Сонымен, жер-жаһанды тегін интернетпен қамтамасыз етіп, Марсты мекендеуді армандап жүрген Масктің сөзіне сүйенсек, нағыз көшбасшы атануға MBA бағдарламасын оқу жеткіліксіз.
«Лидерлікке жету жолы MBA бағдарламасын оқуға қатысты болмауы қажет. Көшбасшы атану үшін қарапайым қызметтің дәмін татып, пайдалы нәрсе жасай отырып, оған еңбек сіңіру қажет. Беделді MBA бағдарламасын тәмамдаған көптеген түлек ештеңені білместен, бірден басшылық қызметке жайғасады. Олар, бәлкім, PowerPoint-та жақсы таныстырылым жасап, жақсы сөйлей алуы мүмкін. Бірақ ненің, қалай жұмыс істейтінін білмейді. Олар басшы лауазымына төменнен бастап көтерілудің орнына, парашютпен секіріп түскендей отыра қалады. Олар ненің қажет екенін, жақсы өнімді қалай жасау керектігін білмейді», деді И.Маск.
Көшбасшылық, басқарушылық туралы бір білсе, Илон Маск біледі. Ол Tesla, SpaceX компанияларының негізін қалаған. Бүгінде аталған компаниялар өз саласының үздігі атанып отыр. Tesla электркөліктерді шығаруда алдыңғы қатарда тұр. Мәселен, бүгінге дейін компания осындай 1,5 млн-нан астам автомашинаның кілтін жаңа иесіне табыстаған. Бүгінде Tesla әлемдегі ең қымбат бренд саналады.
SpaceX – ғарыш саласына тың серпін әкелді. Компанияның зымыран тасығыштары – қазіргі таңда ең үздіктердің бірі. Мәселен, Falcon ракеталары басқаларға қарағанда анағұрлым арзан әрі ғарышқа ауыр жүктерді жеткізуге мүмкіндігі мол. Бұдан бөлек, Space X шартарапты тегін интернетпен қамтамасыз етпек.
Илон Масктің екі бірдей MBA дәрежесі бар. Ол Уортон бизнес мектебі мен Пенсильвания университетін үздік тәмамдаған. Яғни экономика және физика бағытында білім алған. Сондай-ақ біраз уақыт университетте қызмет еткен. Қысқасы, басқарушылықты да, көшбасшылықты да, MBA-ны да бес саусағындай біледі десек, қателеспейміз. Бұл, біріншіден.
Екіншіден, орасан жетістіктерге жеткен, нағыз көшбасшылықтың үлгісін көрсеткендердің өмірбаянына үңілсек, Илон Масктің сөзінің жаны бар екеніне көзіміз жете түседі. Мәселен, әлемнің ең бай адамдарының бірі Джеф Безос еңбек жолын Exxon компаниясында инженер ретінде бастаған. Тіпті колледжде оқып жүргенде МакДональдс тамақтану желісінде уақытша аспаз болып жұмыс істеген екен. Университетті тәмамдаған соң, Fitel компаниясында қарапайым қызметкер ретінде жұмысқа орналасады. Түрлі жұмыстарды істеп жүріп, өзінің таланты мен біліктілігінің арқасында ол D.E.Shaw&Co компаниясының вице-президенті атанады. Кейінірек Amazon компаниясының негізін қалады.
Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың ең алғашқы жұмысы техник болған. IT саласының тағы бір кентавры Билл Гейтс те бала кезден компьютерге қызығып өскен. Ол жасөспірім шағында-ақ әйгілі Microsoft Windows жүйесінің іргетасын қалаған екен.
Ұлыбританияның патшайымы Елизавета II де бірден таққа жайғаса салған жоқ. Ол жастық шағында санитарлық автокөліктің механик-жүргізушісі болып тер төкті. Содан бері Тұманды Альбиондағы король әулетінің бүкіл мүшесі еңбек жолын қарапайым қызметтен бастайды. Мәселен, ханзада Гарри 2007 жылы қақтығыс қызып тұрған Ауғанстанда әскери борышын өтеп келді.
Бұған мысал біздің елде де жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын 1960 жылы «Казметаллургстрой» трестінің құрылыс басқармасында бастағаны белгілі. Қарағанды металлургия зауытының домна пештерінде шыңдалып, кейін Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атанды, елімізді әлемге танытып, ең бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарына қосты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қарапайым қызметтің дәмін татты. Ол КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кіріп, Сингапур Республикасындағы елшілікте еңбек етті.
Қорыта айтқанда, көшбасшылықты меңгеру, лауазымды қызмет атқару үшін жоғары білім жеткіліксіз. Оған қоса, тәжірибе де керек. Ендеше, MBA оқып келіп, орынтаққа жайғасқандарға қарағанда, еңбек жолын төменнен бастағандардың түбінде асығы алшысынан түсетіні анық.