Президент • 03 Наурыз, 2021

Бауырластық байланыстар беки береді

483 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Достық, өзара сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.

Бауырластық  байланыстар беки береді

Дәстүрлі достық салтанат құра береді

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан Президенттеріне рапорт берді. Мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның «Шығыс залына» барды.

Шағын құрамда өткен келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бас­тағанының маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айрықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі дос­тық­тың бар екеніне, сондай-ақ Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

– Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз – осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қырғызстан Президенті өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.

– Мен – қазақпын, қырғыз ол – туыс­қаным, Бірге тартқан тарланның құйыс­қанын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын, – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді Қырғыз Президенті.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасында ынтымақ пен бауыр­ластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қыр­ғызстанға сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көп жақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

 

Өзара ықпалдастықты арттыру – ортақ мүдде

Мемлекеттер басшылары стра­тегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға және саяси, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз ықпалдастық орнатуға басымдық берілді.

Қырғыз делегациясына ілтипат біл­дір­ген Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді бауыр­ластық, достық және серіктестіктің дәс­түрлі жолы байланыстыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстан Пре­­зи­дентінің бұл сапарының маңызы зор екенін және екі ел арасындағы өзара ын­ты­мақтастыққа тың серпін беретінін айтты.

– Біз қырғыз ағайындарымызды қол­дауға және жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді. Біз бағзы заманнан тату көршіміз, достығымыз бен ынтымағымыз жарасқан бауырлас елдерміз. «Қазақ-қырғыз бір туған» деген нақыл сөз арамыздағы зор сенім мен кең пейілді айқын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы шағын форматта өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттары анықталғанын жеткізді.

– Елдеріміз арасында шешілмейтін қандай да бір мәселенің жоқ екені көңіл қуантады. Керісінше, біз өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға дайын екенімізді білдірдік. Қырғызстан Сіздің басшылығыңызбен барлық мәселені тиімді шешуге және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға әзір екенін нақтылағанын дұрыс қабылдадық. Өз тарапымнан Қазақ­станның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды кешенді түрде тереңдетуге бейіл болып қала беретінін айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде Қазақстан Президенті қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті.

– Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қыр­ғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың руха­ни туыстығын дәлелдейтін мысалдар жет­кілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қыр­дың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте қолдағаны үшін және алдағы уақытта да ауқымды көмек көрсете беретініне алғыс айтты.

– Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақ­тастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін, – деді Садыр Жапаров.

Келіссөздер барысында тараптар іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейтуге, инвестициялық ықпалдас­тық­ты дамытуға, екі елдің көлік-транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалануға, сондай-ақ, цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. 

Президенттер қос халықтың мәдениеті мен тарихының және тілінің ұқсастығын ескере отырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды:

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті мен Қырғыз Республикасы Пре­зидентінің бірлескен Мәлімдемесі;

Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Қырғыз Республикасы Үкіме­тінің ара­сындағы қайтарымсыз әскери-тех­никалық көмек көрсету туралы келісім;

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Рес­публикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік арасындағы ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім;

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер ми­нис­тр­ліктері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағ­дарламасы;

Қазақстан Республикасының Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Рес­пуб­­ликасы Үкіметінің жанындағы Цифр­лық даму мемлекеттік қызметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Рес­публикасы Үкіметінің жанындағы Эко­логиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары;

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Қыр­ғыз Республикасы Энергетика және өнер­кәсіп министрінің арасындағы электр­энергиясымен тауар алмасу туралы хаттама;

Қазақстан Республикасының Қорға­ныс министрлігі мен Қырғыз Респуб­ликасының Қорғаныс министрлігінің арасындағы 2021 жылға арналған ынтымақтастық бағдар­ламасы.

Келіссөздерден кейін шағын және кеңей­тілген құрамдағы екіжақты келіс­сөз­­дердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапа­ров бұ­қаралық ақпарат құралдары үшін бірлес­кен баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Бірлескен іс-қимыл – сенімді серіктестік

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапа­ровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты.

– Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес, – деді Қазақстан Пре­­зи­денті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ағайын елдің қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Пре­зи­дентінің бұл сапары қос мемле­кеттің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған ме­рейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің сим­волдық мәні бар екенін айтып, бүгінгі келіссөздер қорытындысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған. Біз бүгін де бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды келісім-шартқа қол қойдық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы аясында белсенді әрекет етуде. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ауқымды жұмыстарды бірге атқарып келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гума­нитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қыр­­ғызстанның ең ірі сауда серіктес­терінің бірі және көш бастаушы инвес­тор­ларының қатарына кіретінін жеткізді.

– Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 млрд доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеу­меттік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестиция­ларды қолдауға және қорғауға келістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифр­лы технология енгізу жөнінде келісім жасалғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экс­порттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті.

Екіжақты байланыстардың күн тәрті­біндегі маңызды міндеттің бірі – азамат­тардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту.

– Осы ретте шекара бекеттерінің өткі­зу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы, ең ірі «Қордай» (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – со­ның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режі­мін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көлік­тер­дің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын ара­да ашуға дайын. Келісім бойынша, қыр­ғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан Президенті өзара байланыс­ты нығайту үшін іргелес жатқан аймақ­­тардың ынтымақтастық аясын кеңей­ту жөнінде келісім жасалғанына тоқталды. Оның айтуынша, Өңіраралық ынты­мақтастықтың бірінші форумын жуық арада өткізу қажет, сондай-ақ шекара маңында тауарды ресімдеп, өң­дейтін сауда-логистикалық орталық құру керек.

Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпал­дастық.

– Атап өтетін жайт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ық­­палдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруа­шылығы нысандарын пайдалану жө­ніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмыс­ты екіжақты форматта, сондай-ақ, өңір­дегі басқа да әріптестерімізбен жалғас­тырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.

– Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте – Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айт­матовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұра­­лары­мызды дәріптеу үшін күш-жіге­ріміз­ді жұмылдыратын болдық, – деді Қазақ­стан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастары арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жас­тарына бөлінетін білім квотасын 10 есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Біш­кекте Қазақстанның беделді жоғары оқу ор­нының филиалын ашу туралы бас­та­ма қарастырылып жатқанын айтты.

Қазақстан мен Қырғызстанның көш­басшылары өңірлік және жаһандық мәселелер жөніндегі пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көп­теген мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас. Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Мемлекет басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің әлеуетін нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа риза­шылығын білдірді.

Президент сөзінің соңында келіссөз қорытындысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, сенім және тату көр­шілікке құрылған қарым-қатынастарды қос тарап та одан әрі нығайта беруге бейілді екенін көрсетті деді.

– Біздің мемлекеттеріміз бен ха­лық­тарымыз тонның ішкі бауындай ара­ласып кеткен. Бұл жұрттың бәріне белгілі. Мемлекет басшыларының міндеті – екіжақты қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналдыру. Бүгінгі келіссөздер аталған мақсатты шешуге арналды. Пікір алмасулар өте пайдалы әрі табысты болды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың бас­ты бағыттарын айқындадық, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясын­­дағы іс-қимылдарды арттыру мәселе­сін талқыладық. Екі ел арасын­дағы ықпалдастық бойын­ша кез келген мәсе­лені бауырлас халық­тардың ежел­ден қалыптасқан мүдде­лерін ескере отырып, шұғыл шешуге келіс­тік. Қыр­ғызстан Президенті Садыр Нургожоұлы Жапаровтың сапары табыс­ты өтті деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.