Аймақтар • 03 Наурыз, 2021

Теміртау тұншыға бере ме?

1283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Теміртаудың елімізге, қала берді Қарағанды облысына берерінің мол екені рас. Бірақ көрсетіп отырған құқайы да аз емес. Бұл құқайдың аты – экологиялық қасірет. Жыл сайын осындағы алпауыт кәсіпорын – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық кешенінен ауаға 230 мың тоннадан астам зиянды қалдық тарайды екен. Бұл дегеніңіз, қаладағы әрбір тұрғынның төбесіне 11 тонна улы қоқыс төккенмен бірдей. Мұны енді қасірет демегенде қалайша атауға болады?

Теміртау тұншыға бере ме?

Теміртаудың айтыла-айтыла әбден жауыр болған бұл мәселесін облыс, қала әкімдіктері мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы бес саусағындай біледі. Ара-тұра, оның өзінде аспаннан қап-қара қар жауғанда, тұрғындар мен қоғам белсенділері ойбайды салып дабыл қаққанда, әкімдіктегілердің алпауыт компанияға қарата «әу» деп әңгіме айтатын кездері болып тұрады. Бірақ алпауыт компанияға тісі батпағаннан кейін одан не пайда, жағдайдың әлі күнге дейін түзелер түрі көрінбейді. Дегенмен, кейінгі кездері биліктің даусы құмығып болса да шыға бастады...

Таяуда Теміртауда жұмыс сапарымен болғанында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының вице-президенті Виджай Гойалға қарата сын айтты. «Кәсіпорында енгізілген табиғат қорғау шараларының тиімділігі өте төмен. Олар қағаз жүзінде және «қолдан жасалған есеп» түрінде ғана жұмыс істейді», деп батыра сөйледі министр.

Министрдің сөзінде жан бар. Мәселен, соңғы бес жылда кәсіпорын табиғат қорғау іс-шараларына 28 млрд теңге қаражат жұмсапты-мыс. Бірақ осыдан келген пайда жоқтың қасы. Ауаға ұшатын зиянды қалдық бар-жоғы 0,08%-ға ғана азайған...

Ел байлығын сүлікше сорып жатқан алпауыт кәсіпорынның экологиялық ахуалды жақсарту жөнінде жыл сайын беретін уәдесі таусылмайды. Осыдан екі жыл бұрын компания 2019-2024 жылдар аралығында ауаға ұшатын зиянды қалдықтардың мөлшерін 60 мың тоннаға азайту туралы міндеттеме алған болатын. Алайда министрдің айтуына қарағанда, кәсіпорын әлі күнге дейін бұл істе шидің басын сындырмаған.

Ерте ме, кеш пе, Теміртауды улы газбен, зиянды түтінмен тұншықтырып отырған комбинат кешеніне қылбұраудың салынары анық. Әлбетте, ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Әйтсе де, осылай екен деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Алпауыт компания өндірісін түгелдей жаңғыртып, заманның талабына сай озық технологиямен қайта жасақтамайынша, істің ілгері жылжымасы айдан анық. Мамандардың айтуынша, егер де кәсіпорын осы айтылған талаптарды орындар болса, онда алдағы төрт жылдың өзінде зиянды қалдықтар көлемін 30%-ға төмендетуге болады екен. Сондай-ақ компания берген уәдесінде тұрып, Теміртаудың маңайына «жасыл белдеу», яғни орман-тоғай өсіріп тастаса, ол да болса экологиялық ахуалды жақсартуға хал-қадерінше үлес қосар еді. Ал әзірге мұның бәрі құрғақ уәде болып тұр...

Алдағы сәуір айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өндірісті жаңғырту және қайта құру жөніндегі стратегиялық жоспарын ұсынбақшы. Міне, осы тұста Экология министрлігі ұстаған жерінен сынар болса, әбден шиеленіскен проблеманың шешу жолдары айқындалып қалары бек мүмкін.

Кейінгі кездері өзінің міндеттемелеріне салдыр-салақ қарап жүрген алпауыт кәсіпорынның басшылығы мен жергілікті атқарушы билік арасында қатқылдау әңгімелер жиілеген сипат алып жүр. Мәселен, өткен аптада «АрселорМиталл Теміртау» компаниясына қарасты ЖЭО-2 нысанында үш қазандық апаттық жағдайда жұмысын тоқтатып, қала пәтерлеріндегі температура күрт төмендеп кетті. Сөйтіп қыстың көзі қырауда Теміртау қаласында өте күрделі жағдай қалыптасты.

Осы мәселеге байланысты өткен жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мұндай оқиғаға жол берген компания мен жылу электр стансасының басшылығына қарата қатты сын айтты. Қалаға облыс прокуратурасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік, энергобақылаудан тексеріс жіберілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар өңір басшысы аталған ЖЭО-да жаңа 7-ші қазандықтың құрылысын аяқтауды жеделдетуді қатаң талап етті.

– Біз 7-ші қазандық жобасының аяқталуын талап етеміз. Мерзімді одан әрі созудың мүмкін еместігін жағдайдың өзі көрсетті. Жоба басталып кетті. «АМТ» оны жүзеге асыруды кешіктірудің карантинге байланысты әртүрлі себептерін айтты. Енді мұны әрі қарай созбалақтауға болмайды. Биыл жобаны аяқтауды барынша жеделдету қажет. Қала жобаның тәмамдалуын үшінші жыл күтуде. Бұл бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе, – деп шегелеген болатын Ж.Қасымбек.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Бас директоры Биджу Наирдың өңір басшысының айтқанымен келісіп, бас иземеске амалы қалмады. «Өйтеміз, бүйтеміз» деген сыңайдағы шығарыпсалма әңгімесінің астарында қандай нақты іс-шаралар болады, оған енді алдағы уақытта көз жеткізетініміз анық.

Теміртаудың – Тұңғыш Президенттің еңбек отаны саналатын қаланың экологиялық проблемасын ел болып шешпесе, істің арты насырға шапқалы тұр. Бүйте берсе, алпауыт кәсіпорын деп әспеттеп жүрген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бергенінен келтірген зияны асып кететін түрі бар. Түптеп келгенде, әңгіменің бір ұшы ұлт денсаулығына келіп тірелетіні анық. Ал мұның артында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы