Ал тәуелсіз Қазақстан халықаралық тәжірибені мойындап, Гимназиада бізде биыл 10-шы рет болып отыр. Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында өскелең ұрпақтың күш-қуатын дұрыс арнаға бағыттап, бұқаралық спортқа баулу туралы тапсырма берген еді. Мектеп оқушылары арасында 8 спорт түрін қамтыған осы Гимназиада Жолдаудың тапсырмасын орындауға бағытталған.
Биыл қазақстандық оқушылар алғаш рет Қытайдың Циньцзян қаласында өтетін Бүкіләлемдік жазғы гимназиадада өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасын еліміздің бас қаласы мен Қызылжар өңірінде өткізіліп жатыр. Кеше Гимназиаданың Қызылжардағы бөлігінің салтанатты ашылу рәсімі болып, онда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің арнайы құттықтаулары оқылды. Ал «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Есентаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығметов, спорт ардагері, КСРО құрметті спорт шебері, ҚР спорт қайраткері Жамбыл Тасеменов, спорттық бағдарлау бойынша Азия ойындарының чемпионы Аслан Тоқбаев жас спортшыларға ізгі тілектерін айтты.
Бүгінгі таңда елордада конькимен сырғанау спорты мен мәнерлеп сырғанау жарыстары өз мәресіне жетіп, оза шауып бәйге алған үздіктердің есімі анықталды. Жалпы Гимназиада биатлон, шайбалы хоккей, қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғы жарысы, шорт-трек, конькимен жарыс және мәнерлеп сырғанау сияқты 8 спорт түрінен өтуде.
Конькимен сырғанау спортынан 8 аймақтың ішінен командалық есепте ұлдар арасында Алматы қаласы, қыздар арасында Солтүстік Қазақстан облысының оқушылары көш бастады. Спортқа дарынды балаларды Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Сәрік Сәпиевтің қолдап келгені оқушылар үшін тосынсый болды.
Аяқталған мәнерлеп сырғанау жарысының жеңімпаздарын БҒМ «Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің» бөлім басшысы Гүлмира Кұлсариева, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Арман Шылманов, Конькимен жүгіру спорты ұлттық федерациясының бас хатшысы Анжелина Макишева, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жаттықтырушысы Байтақ Тұрсынбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қанат Исабековтер марапаттады.
Мәнерлеп сырғанаудан командалық есепте 237,6 ұпаймен алтын медальді Алматы қаласы иеленсе, 2-орынды 233,2 ұпаймен Нұр-Сұлтан қаласы, 3-орынды 162,6 ұпаймен Қарағанды облысы алды. Бұл спорт түрінен жарысқа еліміздің алты өңірінен 65 спортшы жеткіншектер қатысқан еді. Айта кету керек, демеушілердің қолдауының арқасында — Astana Garden School, №54 мектеп-лицей және т.б. мектеп ұжымдарының ата-аналары мен ұстаздары жарысты және марапаттау рәсімін Орталықтың ютуб каналынан тікелей эфирде тамашалады.
Мәнерлеп сырғанаудан кейін шайбалы хоккей мен биатлон, қысқы президентті көпсайыс бәсекесі басталды. Олардың ашылуы Петропавл қаласындағы А.Винокуров атындағы спорт сарайында болды.
Жарыстың алғашқы күні Ақмола облысының балалары Шығысқазақстандықтарды 8:2, Алматы облысы да қостанайлықтарды осындай есеппен жеңді. Бұл спорт түріне 9 өңірден 180 оқушы қатысуда. Жарыстар 5 наурызға дейін жалғасады.
Қысқы президенттік көпсайысқа Алматы қаласы және Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 100-ден аса оқушы қатысуда.