Биыл қазақстандық археология үшін табысты жыл болды. Еліміздің шығысында отандық ғылымда сенсациялық жаңалыққа баланған Сақ ханшайымы жерленген қорған табылды. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы аумағында жүргізілген қазба жұмыстары ел мен жер тарихын тағы да құнды деректермен байыта түсті.
Биыл қазақстандық археология үшін табысты жыл болды. Еліміздің шығысында отандық ғылымда сенсациялық жаңалыққа баланған Сақ ханшайымы жерленген қорған табылды. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы аумағында жүргізілген қазба жұмыстары ел мен жер тарихын тағы да құнды деректермен байыта түсті.
Әлбетте, әр жерді түртіп қалсаң тарих тіл қатады. Бірақ оны ғылыми түрде дәйектеу, дәлелдеу қажет. Қатпарлы тарих қойнауы оңайлықпен сыр ашпайды. Үржар өңірі де тамыры тереңде жатқан тарихи жер. Сақ ханшайымы табылған Алтыншоқы ауылдық округінің атауына зер салсаңыз, жер атауының да тегін емес екенін байқайсыз. Алтынды төбе дегенді білдіреді. Алтыншоқыға қарасты Лайбұлақ және Жаңатілек ауылдарының ортасындағы оба 2011 жылдың күзінде жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде белгілі болған еді. Өйткені, Таскескен – Бақты тасжолын жөндеу жұмыстары кезінде тас үйіндісімен жабылған қорған алғаш рет көзге түскен болатын.
Бір жарым жыл өткен соң жол жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты Әлкей Марғұлан атындағы Археология және этнография институты аталған тас қорымға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарына көмектесуге Павлодар мен Семейден жоғары оқу орындарының студенттері келді.
Қорғанның сыртқы келбетінің өзі белгілі ақсүйек әулетінің өкілі жерленгенін аңғартып, тұрмыстық құралдар мен зергерлік бұйымдар жатқанынан хабар беріп тұрғандай еді. Түйсігіміз алдамапты. Тас саркофагты аршу барысында 1,7 метр тереңдікте ауыр гранит текшетастардың астында б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әулеттен шыққан әйел, оның алтын сырғасы мен құрбандық шалуға арналған тастан жасалған орын табылды. Бұл сол кездегі жерлеу дәстүрінің атрибуттары болып табылады.
Қаңқа сүйектерде жасыл және көк түсті матаның қалдықтары сақталған. Обаның жанынан құрбандыққа шалынған қойдың сүйектері мен керамикалық және ағаш ыдыстар табылды. Және аталған дүниелер осы күнге жақсы сақталып жетіп отыр. Әрине, ең басты құндылық – шошақ келген алтын бас киім. Бұл бас киім өсімдік әліптес өрнектермен және зооморфты айшықтар – қиял-ғажайып жануарлардың суреттерімен әдіптелген. Ою-өрнектері мен пошымы қазақтың сәукелесі мен бөрігін еске түсіреді. Мұндай үлгідегі бас киімдер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киімдерінің бірі болған. Сондықтан, ол Тигрохауд сақтары көсемінің қызы болуы да ғажап емес.
Осыған орай тілшілер қауымы археологиялық олжаны бірден «Үржар ханшайымы» атандырып жіберді. Ханшайымның қасында ересек адамның қаңқасы табылды. Ол құрбандық шалу кезінде қожайынымен бірге ана дүниеге жіберілген құл немесе күң болуы мүмкін. Яғни, сол заманның қатаң ғұрыптарының құрбаны. Басы мен оң қолы жоқ қызметшінің сүйегі жерленген орын алшақтау жерде таспен қабатталып қойылыпты.
Дәл осындай археологиялық олжа осыдан 44 жыл бұрын Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған еді. Бір қызығы сол, «Алтын адамның» жерленген кезеңі де Үржар ханшайымының жерленген уақытымен дәлме-дәл келеді.
Бұл – өте бірегей, сирек кездесетін олжа болғандықтан, обаның аршу жұмыстарын мұртын бұзбай, жіті жүргізу керек болды. Себебі, оны ғылым үшін және мұражай қорына қосылатын жәдігер ретінде сақтау идеясы ойға келген еді. Осы мақсатта Қырым Алтынбеков бастаған реставраторлар тобы құрылды. Ол бұрын Берел қорғандарында жұмыс істеген кәнігі маман болатын. Бір жарым апта бойы реставраторлар мүрдені белгілеу, тиянақтау жұмыстарымен шұғылданды. Монолитті блоктан айырып алуға арналған арнайы құрылым әзірленді. Алайда, шұңқырдың қабырғалары қайта-қайта құлаумен болды. Ханшайым төменде жатқан еді, сондықтан топырақты бекіту өте қиынға соқты. Дене еңбегін жеңілдету үшін көтергіш кран жұмысын қолдануға тура келді. Алайда, бір тоннадан аса салмақ тартқан монолитті саркофагты тасымалдау мәселесінде тағы қиындық туды. Өйткені, өте осал, морт бөлінуі мүмкін болатын. Бірақ біз ойымыздан қайтқан жоқпыз. Өйткені, ханшайым қалай жерленген болса, сол күйі бұзбай зертханаға жеткізу керек болды.
Алматының реставрациялық зертханасында оны әрі қарай аршу, тазалау жұмыстары жалғасты. Осы орайда топырақтың ішіндегі дүниені мұқият көру үшін рентген мен басқа да техникалық мүмкіндіктер қолданылды. Бұл жерде біз саркофагты ашпай-ақ қандай сүйек жатқанын анықтауға тырыстық. Қазіргі кезде «үржарлық ханшайыммен» антропологтар жұмыс істеп жатыр. Жуырда олар оның жас мөлшерін анықтайтын болады.
Бүгінде Үржар экспедициясының қызметкерлері өз жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр. Аудан көлемінде тағы да қызғылықты археологиялық ескерткіштер – жартасқа салынған суреттер, аршылмаған қорғандар, тас мүсіндер бар. Ал, ханшайымға келер болсақ, археологиялық олжа бұдан әрі мемлекеттік мұражайда өзінің лайықты орнына жайғасатын болады. Оқушылар, студенттер, кәсіби зерттеушілер мен тарихқа қызығушылық танытқан қалың бұқараның көзайымына айналады.
Амантай ИСИН,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік
Университетінің профессоры, Үржар археологиялық
экспедициясының ғылыми қызметкері.
Шығыс Қазақстан облысы.