Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Түркістан облысында 62 жобаны іске қосу көзделуде

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жылдың соңына қарай 306 млрд теңгенің 62 жобасы іске қосылады деп күтілуде. Осылайша 3802 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал шетелдің қатысуымен 164,1 млрд теңге сомасына 12 жобаны пайдалануға беру, 1071 жұмыс орнын ашу жоспарлануда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында 62 жобаны іске қосу көзделуде

Бұл деректер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен өңір инвесторлары кеңесінің онлайн отырысында айтылды. Италияның Қазақстандағы Елшісі Паскуале Д'Авино және «HEVEL КТ», «Artel Electronics», «ECOINVEST» ЖШС, «Ынтымақ Агро ХХІ» секілді шетел және еліміздегі алпауыт компаниялардың басшылары қатысқан жиында облыс әкімі өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ басқосуға қатысқан әр инвестордың бизнес – жобалары талқыланды. «Біздің инвесторлар – нағыз патриоттар. Барлық инвесторларға өңіріміздің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтқым келеді. Біздің басымдықтарымыз – бұл, ең алдымен, туризм, энергетика, қайта өңдеу, көлік-экономиканы әртараптандырумен байланысты барлық саланы қамту. Және бұл осы бағытта қолға алынған тірліктің бастамасы ғана»,  деді Өмірзақ Шөкеев онлайн-конференцияда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде еліміздің үздік өңірі деп танылды. Сондай-ақ облыс өңір инвестициялардың (+60%) және құрылыстың (+66%) өсу қарқыны сияқты көрсеткіштер бойынша көшбасшы болып табылады. Құрылған сәттен бастап Түркістан облысында 600 млн АҚШ долларын құрайтын 91 жоба жүзеге асып, шамамен 6 мыңдай жұмыс орны ашылды. Алдағы төрт жылда 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 93 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осылайша келешекте 21 мың адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, инвестициялардың негізгі үлесі туризмді, жаңартылатын энергия көздерін, өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-ні дамытуға бағытталатын болады. Жиында инвесторлар облыс басшылығына жобаларды іске асыруға көрсетілген көмегі үшін алғыс айтты. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы инвесторлардың облыстың кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне қосқан зор үлесін атап өтіп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Сондай-ақ ірі серіктестермен өзара іс-қимылдың даму барысын жіті қадағалайтынын, туындайтын мәселелерді шешуге және жобаларды іске асыруға барынша жәрдем беретінін айтты.