2013 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Қазақстандық қоғам бұл сайлауды өтіп бара жатқан жылдағы саяси оқиғалардың бірі деп қабылдады. Осыған байланысты біз Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.СҮЛЕЙМЕНМЕН әңгімелескен едік.
2013 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Қазақстандық қоғам бұл сайлауды өтіп бара жатқан жылдағы саяси оқиғалардың бірі деп қабылдады. Осыған байланысты біз Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.СҮЛЕЙМЕНМЕН әңгімелескен едік.
– Ләззат Жаңылысқызы, көпшілік оқырманды әкімдер сайлауының ерекшеліктері қызықтыратын секілді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер сайлауының қорытындысы бойынша өзінің Үндеуінде барлық әкімдерді лауазымға сайлануымен құттықтай отырып: «Сіздер – біздің тарихымызда тұңғыш сайланған әкімдерсіздер. Алда сіздерді барлық қалалардың, ауылдардың, селолар мен селолық округтердің игілігі үшін, біздің бүкіл халқымыздың игілігі үшін жауапты жұмыстардың 4 жылы күтіп тұр. Сіздердің еңбектеріңізге тек сіздердің жерлестеріңіздің ғана әл-ауқаты байланысты емес. Бұдан кейін сайланатын барлық әкімдер жұмысының жаңа сапасына жоғары өлшемдер белгілеу де сіздердің күш-жігерлеріңізге байланысты. Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерден дәл осыны күтемін! Сіздерден біздің бүкіл халқымыз осыны күтеді!», деген еді.
Мемлекет басшысының бұл пікірі ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізудің маңызын айқын көрсетіп отыр. Өйткені, халықпен тікелей жұмыс істейтін әкімдердің сайланбалылығын енгізудің басты мақсаты – ауылдағы ахуалды жақсарту және жергілікті жерде мемлекеттік қызметтің орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту.
Иә, ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу – қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған тағы бір нақты қадам. Егер Орталық сайлау комиссиясы 1999-2006 жылдары әртүрлі деңгейдегі әкімдерді сайлауды эксперимент түрінде өткізіп, тәжірибе жинақтаған болса, 2013 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлау толыққанды енгізілді. Яғни, бұдан бұрын ауыл әкімдерін аудан әкімдері өз қалауынша тағайындаған болса, енді еліміздегі барлық ауылдық округтерде әкімдер жанама сайлау құқығы негізінде сайланды. Бұл жерде халықтың пікірі де ескерілді, аудан әкімдері үміткерлерді жергілікті қауымдастықтармен келісе отырып ұсынды. Мысалға айта кетсек, аудан әкімдері ауыл әкімдеріне кандидаттарды ұсыну барысында жергілікті жерлерде халықпен 2500-ге тарта кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде ауыл азаматтары әкімдікке үміткерлер туралы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Ал сайлаудың негізгі ерекшеліктеріне келетін болсақ, ең алдымен ауылдық округтің әкіміне қойылатын нақты талаптардың алғаш рет айқындалуын айтар едім. Бұл талаптар ауыл әкімінің кәсіби деңгейін қамтамасыз ететін бірден-бір негіз болып табылады. Атап айтатын болсақ, үміткердің Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жасы 25-ке толуы, белсенді сайлау құқығына ие болуы, жоғары білімінің болуы, тиісті аумақта тұруы, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сайлау туралы» заңдардың талаптарына сай болуы. Осылайша, әкімдерге жоғары талаптар қойылды, ол дұрыс та болды. Мәселен, сайлауға дейін еліміздегі 100-ден астам ауыл әкімдерінің білімі орташа болғаны анықталды.
– Жақсы. Сайлау ойдағыдай өтті. Енді алдағы уақытта халық сайлаған әкімдер ел сенімінен қалай шығады деген сауал бар.
– Ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Олардың 47-сі аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері, 2101-і ауылдық округтің әкімдері, 119-ы кенттер әкімдері және 190-ы ауыл әкімдері, бұл Қазақстан Республикасы бойынша барлық әкімдердің жалпы санының 91,5%-ын құрайды. Сайланған әкімдердің ел сенімінен қалай шығады, деген сауалыңызға орай, біржақты жауап беру қиын. Өйткені, ең алдымен оған уақыт төреші болмақ. Сайланған азаматтарға өз әлеуетін көрсетіп, лауазымдық міндеттерін табысты шеше алатындығын дәлелдеу үшін 4 жыл өкілеттік мерзім беріліп отыр.
Мен жақында Қазақстан Республикасы Әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның шақыруымен еліміздің бірнеше облысында тамызда сайланған әйел әкімдермен кездесіп, пікірлерін естуге мүмкіндік алдым. Айта кету керек, республика бойынша 280 әйел ауылдық округ әкімі лауазымына сайланған болатын. Бұл кездесулерде әйел әкімдердің Елбасының саясатын жақсы түсінетіндіктерін, ауыл проблемаларын шешуге белсеніп кіріскендерін, бір-бірімен тәжірибе алмасып, жақсы істерге бастамашы болуға талпыныстарын көрдім. Сайланған әкімдердің ең алдымен ел сенімінен шығуы үшін мемлекет тарапынан да қомақты қолдау көрсетіліп жатыр.
– Жергілікті әкімдерді сайлау ережесін дайындағанда халықаралық тәжірибе еске алынды ма?
– Қазақстандық сарапшылар Еуропа мен Солтүстік Америка, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, ГФР сияқты «ескі демократиялы» 37 елде жергілікті басқару және өзін өзі басқару органдарын қалыптастырудың құқықтық негіздері мен тәжірибесін талдаған болатын. Осы талдаудың жалпы қорытындылары мынадай болып шықты. Жергілікті әкімшілік басшыларын тағайындау 11 елде: Бельгияда, Босния және Герцеговинада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Нидерландта, Ресейдің біршама субъектілерінде, АҚШ штаттарының көпшілігінде, Швейцария мен Финляндия кантондарының бірқатарында қолданылады.
Төте сайлау 18 елде: Австрияның кейбір жерлерінде, Албанияда, Болгарияда, Венгрияда, Грекияда, Испанияда, Италияда, Канаданың бірқатар провинцияларында, Македонияда, Молдовада, Польшада, Румынияда, АҚШ-тың кейбір штаттарында, Украинада, ГФР-дің кейбір жерлерінде, Швейцарияның бірқатар кантондарында қолданылады.
Жергілікті кеңестердің басшылары мен мэрлерді жергілікті кеңестер және муниципалитеттердің жанама сайлауы 19 елде: Австрияның кейбір жерлерінде, Данияда, Канаданың кейбір провинцияларында, Испанияда, Латвияда, Литвада, Мальтада, Норвегияда, Португалияда, Сербияда, АҚШ-тың бірқатар штаттарында, ГФР-дің бірқатар жерлерінде, Францияда, Хорватияда, Чехияда, Эстонияда қолданылады. Бұл ретте сайлауды жергілікті (оларда «муниципалдық» деп аталады) кеңестер арқылы сайлау комиссияларының қатысуынсыз ашық немесе жасырын дауыс беру немесе келісіп бекіту жолымен өткізеді.
Осыған байланысты, демократиялық дамыған мемлекеттерде жергілікті атқарушы органдардың басшылары лауазымына орналастыру тәсілін айқындауға деген көзқарас әрқилы, негізінен практикалық сипатқа ие деген қорытынды жасалды.
Аталған елдерде жергілікті атқарушы органдардың басшыларын сайлау – осы лауазымға кәсіби менеджерлерді орналастыру құралы. Менеджерлердің негізгі функциясы – жекелеген әкімшілік-аумақтық немесе жергілікті елді мекенде халықтың тарапынан қоғамдық бақылау арқылы сапалы басқару. Әкім (менеджер) сапалы басқара алса, қызметін жалғастырады, басқара алмаса, басқа адам сайланады. Біздің елдегі ауыл әкімдерін сайлау тәртібі де осы мақсаттарға негізделген.
– Ләззат Жаңылысқызы, ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында сіздің «Құрмет» орденінің иегері атанғаныңызды естідік. Бұдан бұлайғы еңбегіңізге де толайым табыстар тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».