– «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші фазасын бастауға халықаралық Аралды құтқару қорының рөлі ерекше болды. Қазір «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайту компоненті өңір тұрғындары үшін өте маңызды. Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалары бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан, жобаның техника экономикалық негіздемесін әзірлеу барысында жан-жақты қарауға, экологиялық және экономикалық жағынын тиімді жобаның іске асырылуына атсалысуды сұраймыз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар кездесуде Болат Бекнияз қор тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Бүгінгі күнге дейін қор тарапынан Арал теңізін құтқару және сақтау бойынша халықаралық және жергілікті деңгейде көп деген кездесулер ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асырылуда. «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығымен, түрлі ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта қордың облыстағы филиалы Қамбаш көлінің жағалауында орналасқан «Арал» ғылыми-туристік, Көкарал түбегінің оңтүстік бөлігіндегі, биосфераны қорғау орталықтарында аңшылық шаруашылығы бойынша жұмыс атқаруда.
– Арал теңізі бассейнінің негізгі өзендері – Әмудария және Сырдария бойынша экологиялық су жіберулерге қалдық қағидатты пайдалана отырып, Арал теңізін бұрынғы шекараларға қайтару мүмкін емес. Теңізді толтыру үшін оған жылына кемінде 60 млрд текше метр су келуін қамтамасыз ету қажет, сондықтан суармалы жерлерде су тұтынуды азайту, кейбір су қоймаларын босату қажет болуы мүмкін. Қазақстанда көлемі 27 млрд текше метр болатын Солтүстік Арал теңізі сақталды, осы кезеңде үлкен Арал теңізіне шамамен 40 млрд текше метр су құйылды, – деді Болат Бекнияз.
Мұнымен қоса жиында Арал өңірінде шешімін табуды қажет ететін көптеген экологиялық проблемаларға байланысты қорды Алматыдан Қызылорда қаласына көшіру мәселесі қозғалды.
Жиын соңында Болат Бекнияз аймақ басшысына ұйымдастырылған кездесу үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.