Білім • 04 Наурыз, 2021

Алматыда ағылшын тілінен өткен білім сайысы мәреге жетті

10 рет көрсетілді

Алматыдағы Қыздар университеті студенттерінің ғылыми әлеуетін дамытып, білім алушылардың танымдық және шығармашылық қарым-қабілетін арттыру мақсатындағы «Smart future» атты білім сайысы мәреге жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тарих және шетел тілдері институтының ұйымдастыруымен өткен олимпиада ағылшын тілі пәні бойынша жүргізілді.

Онлайн режімдегі олимпиаданың ашылу рәсімінде институт директоры Жамал Әшірбекова мен Практикалық шетел тілі кафедрасының меңгерушісі Бакиза Пазилова қатысушыларға сәттілік тілеп, сайыстың мәні мен маңызы турасында әңгімеледі.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Алғашқы іріктеу кезеңінде қатысушылар лексика-грамматикалық тест тапсырмаларымен, аудио мәтінмен және бейне материалмен жұмыс істеді. Алғашқы кезеңнен 80% нәтиже көрсеткендер екінші кезеңде арнайы ұяшықтарда жасырылған сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен біліктіліктерін жан-жақты дәлелдеді.

Сайыс барысында Қыздар университетінің 1-курс студенттері мен №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогикалық колледжінің білімгерлері өзара баптары мен бақтарын сынасты.

– Олимпиаданың бірінші күні студенттер coreapp.ai платформасында лексика-грамматикалық тест, тыңдалым және оқылым дағдылары бойынша тапсырмаларды орындады. Оған 87 студент қатысты. Іріктеу бойынша 21 студент екінші кезеңге жолдама алды, – дейді олимпиада ұйымдастырушылары.

Екі күнге созылған білім жарысының қорытындысы бойынша бірінші орынға «Музыка» мамандығының студенті Минуара Нильдибаева лайық деп танылды. Жеңімпазға университеттің «Тілдер орталығына» бір айлық тегін ағылшын тілі курсына жолдама берілді. Екінші орынды «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Жанна Мақсатқызы мен №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогикалық колледжінің білімгері Алсу Тухватуллина өзара бөлісті.

Ал үшінші орын «Кітапхана ісі» мамандығының студенті Камил Галимбекова, «Информатика және робототехника» мамандығының студенті Аяжан Арайлым, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Ания Қалижанқызына бұйырды. Өзге қатысушылар «Алғыс хатпен» марапатталды.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар