Тарих • 02 Наурыз, 2021

Мәулен Әшімбаев: Ұлтқа адал еңбек етудің озық үлгісін көрсеткен текті азаматтардың бірі - Өмірбек Жолдасбеков

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, академик, техника ғылымдарының докторы Өмірбек Жолдасбеков екені даусыз. Күні кеше біртуар тұлғаның туғанына 90 жыл толды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәулен Әшімбаев: Ұлтқа адал еңбек етудің озық үлгісін көрсеткен текті азаматтардың бірі  - Өмірбек Жолдасбеков

Қазақта ұлтқа адал еңбек етудің озық үлгісін көрсеткен текті азаматтар аз емес. Солардың бірі де бірегейі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, академик, техника ғылымдарының докторы Өмірбек Жолдасбеков екені даусыз. Күні кеше біртуар тұлғаның туғанына 90 жыл толды.

Жалпы, Өмірбек Жолдасбеков десе, ең алдымен, еске еліміздегі көптеген азамат білім алған қара шаңырақ қазіргі Қазақ Ұлттық университеті, бұрынғы КазГУ түседі. Өйткені Өмірбек Арысланұлы 16 жыл бойы осы университетті басқарып, оны еліміздің ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының маңдайалды жоғары оқу орындарының біріне айналдырды. Жаңа мамандықтар, кафедралар және зертханалардың дәл осы Жолдасбековтің тұсында көптеп ашылғаны баршаға белгілі. Ал, КазГУ қалашығының салынуына сіңірген еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.

Өмірбек Арысланұлының небәрі 39 жасында елдегі ең басты жоғары оқу орнының тізгінін ұстауы оның қаншалықты білімді әрі білікті болғанын аңғартады. Қайраткер 1986 жылы ректорлықтан кеткенімен, 1988 жылға дейін КазГУ-де еңбек етті. Біз де дәл сол жылы осы университетке оқуға түскен едік. Ол кездер білім ордасында Жолдасбеков дәуірінің жалыны әлі басыла қоймаған кезең болатын. Сондықтан әйгілі ректордың дүрілдеп тұрған шағында оқымасақ та, оның шебер ұйымдастырушы, нағыз реформатор екенін студент кезімізден санаға тоқыдық. КазГУ-дің түлегі ретінде Өмірбек Арысланұлының жастарға жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз.

Ағамызбен өмір жолымыз 1994-1995 жылдары тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінде түйісті. Мен ол кезде аталған органның аппаратында жұмыс істеймін. Ал Өмірбек Жолдасбеков Жоғарғы Кеңестің депутаты, Ғылым, білім және жаңа технологиялар комитетінің төрағасы еді. Сол жылдары Өмірбек Арысланұлының іскерлігіне, табандылығына және парасаттылығына куә болдық. Оның бәрі бізге өмірлік азыққа айналған сабақ болды десем, қателеспейтін шығармын.

Кейін елімізде қос Палаталы Парламент құрылып, Өмірбек Жолдасбеков Мәжіліс депутаты болды. Сол арқылы отандық парламентаризмнің қалыптасуына және өзі аңсаған тәуелсіздікті нығайтуға үлкен үлес қосты. Бар білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайраты мен қарым-қабілетін егемен елінің ертеңі үшін жұмсаған ағамыз өмірінің соңына дейін халқына қалтқысыз қызмет етті.

Сондықтан қашанда ұлттық мүддені бәрінен биік қойған, батыл бастамалары арқылы еліміздің ғылымы мен біліміне тың серпін берген, Инженерлік академияның және Механика-математика институтының негізін қалаған, ғалымдығын бүкіл дүние жүзі мойындаған тау тұлғаның өнегелі өмірі мен ғылыми мұрасын дәріптеу, ұстаз рухына тағзым ету – бүгінгі буын мен келер ұрпақтың абыройлы міндеті. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.