Білім • 04 Наурыз, 2021

Бастауыш сынып оқушылары бірін бірі көріп мәз

379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 1-5 сынып оқушыларына 25 адамға дейін бір сыныпта жиналып оқуына рұқсат берілді. Биылғы оқу жылының ІІ-ІІІ тоқсанынан бері олар әр сыныпта 15 балаға дейін ғана оқып келген еді.

Бастауыш сынып оқушылары  бірін бірі көріп мәз

Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы карантиндік шек­теу шаралары туралы» қау­лы­ға бірқатар өзгеріс енгізді. Осылайша өңірде карантин талабы біраз жеңілдеп отыр. Мәсе­лен, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйым­дары штаттағы адам саны 15 және одан көп болғанда қыз­­­­мет­кер­лерінің кемінде 60%-ын қа­шықтан жұмыс нысанына ауыс­­­­­тыруды ұсынып отыр. Бұ­ған дейін бұл талап 80 пайыз болатын. Сондай-ақ санитар дәрігер облыстағы жеке кәсіп нысандары­на да қызметкерлерінің кемінде 50%-ын қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

«Бірінші кезекте 50 және одан жоғары жастағы қызметкерлерді қа­шықтан жұмыс істеуге ауыс­тыру, жиналыстар, кеңестер, с­еми­нарлар, конференцияларды офлайн режімде өткізбей, тек се­лек­­тор­лық режімде және бей­не­кон­ференц­байланыс арқылы өткізу ұсы­нылады» делінген қаулыда.

Жаңа қаулының өзгерістері, әсіресе білім саласындағы тәртіпке біраз өзгеріс әкеліп жатыр. Мы­са­лы, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылар саны 300-ге дейін контингенті бар, сыныптардағы балалар саны 15-ке дейін болатын қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі форматта оқытуға көшті. Сондай-ақ 2021 жылғы 1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін аралас оқытуға кіріседі.

Ал оқу бітіретін 9, 11 (12) сыныптар аптаның 6 күні аралас оқитын болды. Соның ішінде пәндердің 70%-ы штаттық ре­жім­де, 30%-ы қашықтан оқы­тылады. Олар сыныпта 15 адамнан артылмай, әлеуметтік қа­шық­тық­ты сақтап, «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша білім алады. Мектепте бір уақытта болатын оқушы саны жобалық қуаттың 30%-ынан аспауы, санитарлық-дезин­фекциялық режімді, маска ре­жімін күшейту талап етіледі. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқы­ту­ға рұқсат берілді.

– Егер мектеп оқушысы коро­­навируспен ауырып қалса, ол оқитын сынып жабылады. Ал бір мектептен екі немесе одан да көп мұғалім, немесе әр сы­нып­тың оқушылары covid-19-бен тіркелсе, онда мектеп уақытша жабылады, – деп түсіндірді об­лыс­тық санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау депар­та­мен­­ті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық оқуға рұқсат берілген болатын. Олар бүгінде пәндердің 70%-ын штаттық режімде, 30%-ын қашықтан оқып жатыр.

Өңірдегі көпшілік орындар үшін де карантин талаптары же­ңіл­деді. Мысалы, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін апта бойы үзіліссіз істей алады. Бұрын олар жексенбіде жабық болатын. Сауда үйлері мен орталықтары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, адам санын шектей және сани­тарлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қалыпты қызмет кестесіне көшті.

Нұрлыбек Мұстаевтың ай­туын­­­ша, жақын күндері облысқа «Спутник-V» вакцинасының 3 мыңнан аса екпесі келмек. Бұл өңір­де­гі медицина қызметкерлеріне және мұғалімдерге арналған.

14-наурыз – Қазақстанның батыс өңірінде бір-бірімен қол алысып, құшақтасып амандасатын дәстүрлі «Көрісу» мейрамы болатын. Бірақ санитар дәрігерлер осы дәстүрден биыл тыйыла тұруды ұсынып отыр.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы – коронавирус індетінің таралуы бойынша елімізде «сары аймақта» қалып отырған өңірдің бірі.