Қоғам • 02 Наурыз, 2021

Туберкулез – жазылатын дерт

1351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Емі табылғанша талай адамның түбіне жеткен бұл ауру – туберкулез микобактериясы адам ағзасына түскеннен пайда болатыны белгілі. Бұл – жұқпалы және өте қауіпті кесел. Басқа инфекцияларға қарағанда, ол созылмалы болғандықтан, сақтандыру шаралары жолға қойылмаса, жұқтырған адамдар саны біртіндеп көбейе береді.

Туберкулез – жазылатын дерт

Сырқаттылық белгілері бірден пай­да болмайды: жұққаннан бастап, ауру белгілеріне дейін бірнеше ай, жылға созылуы мүмкін. Туберкулез қоздырғышын 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох ашқанын еске сала кету керек. Негізгі таратушы – туберкулезбен ауырған адам, оның қақырығы. Туберкулезбен ауыратын жануарлар, әсіресе ірі қара малдар. Туберкулез ауа-тамшылары арқылы жұғады: қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде бірнеше кішкентай бөлшектері ауаға бөлінеді, ол жылына 10-15 адамды жұқтыруы мүмкін. Ауа-шаңмен жұғады: шаңмен бірге туберкулез микобактериясы өкпеге түсіп, сау адам ауырып қалуы мүмкін. Алиментарлы жолмен: көбінесе туберкулезбен ірі қара малдар ауырады. Шошқа, ит, тауық, қой және жылқы си­рек ауырады. Адамға ауру малдың сүті­нен жұғады.

Туберкулез барлық адамға жұға бермейді, тек негізінен ішінде им­мунитеті төмендеген, әлсіз адам­дар­дың ауырып қалу қаупі жоғары. Қазіргі таңда бұл кеселдің алдын алу шараларын сақтаған дұрыс. Туберкулез таяқшасы, әсiресе, өкпе туберкулезiнiң жұқпалы (ашық) түрiмен ауырған адамның қақырығында көп болады. Алайда, туберкулездiң жабық түрiмен ауыратын науқас фтизиатр дәрiгердiң бақылауында болуы керек. Өйткенi ол сәл ауырып, көңiл күйi нашарласа, тәннiң инфекцияға қарсыласуы әлсiреп, туберкулездiң белең алуы ықтимал. Көп жағдайда туберкулезбен халық арасында әлсіз адамдар ауырады. Олардың денін білімі төмен, жұмыс істемейтін, бірақ жұмысқа қабілетті 18 бен 45 аралығындағы жастар мен жасамыстар құрайды. Туберкулездің белгілері: салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауыру сезімі, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі.

Туберкулез ауруының белгілері бай­қалған жағдайда дереу жақын маң­дағы емханаға немесе аурухана дәрігерлеріне қаралып, қақырық ана­лизін, туберкулез таяқшаларын анықтау сараптамаларын жүргізу және өкпесіне рентген жасау қажет. Қажетті фтизиатр мамандардың кеңесін алып, диагноз дәлелденсе, қажетті схемалар бойынша емделіп, ал туберкулезге күмән болса, диспансерлік «О» топта қаралып, тексерілуден кейін, ол адамға қажетті қорытынды берілуі тиіс.

Қазіргі кезеңде мемлекеттік бағдар­ла­маны орындауда туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу, қажетті құралдар, дәрілік заттарды сатып алу, азаматтық және пенитенциарлы секторлар мамандарын оқыту жұмыстарын жүргізу шаралары жолға қойылған. Мемлекетімізде туберкулезге қарсы қолға алынған жұмыстар нәтижелі деуге болады. Эпидемиялық жағдай тұрақталған. Соңғы жылдары азаматтар арасында туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді. Туберкулезді тежеп, асқындырмай анықтау үшін оған күмән туғызған адам­дарды жедел әдіспен (G-Xpert) тексеруді қамтамасыз ету, қауіп-қатер то­бындағыларды флюорадан өткізу, жұқ­палы науқастарды және олармен қарым-қатынаста болған балаларын толық оқшауландыру, санаториялық жағ­дай­да ауырып жазылған науқастарды оңалту, туберкулез инфекциясының резервуарын азайту үшін созылмалы науқастарға инфекциялық бақылауды сақтай отырып, хоспис құру жұмыстарын жалғастыру керек әрі бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Ал сырқат адам әрқашан дәрiгердiң барлық ұсынысын бұлжытпай орындап, емделгенi жөн. Дер кезiнде байқалса, туберкулезден тез айығып кетуге болады. Дәрі-дәрмектерді өз уақытында қабылдаған науқастардың айығып кету мүмкіндігі зор.

Туберкулездің емі ақысыз жүр­гіз­і­ле­ді. Ең бастысы,туберкулез – жазыла­тын ауру.

 

Гүлжауһар Сағынтаева,

 Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бөлім басшысы