Әлеуметтік желілерде таратылып жатқан жарияланымда Telegram-чатқа апаратын сілтеме көрсетілген. Онда COVID-19 ПТР-тестілеудің теріс нәтижелері бар бланкілер ұсынылған. Чатты құрушының айтуынша, бұл үлгілерді адамның аты-жөні мен күнді енгізу арқылы өзгертуге болады.
Денсаулық сақтау министрлігі талдау нәтижелері бар жалған бланкілерді түпнұсқадан ажырату және олардың дұрыстығын тексеру оңай екенін атап өтті.
«Комитеттің «Ұлттық сараптама орталығы» филиалдары ұсынған зерттеу хаттамаларының түпнұсқалығын зертханалық ақпараттық жүйе (ЗАЖ) бағдарламасы арқылы сәйкестендіру мынадай параметрлер бойынша жүргізіледі: ЗАЖ бағдарламасы берген зерттеу хаттамасындағы штрих код; www.nca.kz сайтында сәйкестендіруге болатын аккредиттеу аттестатының нөмірі көрсетілген, Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредиттеу органы берген аккредиттеу белгісінің болуы; «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» бұйрықпен регламенттелген зерттеудің әрбір түріне арналған зерттеу хаттамасының бекітілген нысаны. Нысанда зерттеу орындаушысының, зертхана басшысының деректері және ұйымның мөрі көрсетілген», деп хабарлады ведомстводан.
Қазақстанда жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу заңсыз болып табылады. Бұл үшін ҚР ҚК 385-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Заң бұзушылар екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Көрінеу жалған құжатты пайдалану 160 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
Сонымен қатар COVID-19 ПТР талдауының теріс нәтижесі көрсетілген бланк жасау қауіпті. Мұндай құжатты қолданған адам іс жүзінде індетпен ауырып, оны басқаларға жұқтыруы мүмкін.