Жыраудың рухани бай мұрасы, өмірбаяны мен шығармашылығы жайындағы түрлі мәліметтер ұсынылған көрменің ашылу салтанатында жазушы, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан Жамбыл шығармашылығына ұлттық код ретінде қарау керек екенін айтты. «Жамбыл – революцияға дейін-ақ Жамбыл болған. Айтыс өнерінің төріне шыққан. Жетісу ғана емес, Алтайдан Арқаға дейін – бәрі мойындаған тұлға. Өйткені Жамбыл Жабаев қазақтың барша қиындығын басынан өткерген. Сол себепті біз Жамбылдың шығармашылығына ұлттық код ретінде қарауымыз керек. Ақынның шығармашылығын түсіну үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Жамбыл – ұлтымен бірге мәңгі жасайтын тұлға. Бабамыздың көрмесінің ашылуы – жас ұрпаққа үлгі боларлық дүние. Жастарымыз Жамбылдың шығармашылығымен танысып, сусындайды. Бұл көрме тарихи танымды қалыптастыру үшін қажет. Себебі Жамбылды мойындамаған адам жоқ», деді ол.
Көрмеге ақынның жыр жинақтары, сирек кездесетін кітаптары мен дастандары, ертегілері және әр жылдары жарық көрген шығармалары қойылды. Жамбыл өлеңдері әлемнің 50-ге жуық тіліне аударылған. Атап айтсақ, ақын мұрасын зерттеуші Мырзатай Жолдасбековтің «Ұлы дала ақыны» атты еңбегі Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне (ағылшын, француз, испан, орыс, араб және қытай) аударылып, жарық көрген еді.
«Жамбыл атамыздың рухани өмірін кітап көрмесі арқылы көрсету – бұл да бір мәдени, сауатты іс-шара деп ойлаймын. Оның мұралары аса мол екенін, мына көрмеге қойылған кітаптардың санынан-ақ байқасақ болады. Негізінде Жамбыл атамыздың шығармашылығын әртүрлі кезеңдерге бөліп қарастыруға болады екен. Шын мәнінде, кешегі Кеңес Одағы кезеңіне дейінгі, әсіресе, 1936 жылға дейінгі өмірін бір кезең деп қарайтын болсақ, қаншама мол қазынамызбен қайта қауышар едік. Мысалы, ақынның әзіл-қалжыңдары мен сұхбаттары, қай-қайсысы болмасын, зерттеуге сұранып тұр», деді филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек.
Сондай-ақ көрмеде Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, күйші Дина Нұрпейісова, опера әншісі Күләш Байсейітова, қазақтың әйгілі жазушылары Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев және т.б. белгілі қоғам қайраткерлерімен түскен фотосуреттері ұсынылды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы жыраудың ұлылығына тоқталып: «Ұлылардың ұлылығы сонда, Жамбыл атамыз Абайдың ұлылығын мойындаған ақын. Ұлылықты мойындай білудің өзі де – ұлылық! Жамбыл кез келген өлеңінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай!» деп бастайтын. Ол да сол кісінің атын ғасырдан- ғасырға жалғастырып келе жатқандығының белгісі. Ақынның өлеңдері Ұлы Отан соғысы жылдары, қазіргі тілмен айтқанда, «хит» болған. Мысалы, «Ленинградтық өренім» немесе соғысқа кеткен ұлы Алғадайға жазған хаттары тылда еңбек етіп жатқан қандастарымызға, сондай-ақ блокадада қалып қалған ленинградтықтардың да рухын көтеруге қызмет еткен өлеңдер деуге болады. Мен осы өлеңді көптеген ленинградтықтардың жатқа айтқанын көрдім», деді.