«Қазгидрометтің» солтүстікқазақстандық филиалының директоры Қымбат Мерғалымованың айтуына қарағанда, наурыздың ауа райы тұрақсыз болмақ. Болжам бойынша арасында қар аралас жаңбыр жауатын көрінеді. Айдың жалпы жылымығы жылдағы нормадан 1-2 градус жоғары болмақшы. Үшінші онкүндікте ауа райы кейбір жерлерде 12 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Солтүстік үшін бұл аса қауіпті. Өйткені жердің тоңы 114 см-ге дейін қатқан, бұл уақытта ол әлі жібіп үлгермегендіктен қардың суы жерге сіңе алмай үлкен тасқын тудырып, үйлерді, жолдарды басып қалу қаупі бар.
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков барлық суағарлар ашылғанымен 240 үй су астында қалуы мүмкін екенін айтты. Әкімнің айтуына қарағанда, олардың тұрғындарын эвакуациялайтын орындар осы бастан сайланып қойылған. Оған әзірге үш мектеп үйі белгіленген. Қаладан қар шығару жұмыстары қызу жүргізілуде, алайда жекеменшік сектордың үйілген қары тасылып болатын емес.
Биыл Есіл өзеніндегі қардың қалыңдығы орташа нормадан 60 пайызға артық. Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарындағы қар тіпті жылдағыдан екі есе қалың. Отырыста облыс әкімі Қ.Ақсақалов қызметтердің басшыларына көршілес облыстармен де ынтымақтасып жұмыс істеу керектігін ескертті. «Көршілермен тығыз байланысып, жедел ақпараттармен алмасып отыру міндет», деді ол.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Рамил Камаловтың айтуына қарағанда, Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінің тасуы – ең үлкен қауіп. Күзгі ылғалдың жиналуы оларда жылдағыдан орта есеппен алғанда 36 пайыз артық. Солтүстіктегі ең көп су Сергеев су қоймасында. Ондағы су деңгейі қазір 610,8 млн текше метр, ал мұздың қалыңдығы 70 см. Демек, мұз ерігенде судың қоймадан асып кететіні қазірдің өзінде белгілі. Өйткені қойманың барлық сыйымдылығы 693 млн текше метр. Қазір департаментте тасқынға қарсы жұмыстарды үйлестіретін штаб құрылған. Оған азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері де қатыстырылуда. Штаб бүгінгі таңда 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекенді бақылауға алып отыр. Сонымен қатар 92 елді мекен назарға алынған.
Барлық құқық қорғау органдарының 484 қызметкері мен 155 техникалық құралы тасқынға қарсы күресуге дайын. ТЖ департаментінің өзінен бұл күреске 264 адам күші мен 51 техника, Ұлттық ұланнан 60 адам мен 3 техника қатыстырылады. Ал қалған 160 адам мен 101 техника Полиция департаментінен тартылатын болады.
Жағдай шиеленісіп, шектен шығып, тасқынды құрықтауға күш келмей жатса, жергілікті атқару органдары 1912 адам күші мен барлығы 1478 техника, соның ішінде 316 су айдағыш техника қосатын болады. Техникаларға 687 тонна жанар-жағармай дайындалған. Сонымен қатар құм мен топырақ бөгеттерін жасауға 24,8 мың қапшық жиналған. Қаражат күшіне келетін болсақ, әзірге 895,6 млн теңгенің шығыны бекітілген. Қала әкімі Болат Жұмабековтің баяндамасын тыңдағанда облыс әкімі қосымша қаражат керек пе деп сұрады. Наурызда тағы да қар түсетінін ескерген қала әкімі қосымша қаражат қажет болатынын айтты. Құмар Ақсақалов бұл өтініштің қанағаттандырылатынын жеткізді.
Осындайда бәрінен де үрей мен дүрбелең қауіпті. Мұндайды тудырғысы келіп, алақанына түкіріп жүретін байбаламшылар да көп болады. Сондықтан облыс әкімі ақпараттың бір жерден әділетті түрде беріліп тұруын қадағалауды өзінің орынбасары Ғани Нығыметовке тапсырды. «Қажет болса өзім де күнде БАҚ құралдары арқылы халыққа шығып, жағдайды айтып отыратын боламын», деді ол. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдегі барлық 1400 суағар аршылып, су жолдарына кедергі болмауын қатты ескертті.
Қауіп 2017 жылғыдан биыл да кем болмайтын сияқты. Ең бастысы, жердің тоңы жібімей жатып күн ысып кетіп, қар күрт ерісе қатты қауіп сол болғалы тұр. Бірақ сақтанған қай күнде сау болары сөзсіз, сондықтан сақтық жұмыстарын барынша жеделдете берген дұрыс. Ол үшін күрес штабы күндіз-түні жұмыс істейтін болды.