Жалпы, судың тапшылығы 2018 жылдан біліне бастаған. Одан кейінгі жылы да жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Егіншілер былтырғы маусымнан да әупірімдеп шықты. Мамандар болжамынша, биылғы маусым да оңай болайын деп тұрған жоқ.
Шардарадан жоғары тұрған Тоқтоғұл, Әндіжан, Бахри Точик және Шарбақ су қоймаларындағы жиналған көлем былтырғыдан көп төмен. Өткен жылы осы уақытта Шардараға жоғарыдан секундына 780 текше метр су түсіп тұрса, қазіргі деңгей одан екі есеге жуық аз – 400 текше метр. Былтыр қарашада өткен мемлекетаралық комиссия отырысында желтоқсан мен осы жылғы қаңтар айының соңына дейін өзге мемлекеттердегі су қоймалары арқылы бізге 7,3 млрд текше метр су келетіні болжанған еді. Бұл қазір 77 пайыз ғана орындалып тұр. Мұндай кезде көктен түскен ылғалдың да көмегі көп болатын. Бірақ Өзбекстан мен Қырғызстандағы гидромет қызметінің мәліметінше, биыл жауын-шашын былтырғыдан 30-40 пайызға аз болады.
Жергілікті әкімдік те тапшылықтың алдын алудың қамын жасап-ақ жатыр. Биыл күріш егістігінің көлемі едәуір азайған. Сырдағы басты дақыл 84,4 мың гектарға ғана егіледі. Есесіне дәндi, майлы, мал азықты, картоп, көкөнiс, бақша дақылдарының көлемі ұлғаяды.
Жуырда Қызылордаға осы мәселеге орай арнайы келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов облыстың вегетациялық кезеңге арналған дайындық жұмыстарын талқылаған мәжіліске қатысты. Жиында аграрлық сала, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының басшылығы хабарлама жасап, аудандардағы жағдай селекторлық байланыс арқылы баяндалды. Егін шаруашылығымен айналысатын ірі құрылымдар өкілдері ұсыныс-пікірлер айтты.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетовтің айтуынша, су беру науқанына дейін 21,9 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне егілетін егіс көлемін индикативтік жоспардан асырмау қажеттігі жөнінде ескерту хаттар жіберілді. Филиал басшысы биыл артық егілген егістік үшін су жеткізіп беру қызметіне шарт жасалмайтынын кесіп айтты.
Аудандарда да мәселелер әлі көп. Мысалы, былтырғы егіс маусымынан амалдап шыққан Жаңақорғанда тоспа жоқ. Дария арнасы төмендеген жылдары аймақты суландырып отырған Келінтөбе каналына су көтерілмей қалады. Аудан әкімі Руслан Рүстемов Келінтөбемен қатар 3-4 арнаның тазалануы қажеттігін айтты. Жаңақорғандық егіншілерде «Тиісті орындар тоспа салуды назардан тыс қалдырмаса» деген тілек бар.
«Әйтек» су торабында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан былтыр Қазалы ауданына дарияның ескі арнасы арқылы су жеткізілді. Ұзақ жылдардан бері толып ақпаған Қараөзек бойындағы көлдер жүйесіне су барды. Бірақ аудандағы күріштік алқапқа су 15-20 күн кеш жетті. Көктемде кешіккен әр күннің күзгі несібені ортайтып тастайтыны белгілі ғой.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы Су кодексінің 82 бабына сәйкес лимит белгілейді. Лимит демекші, егер Шардараға жоғарыдан түсетін су көлемі артпаса су қоймасынан алатын үлесіміз кеміп кетуі мүмкін. Инспекция жетекшісі Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, Кәсіпкерлік кодексінің 138 бабы бойынша бұларға бақылау функциясы жүктелген. Инспекция мамандары бақылаумен қатар қадағалау да қатар жүруі керек деп есептейді. Сонда тапшы суды талан-таражға салып отырғандар қатары азаяр еді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов соңғы 3 жылда су тапшылығынан табиғи көлдер жүйесіне қажетті мөлшерді толық алу мүмкін болмай отырғанын айтып өтті. Осының салдарынан Аралдан кейінгі ірі су айдыны Қамбаш көлі тартылып, жағалауынан 250 метрге дейін шегініп кеткен. Жыл сайын мыңдаған туристен босамайтын көл жағалауы қазір құлазып жатса, жақын ауылдар кепкен көлдің ұлтанынан ұшқан құмға көміліп отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе даланың күміс алқасындай ауқымды айдынның аз жылда көзден бұл-бұл ұшуы да ғажап емес.
Сарқылып тұрған Сырдарияның ахуалы талқыланған жиында бар мәселе ашық айтылды. Ұсыныс-пікірлердің бәрі жинақталып Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынылады. Соған орай жұмыс жоспары жасалады.
Бұл нәпақасын жерден терген егінші жұрт ертең су тапшылығынан қиналып қалмауы үшін қолға алынған амал. Ал трансшекаралық өзенге қатысты түйткіл жағалауындағы мемлекеттер арасындағы су бөлінісі қатаң сақталғанда ғана тарқамақ.
Қызылорда облысы