24 Желтоқсан, 2013

Санадан сызылған спектакль

457 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

01-01-06-bulgakov-5

Сталиннің «Батум» пьесасын сахнада қоюға рұқсат етпеуі Михаил Булгаковтың өлімін тездетіп жіберді. Ол осылайша шығармашылық жағынан барын­ша кемеліне келген шағында, 1940 жылы 10 наурызда Мәскеуде қайтыс болды.

Жазушы – қоғамдық қоз­ғалыстардың барометрі, қоғамдық ойдың қозғаушы күші. Орыстың ХХ ғасырдың басы мен орта тұ­­сында шығармашылығы кең қанат жайған таңғажайып жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаков та өзі өмір сүрген дәуірдің күрделі оқиғаларынан тыс қала алған жоқ. Бұған қаламгердің «Ақ гвардия» романы ғана емес, сонымен қатар «Турбиндер күні», «Жүгіріс», «Адам және Ева», сондай-ақ өмірінің ең ақырғы шағында жа­зылған «Батум» пьесалары толық куә болады. Драматург соңғы пьесасының сюжетін 1936 жылы ойластырғанымен, оның төңіре­гіндегі жұмыс 1938 жылдың күзі мен 1939 жылдың бірінші жартысында атқарылды. Кейін Булгаковтың өзі де «Батум» пьесасы өзінің көп күш-жігерін алып кеткенін мойындаған екен. Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы драмалық шығарма туралы.

01-01-06-bulgakov-4

Батум – Грузияның баты­сындағы белгілі қала. Ол біздің замандастарымызға «Батуми» деген атпен белгілі. Осы қаланың атымен аталған пьеса сол кез­дердегі Кеңес Одағының басшысы Иосиф Виссарионович Сталиннің революционер ретінде қалып­тасып келе жатқан шағын көр­сетуге арналған. Өкінішке орай, аталмыш пьесаның тағдыры да, оның авторының өмірі де қайғы­лы аяқталды. Басында осы пьеса бойынша қойылатын спектакль Сталиннің 60 жылдығына арна­лып сахнаға шығуға тиіс болатын. Оған тапсырыс берген МХАТ труппасы драматургті қатты асықтырды. Нәтижесінде бір деммен жазылып шыққан пьеса мхаттықтарға қатты ұнады. Осы күндерден бізге жеткен В.Я.Ви­ленкин естелігі бұдан әрі былай баяндайды: «Актерлар менен бәрін құныға сұрасты… Н.П.Хме­лев Сталиннің рөлін ойнауға тиіс болатын. Маусым айының аяғында мен МХАТ-тың Киевтегі гастролінен Мәскеуге оралған В.И.Качаловқа пьеса туралы егжей-тегжейлі айтып бердім. Ол өзіне белгіленген Кутаиси губернаторының характерлі рөліне қызығушылық білдірді… Ал М.Б.Храпченко басқарған Өнер істері жөніндегі комитет пьесаны бірінші оқудан кейін-ақ қуаттады. Осыдан кейін МХАТ-тың көптен бері келе жатқан дәстүріне сәйкес жергілікті жерде тарихи материал­дармен танысу үшін арнайы творчестволық бригада құрылып, артынша Батум қаласына жүріп кетті». Өкініштісі, кейін мұның бәрінің күлі көкке ұшты. Пьесаны өзі қолға алып оқып шыққан Сталин оның қойылымға жібе­рілуін қолдамапты. Сол бойда пьесамен жұмыс кілт тоқтатылып, ол біржолата ұмытылуға аттан­дырылды.

Бұл жайында Виленкин былай деп әңгімелейді: «Пойыздың Серпуховке тоқтап тұрғанына бірнеше минөт болған. Біздің вагонға әлдеқандай бір әйел кіріп келді де, коридорда: «Булхактерге жеделхат бар!», - деп айқай салды. Михаил Афанасьевич: «Бұл булхактерге емес, Булгаковқа ғой», - деді жайбарақат. Жеделхатты қолына алған ол дауыстап: «Сапарға барудың қажеттілігі болмай қалды. Мәскеуге ора­лыңыздар» деген жолдарды оқы­ды. Жұрт сасып қалған сол сәтте Елена Сергеевна (М.Булгаковтың әйелі – автор) қатқыл түрде: «Біз одан әрі кете береміз, жәй демалып қайтамыз», - деді. Кешке Елена Сергеевна телефонмен хабар­ласты, олар Туладан түсіп қалып, кездейсоқ мәшинемен оралыпты. Жолда Михаил Афа­насьевич ауырып қалыпты. Олар мені өздеріне шақырды». Осымен «Батумның» эпопеясы толығымен аяқталды…

