Қоғам • 02 Наурыз, 2021

Ұлттық бірлік пен келісім – баға жетпес құндылық

500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі өтті.

Ұлттық бірлік пен келісім –  баға жетпес құндылық

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары З.Кузиев пен М.Бекбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қанатының өкілдері және т.б. қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қаты­сушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент – Елбасы белгілеген Алғыс айту күні­нің 5 жылдығының біріктіруші маңы­зын, қазақстандық құндылықтар – ұлт­тық бірлік пен келісімді, қоғамдық ынты­мақтастық пен өзара қолдауды, достық дәстүрлерін жаңа ұрпаққа жеткізуді бейнелейтінін сөз етті.

Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күнін ерекше ма­ғынаға бөлейтінімізді баса айтты. «Біз тәуелсіз Қазақстанның құры­луы мен дамуының бастауында бол­ған адам­дарға үлкен алғысымызды біл­дір­гіміз келеді. Ең алдымен, біз ата-баба­лары­мыздың азаттық пен егемендік туралы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асыр­ғаны үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа терең алғысымызды білдіруіміз керек», деді.

Қ.Көшербаев заманауи сын-қатер­лерге бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы жағдайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, мысалы біздің қоғамды рухани жаң­ғыртудың маңызды бағыты саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстарды аяқтау болуы керек. «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халық үшін қазақ жері нағыз баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әділетсіз сотталғандардың адал есімін қайтару – міне, біз өзімізге ризашылық білдіретін ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек. Бұл сондай-ақ ашаршылықтың қайғылы салдарына, «Алаш» қозғалысының жетекшілерін жоюға, көптеген шынайы патриоттың тағдырына, халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты», деді ол.

Сөз соңында Мемлекеттік хатшы қазақстандықтарға әрқайсының игілігі мен еліміздің өркендеуі жолындағы күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық мара­фо­ны­ның тұ­сау­кесері өтіп, түрлі сала мен аза­­­мат­тық қоғам, этномәдени бір­лес­тік­тер­дің өкілдері мен студенттер сөз сөйледі.

 

* * *

Республика Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлы­ғымен Қазақстанда Алғыс айту күні бел­гіленді.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында «қазіргі Қазақстанды мекендеген этностық топтардың ортақ тарихи тағдыры халықтың ділінде, оның өмірлік көзқарастары мен ұмтылыстарында жағымды көрініс тауып, барлық этносқа ортақ құндылықтар мен идеалдарды қалыптастырғанын» атап өтті.

Көп этносты Қазақстан халқының қа­лып­тасу тарихын аша отырып, Елбасы Алғыс айту күні туралы: «Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы құрыл­ған күн –
1 нау­рызды жыл сайын бар­лық этнос­тың бір-біріне мейірбан­дық таны­тып, адамдарды өз туға­нындай қа­былдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділет­ті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жа­қындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандық­тың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», деген ұсыныс жасаған болатын.