«Осыдан бес жыл бұрын Қазақстандағы түрлі этностардың өкілдерін бір шаңыраққа топтастырған сонау қиын кезеңдерді еске түсіретін тамаша мереке пайда болған еді. Ашаршылық, соғыс және қуғын-сүргін жылдары біз бір үзім нанды бөлісіп жеп, бір-біріміздің ұлтымызға қарамай достаса білдік. Тәуелсіздік жылдарында да біз басты байлығымыз – бейбітшілігіміз бен ынтымағымызды одан әрі нығайта түстік. Ал, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуының негізі болып табылатын тұрақтылығымыздың кепілі. Әрбір азамат ұлттар достығын нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Осы орайда мен Алғыс айту күні коронавирус пандемиясының қиын сәттерінде халыққа көрсеткен көмек-қолдауы үшін барлық этномәдени бірлестіктер мен облыс жастарына алғысымды білдіргім келеді», деді әкім.
Сонымен қатар мерекелік шарада Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов пен Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры, Дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нұралиева сөз алып, егемен еліміздегі бейбітшілік пен татулық үшін алғыс білдірді.
Алғыс айту күніне арналған шарада этномәдени бірлестіктер өз тарапынан 10 шатыр тігіп, қолөнер және «Достық дастарқаны» ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды. Көпшілік бір-бірін мерекемен құттықтап, дастарқаннан дәм татты. Ал іс-шарада «Қазақ» этномәдени бірлестігінің мүшелері «Қазақ осы» әнін шырқаса, «Өзбек» этномәдени бірлестігінің мүшелері көпшілікке ұлттық әндерін тарту етті. Сондай-ақ бұл күні Тараз қаласының бірқатар көшелерінде тал егу акциясы бастау алып, 1000 түп тал егілді. Аталған бастама өңір аудандарында да жалғасты.