Аймақтар • 01 Наурыз, 2021

Көпбалалы ана белгісіз кәсіпкерге алғыс айтады

524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірер ай бұрын «Егеменнің» Алматы облысындағы тілшілер қосынына Көксу ауданы, Балпық би кентінің тұрғыны, көп балалы ана Гүлзира Солтанғазиева хабарласқан еді. Біз оқырманның өтінішіне Алғыс айту күніне орай қайта оралуды ұйғардық. Өйткені, отағасымен бірге 8 бала туып, тәрбиелеп отырған Гүлзира газет арқылы қайырымдылық жасаған белгісіз кәсіпкерге өзінің жүрекжарды алғысын жеткізгісі келеді екен.

Көпбалалы ана белгісіз кәсіпкерге алғыс айтады

- Бұл қуанышты оқиға 2019 жылы болды. Отбасымызға Балпық би кентінен кең үй бұйырды. Біз оған дейін пәтер жалдап келгенбіз. Үй мәселесінен аудан әкімдігі хабардар болатын. Көп балалы әулет ретінде қамқорлық пен көмектен құр қалмасақ та, баспанаға қол жеткізу арман еді. Осы жылы елімізде көп балалы отбасылардың жағдайы жиі сөз болып, билік те, қалталы азаматтар да көмек қолын соза бастады. Бір күні аудан әкімдігінен хабарласып, жақында баспаналы болатынмызды айтты. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, уәделі күнді күттік. Мерейлі сәт келгенде бізді азаматтар Балпық би ауылының Қазыбек би көшесіне алып келіп, «Мына үй енді сіздердікі...» деді. Кішігірім шара жасады. Әуелі бұлай жылдам боларына сенбей, бір күліп, бір жылап жүрміз. Үй 5 бөлмелі, ауласы кең, жеміс бағы мен бақшасы да бар екен. Әкімдік өкілдері осы кең сарайдай үйді бізге сатып алып берген жеке кәсіпкер екенін және ол кісі өзінің аты-жөнін құпия қалдыруды өтінгенін айтқанда көз жасыма ерік бердім. Өмірде қаншама қайырымды жандардың барын білсем де, дәл мұндай жомарттықты күтпеген едік. Қазір 8 баламызбен сол бір қайырымды жан сыйлаған үйде тұрып жатырмыз. «Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмесін» деген сөз бар ғой, біздің қамқоршымыз осыны берік ұстанатын парасатты адам болса керек. Біз ол кісінің жақсылығын ұмытпаймыз, үнемі дұға-тілегімізге қосып отырамыз. Аты-жөнін анықтауға да әрекет етпедәік. Өйткені, қайырымды жан мұны қаламаса керек. Ал биыл, араға бірер жыл салып сіздердің газет арқылы ойымды жұршылықпен бөліскім келді. Жер бетінде жақы адамддардың бар екенін, олар қиын кезде көмек қолын созатынына сенеміз. Сондай жүрегі кең азаматтрадың бәріне мың алғыс - дейді көп балалы ана Гүлзира Солтанғазиева.

Жалпы, Алматы облысында мұқтаж жандарды, оның ішінде көп балалы әулеттерді тұрғын үймен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл ізігі бағыттағы іске кәсіпкерлер де үлкен үлес қосып келеді.  Мысалы, былтыр 1258 көпбаалы отбасы баспаналы болса, оның ішіндегі 180 үйді аймақтағы мецанаттар сыйға тартқан екен. Ал бұл игі дәстүр біздің кейіпкеріміз тұратын Көксу ауданында биыл да жалғасыпты.  

- Карантин кезінде  ауданда тұратын мұқтаж адамдарға 12 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмегі көрсетілді. Мұның ішінде көп балалы отбасылар да бар. Аудан бойынша  олардың саны – 1103. Бұл әулеттердің жағдайы біздің назарымыздан тыс қалған емес. Баспанасыздарды үй кезегіне қою мен демеушілердің көмегінмен үйлі болу қол жеткізуіне ықпал жасай береміз. Жақында мемлекеттік бағдарлама арқылы Мұқаншы ауылындағы көпбалалы отбасы баспаналы болды. Мұнан бөлек, осы қыс мерзімінде ауданда демеушілердің қаржысына 41 аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 500 мың теңгеге азық-түлік беріліп, 40 отбасыға 550 мың теңгеге отын түсірілді, - дейді аудан әкімі Алмас Әділ.

Айтпақшы, мұқтаж жандарға көмек, оның ішінде қысқы маусымға дайындық барысы бойынша облыстың барлық өңірінде қайырымдылық шарасы белсенді түрде жүріпті. Бұл шараға бюджеттен 46 млн теңге жұмсалса, демеушілер бірігіп  272,4 млн теңге жинаған. Нәтижесінде Жетісуда бір айда 18 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілген екен.