М.Булгаковтың осы соңғы пьесасы бұдан кейін 50 жылға жуық уақыт бойы сыртқа шығарылмай, сөреде шаң басып жатты. Ол Одақ тараудың алдын­дағы дүбірлі дүмпудің тұсында, 1988 жылы «Современная драма­тургия» журналының 5-ші нөмірінде жарық көрді. Драма шыққан бойда сыншылар ара­сында үлкен пікірталас туғызып, бұқаралық ақпарат құралдары беттері айтыстың айдынына айналып кетті. М.Чу­дакова «Батум» пьесасының көркем­дік жетістігіне күмән келті­ріп, оны Владикавказда жазылған «Мол­даның ұлдары» шығарма­сының ұрланған көшірмесі ретінде бағалады. Ал пьесаның жасалу техникасын «Әріптерді дайын транспорантқа сала салу­дың оңай тәсілі» дегенге келтірді. Келесі сыншы А.Смелянский бұған дейін Чудакованың барлық көз­қа­растарына қолдау білдіріп келгеніне қарамастан, бұл жолы онымен мүлдем кереғар пікірге жүгінді. «Бұл сынға қарағанда, – деп жазды ол, – «Батумды» жаңа ғана өзінің романын аяқтап шыққан ірі көркем сөз шебері емес, әдебиеттегі ар-намысын айрықша бір тітіркенусіз аяққа таптаған қатардағы қарапайым халтурщик жасаған ба, деп қаларсың». Тағы бір сыншы А.Нинов жоғарыдағы Чудаковадан да әрмен кетті.

Солай дей тұрғанмен, М.Бул­гаков «Батум» пьесасын жазып шығуға өзінің барлық шығарма­шылық мүмкіншілігін арнады. Ол өзінің алдында тұрған міндет­тердің күрделілігін әу бастан бүкіл жан дүниесімен сезінді. Өйткені, осы жылдары Сталиннің назарына ілігіп, қаһарына ұшырағанын аңғара бастаған жазушы елді билеген тиранның алдында өзін ақтап алатын қандай да бір батыл қадамға бару керектігін ұғынды. Мұның атын бір жағынан жазушы тарапынан болған ақырғы ышқыныс деп бағалауға болады. Ол осылайша «Батумге» еріксіз баруға мәжбүр болды. Тағы да Вилинкиннің естеліктеріне сүйенсек, драматург тарихи оқиғаларды қалпына келтіруде тарихи дәлдікке ұмтылады. Осы­мен бірге, жас революционердің характерлі ерекшеліктерін ашпақ­шы да болады. Дәл осы тұрғыдан келгенде, бұл екеуінің үйлесе бермейтіні түсінікті болса керек. «Театр Булгаковқа жас Сталин оның революциялық іс-қимы­лының басталар шағы туралы пьеса жазу жөніндегі көптен бері арманын жүзеге асыруды ұсынды. Аталмыш тақырыпты Булгаковқа ұсынғанда оның ештеңені қосып жапсырмайтыны, ешқандай алып-сатарлыққа бармайтыны, ешбір фимиамға ұрынбайтыны ескерілді, драмалық пафос түпнұсқалық материалдың шындығынан туады; әлбетте, осы Булгаковтың дең­гейіндегі драматург қолға алатын болса». (Виленкин В.Я. Воспо­ми­нания с комментариями. С.396).

01-01-06-bulgakov-2

Автордың идеясы бойынша «Батум» пьесасындағы тарихи оқиғалар барынша кең суреттелуі тиіс болатын. Осы мақсатта оқиғаларды баяндау мен кейіп­керлердің мінезін ашуға жақсы мүмкіндік беретін тарихи хроника жанрына ат ізін салды. Ол 1936 жылы дәл осындай тарихи мәлі­меттер аз болуына байланысты пьесаны жазуды уақытша тоқ­татады. Кейін Елена Сергеевна Булгакованың естелігінде жа­зылғанындай, оған «МХАТ-тың директоры М.П.Аркадьев қажетті материалдарды тауып беруге уәде етіпті. Бұған М.А. сенбейді. Алайда, 1937 жылдың көктемінде Булгаковтың қолына бай деректі материалдар түседі. Сол уақытта Саяси әдебиеттер баспасы «1902 жылғы Батум демонстрациясы» деген жинақ басып шығарады. Драматург осындағы тарихи мәнбелерді кеңінен пайдаланып, оларға шығармашылық тұрғыдан қарайды. Ол өзі таңдап алған тарихи хроника жанрына сәйкес «Батумдағы» іс-қимылды дамыту барысында көпшілік сахнасы мен жұмысшылар образын алдыңғы планға шығарады. Бұл Булгаков творчествосындағы мүлдем жаңа қыр болатын. Жұмысшылар мен билік өкілдерін бейнелегенде, ол дереккөздерге сүйеніп қоя салған жоқ, жаңа ахуал мен жанды характерлер жасауға күш салды. Қаламгер персонаждарды типке айналдыруда дәуірдің өзіне тән сипаттамаларды ендіре отырып, оларды жинақтық образға жет­кізуге ұмтылды. Айталық, Николай Екіншінің образын «1902 жылы Батум демонстра­циясы» жинағынан құрастырып шығару мүмкін емес. Сондықтан Булгаков патшаның бейнесін жасарда Ресей самодержавиясы туралы деректі материалдарға арқа сүйеді.

М.Булгаковтың «Батум» пьесасының айрықша тарихи тақырып екенін атап өткен жөн. Мұндағы  тарихилық көркемдік тәсілмен астасады. Шығармадағы негізгі әрекеттер 1901-1902 жыл­дары болған тарихи оқиғалардың шеңберінде өрбиді. Драманың шарықтау шегі 1902 жылғы 9 наурыздағы жұмысшыларды атумен аяқталатын көпшілік демонстрациясы болып табылады. Пьесаның прологы 1899 жылы Сталиннің семинариядан шыға­ры­луынан басталып, эпилогы Сталиннің 1904 жылы айдаудан оралуымен аяқталады. Булгаков орталық оқиғалардың негізгі қаһармандары етіп жұмысшы­ларды алға шығарған. Драматург оқиғаларды анықтайтын гра­витациялық бастаулардың, яғни жылы ағыстардың солардан тарайтынын анық байқатады. Кейін зерттеушілердің анықтаға­нындай, Булгаков «1902 жылғы Батум демонстрациясы» жина­ғының ізімен шығып, өз пьесасында Сталинді ерекше тұлға ретінде екшелеп көрсетуден саналы түрде бас тартқан. Осыдан кейін ол Батум жұмысшылары жүргізген жалпы күреске белсене қатысушы жас революционер Сосоны тарихи оқиғалардың үстінде дамытуға ұмтылады.

М.Булгаковтың осы күнге дейін сақталып қалған шимай жазулары оның «Батум» пьесасын жазар кезде көп еңбек сіңіргенін көрсетеді. Осы автографтарда тарихи мәнбелерден алынған жазбалар, жоспарлар мен сахна­лық көріністердің алдын ала сызбалары бар. Олар дәптерлердің әр бөлігіне жазылыпты. Булгаков жас Сталиннің Батумға келуінен бастап, оның айдаудан қашуға дейінгі аралықтағы оқиғалардың жалпы көрінісін көз алдыңа елестету үшін осыларға қатысты деректердің барлығын мұқият түрде қағазға түсірген. Жоспар­лаудың барысында Булгаков әуел бастан пьесаның құрылысын дәл анықтап, оны 10 көріністен түзеді. Жоспарда белгіленгендей, мұнда алдыңғы планға үшінші көріністен тоғызыншы көрініске дейінгі аралықтағы «Жаңа жыл. Өрт», «Губернатор және жұмысшылар», «Қанды қақтығыс», «Түрме» деп аталатын актілер шығады.

Драматургтің “Батум” пье­сасын жазу үстіндегі орасан зор еңбегі жөнінен дерек беретін архивтік материалдар осы кезге дейінгі бірқатар сыншылардың бұл шығарманы конъюнктуралық сипатта етіп көрсетуге тыры­сушылықтарының бекер екенін айғақтайды. Біз бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанның өзінде де, «Батумның» кемел ойлы кемеңгер жазушының қаламынан туғанын батыл айта аламыз. Пьеса тарихи хроника ретінде көптеген жаңа­лықтарды өмірге әкелген. Дәл Булгаков сияқты 1902 жылғы Батум оқиғаларын мейлінше дәл бейнелеген суреткер болған емес.

КСРО Жазушылар одағының бастығы Александр Фадеев 1940 жылғы 15 наурызда Е.С.Булга­коваға жазған хатында М.Булга­ковтың шығармаларына талдау жасауды қорытындылай келе: «Таңғажайып таланттың иесі, ішкі дүниесі таза, принципті және өте ақылды кісі» деп атап көрсетіп, жазушының «өзін шығарма­шы­лықта да, саяси өмірде де жалған­дыққа ұрындырмай өткенін» атап өтеді. М.Булгаковтың ұғымында жалғандық әрдайым жалпы адам баласын азып-тоздыратын, ал суреткер үшін мүлдем жат сана­латын қорқақтық пен сатқындық сияқты нашар құбылыс болатын. Оған, әйтпесе, осы пьесаны жазу үстінде тарихи шындықтан ауытқып кетіп, Сталинді өзгеше суреттеп көрсетіп, сөзуарлыққа ұрынуға, анахронизмге түсіп кетуге әбден болар еді. Егер 1939 жылдың атмосферасы Сталиннің 70 жылдық мерейтойына дайын­дық сипатына толып тұрғанын ескерсек, драматургтің осындай қадамға барғаны өзін-өзі ақтап та шыққан болар еді. Бірақ, өзінің жазушылық мансабын бәрінен жоғары қоятын, өмірлік прин­ципіне адал Булгаков мұны жасай алмады. Сол себепті де көрнекті кеңес жазушысы Константин Симонов 1968 жылғы наурызда С.А.Ляндреске жазған хатында: «Мен «Батумды» оқып шықтым. Пьеса Булгаковтың барлық шығармалары сияқты талантты жазылған. Ондағы Сталинге келсек, әрине, ол ірі тұлға ретінде көрсетілген… Сонымен бірге, оған табынудың титтей де нышаны жоқ. Пьеса, меніңше өте әділ. Бұл аса маңызды» деп атап көрсетеді.

01-01-06-stalin-1

Пьесаның сөзуарлыққа ұрын­бағанын оны Сталиннің дұрыс қабылдамағанының өзі анық байқатады. Ел билеушісінің спектакльді қоюға келісім біл­дірмеуінің өзі Михаил Булгаков­тың тағдырына қатты әсер етіп, оның өлімін тездете түсті. Әйтпе­се, пьесаны Өнер жөніндегі ко­миет қуаттаған, МХАТ қабылдап алып, қойылым жасауға кіріскен, соңғы сәтте Сталин тарапынан тыйым салынған. Соған қарамас­тан, тарихи жаз­баларда Иосиф Виссарионовичтің пьесаны оқып шығып: «Жақсы пьеса» дегені кел­тіріледі. Бұл оның драманың көр­кемдік жағына берген бағасы еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Сталиннің «Батум» пьесасын сахнада қоюға рұқсат етпеуі Михаил Булгаковтың өлімін тездетіп жіберді. Ол осылайша шығармашылық жағынан барын­ша кемеліне келген шағында, 1940 жылы 10 наурызда Мәскеуде қайтыс болды. Сөйтіп, 1891 жыл­ғы 3 мамырда Киевте дүниеге кел­ген жазушы 49 жасында бақилық­қа аттанды. Сонымен бірге, жазу­шының ойға алған көптеген мақсат­тары орындалмады. Соның ішінде аяқталмаған «Марқұмның жазбалары» да бар. Сол сияқты жазушы 1936-1937 жылдары құмарта жұмыс жасаған «Театр романы» да бітпей қалды.

Енді бұларға қосатынымыз, аталмыш пьеса ақыры бір рет сахнаға шықты. Ол 1991 жылы Горкьий атындағы МХАТ театрында «Пастырь» деген атпен бір мәрте ғана қойылды.

Жаңагүл Сұлтанова, театртанушы.

Соңғы жаңалықтар