Жас сарбаздар әскери борышын ҚР ҰҚК Шекара қызметінде, Қарулы Күштер қатарында, ІІМ Ұлттық ұланы мен Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімдер және Мемлекеттік Күзет қызметтерінде өтейтін болады.
–Барлық аудандық, қалалық шақыру және облыстық жиын пункті көктемгі мерзімді әскери шақыруға толық дайын. Медициналық комиссиялар тиісті білікті дәрігер мамандармен және медициналық құралдармен толық қамтылған. Алтыншы наурызда Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 19 азаматты жіберетін боламыз, - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.
Департамент бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының бастығы Дмитрий Жерегя барлық санитарлық талап қатаң сақталатынын атап өтті. Әскерге шақырылушылардан міндетті түрде әскери бөлімдерде, арнайы пункттерде ПТР-талдамасы алынады. Ал шақырылушыларға екпе жүргізу келген әскери бөлімде, яғни, қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне дейін барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жалғасады.
Әскери бөлімдерге елімізді қорғауға қабілетті, денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар аттанады.