Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Түркістан облысының білім беру саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық деректері тіркелген

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен өткен жылы білім беру саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық деректері тіркелген.  Бүл салада  бүгінде сыбайлас жемқорлық көріністері жиі кездеседі.

Түркістан облысының білім беру саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық деректері тіркелген

Осыған орай, білім беру ордаларында туындайтын бармақ басты, көз қысты әрекеттердің деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында департамент бастамасымен облысқа қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен  кездесу өткізілді. Алқалы жиынға департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай,  облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев және аудан, қалалық білім бөлімдерінің басшылары қатысты. Жиында сөз алған Мирас Қарғабай өңірде алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығына қарамастан, білім бөлімдері облыстық басқарманың қарамағына өтуіне байланысты құжаттарды рәсімдеуге, антисептик алуға, олимпиададан жүлделі орындарды сарапқа салуда, аттестаттаудан өткізуге, жүргізілетін тексерулерде мұғалімдерден жүйелі түрде қаржы жинау деректері және кадр мәселесін шешу, сертификат пен диплом беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны талан-таражға салу, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында да жемқорлық көріністері жиі орын алып жатқандығын  жеткізді.

Соған сәйкес, департаменттің бастамасымен қала, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына түрлі іс-шараларға мәжбүрлі түрде қаражат жинауға тиым салу, өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық әрекеттерді тиісті органдарға хабарлауға міндеттелу және барлық нысандағы білім беру ұйымдарының кітаптар пен билеттер сатуға, оқу орнының қажеттіліктері үшін заңсыз ақша жинауға жол бермеу үшін басқарма басшысы Р.Жолаевтың қол қоюымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және жауапты тұлғаларды белгілеу туралы» бұйрық заңды күшіне енгендігі  атап өтілді.  Жемқорлықтың алдын алу қарқынын арттыру мақсатында  департамент пен басқарма бірлесе отырып,  алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын  жүргізеді және белгілі бір мерзімге құрылған нақты жоспардың аясында  ауқымды шаралар атқарылады.