Біз өтіп бара жатқан жылы мемлекеттік қызметкерлердің жаңа корпусының құрылып, онда әкімдердің алғашқы сынақтар тапсыруын осы кезеңдегі мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең бір есте қалатын жұмыс санап отырмыз. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовпен аз-кем сұхбат құрған едік.
Біз өтіп бара жатқан жылы мемлекеттік қызметкерлердің жаңа корпусының құрылып, онда әкімдердің алғашқы сынақтар тапсыруын осы кезеңдегі мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең бір есте қалатын жұмыс санап отырмыз. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовпен аз-кем сұхбат құрған едік.
– Әлихан Мұхамедияұлы, қазір «мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі» деген ұғым толық қалыптасып болды. Ал осыған барар жол қалай басталып еді?
– Есіңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Мен бүгін жариялаған қағидаларға сәйкес, алдымызда халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұр», деген еді ғой. Бұл біздің тарапымыздан іргелі ізденістер жасалуына жол бастап берді. Сөйтіп, әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінің осы саладағы озық тәжірибелерімен барынша етене таныстық. Көптеген сараптамашылармен пікір алмасулар жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтің қазақстандық жаңа моделі қалыптасты. Ол Мемлекет басшысының 2011 жылғы шілдеде бекіткен Тұжырымдамасы негізінде пайда болып, 2013 жылдан жұмыс істей бастады. Ал 2013 жылы 26 наурызда «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдағы түбегейлі жаңа өзгерістер қолданысқа енгізілді.
Бұған қоса, салада Елбасының 15 Жарлығы жарияланып, Үкімет пен агенттіктің 14 нормативтік құқықтық актілері күшіне енді. Нормативтік құқықтық база жаңа модельдің негізін құраушы қағидаттарға сәйкес құрылды. Онда қоғам алдында есеп беру, транспаренттілік, яки ашықтық және меритократия принциптері алға қойылды. Бұлардың соңғысы қызметке кіру және жоғарылату барысында жеке еңбектері мен жетістіктерін мойындау дегенді білдіреді. Тұтастай алғанда, Қазақстанда өмірге келген мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қазір халықаралық сарапшылар жоғары бағалап отыр. Қадап айтатын нәрсе, осының бәрі Елбасының саяси күш-жігерінің, талапшылдығы мен қағидатшылығының арқасында мүмкін болды.
– Біздің байқауымызда, жаңа модельдің ең бір атап өтетін тұстарының бірі оның кадрларды іріктеу мен жоғарылату кезінде меритократия қағидаттарын басшылыққа алуы болып отыр ғой.
– Дұрыс айтасыз. Жаңа модельге сай, мемлекеттік қызметтің «А» және «Б» корпустарына бөлінетінін өзіңіз де жақсы білесіз. Осыған орай, елімізде алғаш рет заңнама жүзінде мемлекеттік органдарға кадрлар іріктеу конкурсын өткізу кезінде жұмыс жасайтын бақылаушылар мен сарапшылар институты енгізілді. Бақылаушылар үміткерлермен әңгімелесуге қатысып, конкурстық комиссия жұмысымен танысады және оның жұмысы туралы өз пікірін мемлекеттік орган басшылығына айта алады. Бақылаушылар қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктер мен өзге ұйымдардың өкілдері болады. Өткізілген конкурстар, оларға бақылаушылар мен сарапшылардың қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат мемлекеттік органдар жариялайтын хабарландыруда көрсетіледі.
Жалпы, конкурс өткізу кезінде мемлекеттік органдар өздерінің интернет-ресурстарында және жалпыға қолжетімді жерлерде әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімін орналастырады. Өткізілетін конкурс туралы хабарландырудан өзге, мемлекеттік органдар үшін қолда бар барлық бос лауазымдар туралы өздерінің интернет-ресурстарында ақпарат орналастыруға қойылатын талаптар заң жүзінде белгіленді. Конкурстар тестілеу арқылы жүргізіледі. Ол азаматтардың өтініштері бойынша кез келген уақытта, мемлекеттік органдардағы конкурстарға байланыссыз өткізіледі. Азаматтарға жыл ішінде конкурстық іріктеуге қатысу құқығын беретін сертификат беріледі.
– Енді негізгі сұрағымыз – «А» корпусы мәселесіне келейік. Оның аясында әртүрлі деңгейдегі әкімдер биыл алғаш рет сынақ тапсырды.
– Елбасы үстіміздегі жылдың 7 наурыздағы қаулысымен Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке «А» корпусының әкімшілік қызметкерлеріне қойылатын арнайы талаптарды бекітуді тапсырған болатын. Артынша, сәуір айында елімізде тұңғыш рет «А» әкімшілік корпусына талапкерлерді іріктеу үшін байқау жарияланды. «А» корпусының әкімшілік қызметкерлеріне қойылатын арнайы талаптарға білімі мен тәжірибесі, кәсіби деңгейі, заңдарды білу біліктілігі, стратегиялық бағыттағы бағдарламалық құжаттарды меңгеру дәрежесі жатқызылады. Оған кандидаттарды іріктеу 15-26 мамыр аралығында өтті. Тест тапсырғандардың әр күні үштен бірінен астамы құлап жатса, кейбір күндері жартысына жуығы өте алмады.
Тестілеудің бірінші кезеңінен Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарының Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктері-тәртіптік кеңес төрағалары сынақ сынына шыдас бермеді. Облыстық тексеру комиссияларының бірқатар басшылары да кәсіби деңгейлерінің төмендігін дәлелдеді. Мұнда тест қорытындысы бойынша пайызға шаққанда бірде-бір әкімі құламаған Алматы қаласы, 17 әкімі бар Оңтүстік Қазақстан облысы және 1 ғана әкімі сүрінген Қызылорда облысы басшыларының сауаттылығы озық көрінді. Ал 9 әкімінің жартысынан астамы – 5 әкімі құлаған Жамбыл облысы, 7 әкімі құлаған Қостанай облысы, 6 әкімі сынақтан өте алмаған Алматы облысы, әрқайсысында 5 әкімнен құлаған Батыс Қазақстан облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы осы бәсекенің жүгін көтере алмағандар қатарынан табылды.
Жалпы, алғашқы сынақта лауазымдары «А» корпусына өткен мемлекеттік қызметшілер қатарынан 511 адам осы корпусқа іріктеуге қатысу үшін құжаттарын тапсырды. Олардың ішінен 155 кандидат, яғни 30 пайыздық мөлшері шекті белдеуден шықпады. Ал осыларды қызметтік дәрежелері бойынша бөліп айтсақ, олардың арасында 17 жауапты хатшының біреуі, 14 облыс әкімі аппарат басшыларының 2-уі, 41 комитет төрағаларының 8-і, 75 тексеру комиссиялары төрағалары мен мүшелерінен 20-сы, 191 қалалар мен аудандар әкімдерінен – 54, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің – 16, тәртіптік кеңестердің 2 мемлекеттік қызметшісі болды.
Іс мұнымен біткен жоқ. Осы аралықта мемлекеттік қызметті реформалаудың теңдессіз қадамы – Елбасының шешімімен саяси мемлекеттік лауазымдардың саны 8 есеге қысқарды. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметінің кадр резерві құрылып, жұмыс жасай бастады. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты кадр саясатын іске асыру мақсатында Президент жанынан кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.
Ал конкурсқа қатысу үшін барлығы 2024 үміткер құжат тапсырды. Қазірге дейін олардың 940-ы кадр резервіне қабылданды. Корпус жалпы 539 лауазымды қамтитын болып белгіленді. Жаңа конкурстың қорытындысында кадрлар резервіне іріктелген және олардан резервшілерді тағайындалған соң «А» корпусы 30 пайызға дейін жаңартылды. Бұл ретте осы 160 адамның «А» корпусы лауазымдарына тағайындалғанға дейін мемлекеттік қызметте болмағанын да атап өтуіміз керек.
«Әлеуметтік лифт» тетігі жұмыс істей бастады десе де болады. Кадрлардың «жасаруы», сонымен қатар, басқарушылық лауазымдарда гендерлік сипаттың сақталуы байқалады. Егер саяси мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 47,7 жас болса, басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы «А» корпусына іріктеуге дейін 45,7 жасты, іріктеуден кейін 44,7 жасты құрады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».