Жиырма алтыншы ақпанда 36 жастағы қала тұрғынының басқаруындағы «Ниссан патрол» автокөлігін тоқтатып, құжаттарын тексеру барысында көлікке жалған мемлекеттік белгі тағылғаны белгілі болды. Сонымен қатар жүргізушіге белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайтын «Аркан» құрылғысы арқылы 14 585 теңге айыппұл салынғаны да анықталды.
Сол күні «КамАЗ» автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік белгі тағып басқарған 31 жастағы қала тұрғыны да ұсталды. Жүк көлігінің жүргізушісіне 4 мәрте жылдамдық асырғаны үшін 58 340 теңге көлемінде айыппұл салынған екен.
Қазір құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590 бабының 4 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, көлік құралдары айып алаңына қойылды және кодекстің 684 бабына сәйкес, жинақталған құжаттар Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына тиісті шешім қабылдау үшін жолданды.