Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Шектеулер жеңілдеді, бірақ босаңсуға болмайды

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыздың алғашқы күнінен бастап Қызылорда облысында карантиндік талаптар жеңілдетілді. Аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына енген өзгерістерге сәйкес ас пен спорттық шараларды өткізуге рұқсат берілді. Бірақ қатысатындар саны 50 адамнан артық болмауы тиіс. Сондай-ақ осындай талаппен балалардың ойын-сауық орталықтары да ашылып отыр. Облыс аумағындағы бильярд клубтары толтырылуын 30 пайыздан асырмай жұмыс істей алады.

Шектеулер жеңілдеді, бірақ босаңсуға болмайды

– Бірінші наурыздан бастап 1-5 сынып, ал халықаралық мектептерде 1-7 сынып оқушылары аралас оқу форматында оқиды. Мектеп бітіретін 9, 11 және 12-сыныптарға да осындай тәртіппен оқуға рұқсат берілді. Ал бала саны 300-ден аспайтын қала мен ауыл мектептеріндегі барлық сынып оқушылары оффлайн білім алады. Бұған қоса, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Шектеулер жеңілдетілді, бірақ босаңсуға болмайды, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова.

Көктемнің бірінші күнінен қашықтан оқытып келген мектептердегі 1-5-сыныпта оқитын 82 201 баланың 81 070-і дәстүрлі оқуды бастап кетті. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, инфекцияның таралу қаупін болдырмау үшін оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтеді. Офлайн форматта білім алатын шәкірттер саны көбейіп келе жатқанын мынадан-ақ көруге болады:
І тоқсанда оқушылардың 79 пайызы қашықтан, 21 пайызы дәстүрлі білім алса, 1 наурыздан бас­тап мектепке келетіндер қатары 71 пайызға жеткен. Білім басқармасының басшысы мектеп формасына қатысты да қатаң талап қойылып отырмағанын жеткізді. Қаулыдағы өзгеріс эпидемиялық ахуалы тұрақты өңірлер қатарында тұрған Сыр бойында біраз нысандардың жұмысын жандандыруға жол ашып отыр. Бірақ мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне салынған тыйым әлі күшінде тұр.