардың әлеуетін ескере отырып, Қазақстанда үлкен іскерлік-транзиттік хаб құру туралы бастаманы көтеріп қана қоймай, осы істі тікелей өз бақылауында ұстап отыр.
Жалпы, Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы, өндірістің ауқымды индустриялануы мен жаңғыртылуы сыртқы экономикалық байланыстарды күшейте түсуге жетелейтіні түсінікті. Бұл өз кезегінде еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін нығайтуды қажет етеді. Жылдан жылға дамып, кемеліне келе бастаған Тәуелсіз Қазақстанымыз, міне, осындай өркениетті даму кезеңіне келіп кіріп отыр. Демек, өтіп бара жатқан 2013 жылғы осы бағыттағы ең елеулі қадамдардың бірі – «Қазақстан: Жаңа Жібек жолы» бағдарламасының базалық операторы болып табылатын ұлттық көліктік-логистикалық компанияның құрылуы болып табылады десек, бұл ешбір артық айтқандық емес.
– Енді осы уақытқа дейін бізді толғандырып келген мәселе Жаңа Жібек жолы жүк тасымалында Қытайды Батыс елдерімен жалғап жатқан дәстүрлі теңіз жолдарымен бәсекелестікке түсуге қабілетті ме деген сұраққа аздап та болса жауап бере кетсеңіз.
– Дүниежүзілік ауқымда алатын болсақ, тауарлар тасымалындағы теңіз бен құрлық жолдары арасындағы бәсеке ежелден өріс алып келеді дей аламыз. Иә, осы уақытқа дейін тауарды теңіз арқылы жеткізу құрлық жолдарына қарағанда едәуір арзанға түсіп келді. Себебі, ол үшін арнайы су бетіне жол салынбайды ғой. Ал, біз болсақ, ашық теңізбен шектесіп жатқан ел емеспіз. Дегенмен, соңғы жылдары әлемде өндіріс пен құрылыс және қызмет көрсету салаларында жаңа технологиялардың пайда болуына және жаһанданудың бел алуына байланысты құрлықтағы жолдар арқылы тасымалданатын тауар көлемі арта түскендігі байқалады. Әрі уақыттың өзі алтынға айналып барады. Болашақта қай көлік түрі уақыттан ұтуға тиімді, соның бағы ашылады. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қытайдан Еуропаға дейін теңіз жолы бойынша жүк жеткізу уақыты 20 тәулікке дейін созылатын болса, құрлықтағы жолмен 14 тәулікте жеткізуге болады екен. Тіпті, мұны алдағы уақытта 10 тәулікке дейін қысқарту мүмкіндігі де бар.
Теміржол арқылы бір жылжымалы құраммен 60 вагонға дейінгі жүкті жеткізуге болады. Дегенмен, қанша тәулік болса да тоқтамай жүре беретін пойыздар үшін әлі де болса кедергілер бар. Ол кедергілер – шекара және кеден бекеттерінде жүкті тексеру және рәсімдеу жұмыстары. Бір бекеттің өзінен 60-қа жуық вагонды тексеріп шығуға 2 тәулікке дейін уақыт кетеді. Халықаралық келісімдердің арқасында енді бұл үдеріс 2-3 сағаттан аспайтын болады.
Міне, осы үшін бізде электронды пойыз тетігі енгізіліп отыр. Бұл дегеніміз құжаттар алдын ала электронды құралдар арқылы тексерілетін жеріне пойыздан бұрын барып тұрады деген сөз. Егер қателер болса, олар түзетіледі. Ал, пойыз келген кезде кеденшілер қайта тексеріп жібере береді. Тексерістің осы түрінің арқасында біздегі рекорд жаңарды. Біз бір жарым сағатта тұтас бір құрамды тексеріп бекеттен өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл үдеріс тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде белең алуда және құрлықтың әрбір елі осыған ынталы. Өйткені, көлік дәлізі бола білу – кез келген ел үшін үлкен пайда әкеледі.
– Жобаны жүзеге асыру үшін елімізде қандай көліктік инфрақұрылымдар қалыптастырылуда?
– Бұл ретте алдымен айтарымыз, «Қазақстан: Жаңа Жібек жолы» жобасы халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық жүйе болмақ. Ол бір нүктеден екінші нүктеге дейін қазақ жері арқылы кез келген жүкті көліктің кез келген тиімді түрімен тасымалдаудың жолын қарастыратын, Еуразия құрлығындағы барлық жүк нөпірін қамтитын жүйеге айналады. Себебі, «Жаңа Жібек жолының» бойында шамамен 3 млрд. адам, яғни әлем халқының жартысына жуығы тұрады.
2015 жылы 2 787 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы аяқталады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ контейнерлік тасымалдаудың жаңа түрін енгізіп отыр. Осының негізінде кесте бойынша шыққан пойыздың уақытын жоспарлауға мүмкіндік беретін технология енгізіледі. Бүгіндері Еуропа–Азия бағытында тұрақты түрде 14 контейнерлік шатл-пойыз жүреді. 2014 жылдан бастап Сиянь – Өзбекстан және Шенжень – Еуропа бағытында тағы екі маршрутты іске қосу көзделіп отыр.
Ал, биыл елімізде теңіз арқылы жүк таситын алғашқы компания құрылады. 2014 жылдың желтоқсан айында Ақтау портын кеңейту жобасы аяқталады.
2014 жылы жалпы ұзындығы 2500 шақырым теміржол желілері салынады. Әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
«Жезқазған–Бейнеу» теміржолы құрылысы жобасын жүзеге асыру, Ақтау портын кеңейту, Карс – Ахалкалаки теміржол телімінің құрылысын аяқтау, Босфор бұғазы арқылы өтетін туннельді пайдалануға беру, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Оңтүстік Еуропа елдерінің аумағы арқылы өтетін көлік дәлізін кеңейту секілді жобалар біздің ел аумағындағы көлік тасқынының артуына елеулі ықпал ететін болады.
Ал, Жаңа Өзен – Қорған теміржол желісімен Қазақстан аумағы арқылы өтетін Қытай, Түркіменстан, Иран және Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын көлік дәлізі Жаңа Жібек жолының стратегиялық буыны болып табылады. Осы көлік дәлізінің қауқары жылына 15 млн. тоннадан астам жүк өткізуге қабілетті болады деп болжанып отыр. Қысқасы, Қазақстанның транзиттік әлеуеті артқан үстіне арта түседі. Тек біріккен компания құрылған соң, одан түскен табыс та біріккен табыс болып қалатынын мойындау керек.
Жоспар бойынша алдағы 7 жылда Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі кемінде 50 млн. тоннаға жетуі керек, яғни 2 есеге артады. Бұл жолдар халықаралық көлік дәлізін дамытып қоймай, Батыс пен Шығысты және Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы бағытты толығымен қамтымақ.
Елімізде көліктік инфрақұрылымдардың және логистикалық активтердің дамуы мен жаңғыртылуына 2020 жылға дейін 60 млрд. АҚШ доллары сомасында инвестиция тартылады.
– Осыдан біраз уақыт қана бұрын Астанада «Жаңа Жібек жолы» тақырыбында халықаралық үлкен форум болып өткені белгілі. Бұл форум жемісті болды ма? Халықаралық қауымдастық қалай қабылдады? Қандай нәтижелерімен ерекшеленді деп айтуымызға болады?
– Форумға Қазақстан, Белоруссия, Әзербайжан, Ресей және Грузия ұлттық теміржол компанияларының, Еуропалық одақ және ТМД жетекші көліктік және логистикалық кәсіпорындарының басшыларынан тұратын 300-ден астам адам қатысты.
Осы форумда сөз сөйлеген Премьер-Министр Серік Ахметов Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағытында халықаралық көлік дәліздерін оңтайландыратын автомобиль және теміржолдардың құрылысы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін ерекше атап өтті.
Қытай мен Еуропа, Орталық Азия мен Кавказ, одан әрі қарай Парсы шығанағындағы елдермен көлік қатынасын жетілдіру мақсатында форумда бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осы құжаттардың арқасында жолмен жол жалғасады. Жаңадан теміржолдар салынады және ең бастысы – қағазбастылыққа қатысты кедергілер барынша азаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар, форум аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Ресей теміржолы» ААҚ және «Беларусь теміржолы» компаниялары арасында Біріккен көлік-логистикалық компания құру бойынша шаралардың жоспар-кестесіне қол қойылды. Бұл компания келер жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылмақ. Үш тарап осы компаниядан үлкен үміт күтіп отыр.
Енді тараптар авиациялық қызметті де жетілдіруді көздеуде. Өйткені, бұл да «Жаңа Жібек жолы» стратегиясының басты тетіктерінің бірі болып саналады. Сондықтан, әр тарап әуежай қызметін басқару жүйесін біріктіру арқылы менеджменттің тиімділігіне қол жеткізбек.
Міне, осындай жұмыстардың негізінде 2030 жылға қарай жолаушылар мен жүк тасымалының көлемі 2012 жылға қарағанда 5-6 есеге көбейеді деген болжам бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».