Тағайындау • 02 Наурыз, 2021

Жамбыл облысында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

1352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып Бейқұт Жамангөзов тағайындалды

Жамбыл облысында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

Еңбек жолын 1990 жылы Қордай ауданы, Шарбақты ауылындағы №36 Н.Сауранбаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған Бейқұт Жамангөзов әр жылдары аталған мектептің директоры, Қордай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары, Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Соңғы уақытта Қордай ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болған. Жаңа тағайындалған басқарма басшысын облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев ұжымға таныстырды. Ал, аталған басқарманы осы уақытқа дейін басқарған Дауыл Бейсенқұлов «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылаған болатын.

Сондай-ақ, бүгін Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде бірқатар аудан әкімдері ауысты. Осы уақытқа дейін Қордай аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келген Руслан Нұрсипатов Меркі ауданы әкімінің лауазымына тағайындалды. Аудан активінің жиынына арнайы қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауданды бес жыл бойы басқарған Мейірхан Өмірбековтің жұмысына жоғары баға беріп, жаңа әкімді меркіліктерге таныстырды. Аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, бүгін Жуалы ауданының да әкімі ауысты. Аудан әкімінің орынтағына Олжас Қаржауов жайғасты. Ол осы уақытқа дейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарып келді. Ал, бүгінге дейін Жуалы ауданының әкімі болып Нарбай Ергебеков істеген болатын.

 

Жамбыл облысы