Онлайн форматта өрбіген іс-шарада шығармашыл жастардың «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деп аталған сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ даласының көркем табиғаты, қала өмірі, мемлекеттік нышандар кейіптелген картиналарда жас суретшілер өсіп-өнген өлкесіне деген сүйіспеншілігін паш еткен. Алматының кең даңғылдары, Алатау баурайындағы әсем алмабақ олардың қиялына қанат бітіргендей.
«Алғыс айту күні – азаматтардың өз еліне, өз жеріне, өзінің кіші отанына, алғыс айту мерекесі. Бұл мереке жастарға этностардың алдында қандай қиындықтар болғанын, тағдыр сынына ұшыраған халықтарға қазақ елі қалай құшақ ашқанын зерделеп жеткізетін күн. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында жастарымыз шығармашылықпен еркін айналысып, өз армандарына қол созып жүр. Мұның бәрі Тәуелсіздік пен ынтымақтың жемісі»,-дейді Алматы қаласы күрдтер қауымдастығының «Барбанг» этномәдени орталығының экс-төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вакиль Набиев.
Қоғам дамуы үшін халық бірлігінің маңыздылығын атап өткен дөңгелек үстел қатысушылары, тарих беттеріне үңіліп өткенге салауат, қазақ халқына алғыс айтты.
«Бұл мерекенің негізі мен тамырын отызыншы, қырқыншы және елуінші жылдары аталарымыз бен аналарымыз салған. Көптеген экономикалық, моральдық және тұрмыстық проблемалар туындаған қиын кезеңде біздің әкелеріміз бен аталарымыз бір-біріне көмектесу үшін барлық күш-жігерін біріктірді. Нәтижесінде біз дамыған, жас мемлекеттің кірпіші болып қаландық. Осы жылдар ішінде Қазақстан түрлі ұлттар мен ұлыстардың достық университетіне айналды», дейді Қазақстанның гректер қоғамының «Филия» ЗТҚ қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди.