Қоғам • 03 Наурыз, 2021

Елімізде жасөспірім психикасына кері әсер ететін 731 материал тіркелген

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылдың басынан жасөспірімдер психикасына кері әсер ететін 731 материал бойынша іс-шаралар қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде жасөспірім психикасына кері әсер ететін 731 материал тіркелген

«Ақпарат саласындағы уәкілетті орган тұрақты негізде суицидтік мінез-құлықты тікелей немесе жанама насихаттайтын заңсыз контенттерді анықтау және бұғаттау бойынша бұқаралық ақпараттық құралдарына, әлеуметтік желілерге, интернет ресурстарға мониторинг жүргізеді. 2020 жылы мониторинг нәтижесінде анықталған жасөспірімдер психикасына кері әсер ететін 30 мыңға жуық материал интернет ресурстардан алып тасталды. 3 772 астам материалға тосқауыл қойылды. 2021 жылдың басынан бастап суицидті, порнографияны насихаттайтын, қатыгездікке табынуды қалыптастыратын 731 материал бойынша іс-шаралар қабылданды», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің пікірінше, барлық мектеп оқушыларының бойына ұлттық тәрбиені сіңіруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға бағытталған «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба өзін-өзі тануды, өзін-өзі дамытуды, әлеуметтік жауапкершілікті және оқушылардың әлеуметтенуін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Тәрбие жұмысын күшейту, оқу-тәрбие процесінде отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылуда. Педагогтердің оқушыларға тәрбие беру бойынша құзыреттілігі кеңейтілді. Осыған байланысты олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының мазмұны жаңартылды. Білім беру жүйесінің әдістемелік мазмұны қайта қаралды», деді Асқар Мамин.