Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс орталығы Түркістан қаласы айналысына 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады. Қазіргі таңда оның 7 700 гектары аяқталған.

Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі

Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев мәлім етті. «Облыста 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар. Өткенжылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. Түркістан қаласындағы жасыл белдеу аумағына «ҚазАтомпром» АҚ-мен қосымша 3664,5 гектар жапырақты және сексеуіл көшеттері мен тұқымы егілді. Сондай-ақ, орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн түрлі ағаш көшеттерін өсіруге қол жеткізіледі», деді басқарма басшысы.

Ғасыр басында, яғни 2000 жылы Елбасы Н.Назарбаев сыйға тартқан 8 Бұхар бұғылары Сырдария өзені бойында құрылған арнайы тұқымбаққа жіберілген болатын. Бүгінде бұғылар саны 176 басқа жетіп отыр. Сонымен қатар, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі»КММ-не қарасты жабайы жануарларды қайта қоныстандыруға арналған 200 гектар тұқымбаққа Алматы облысынан құлан және қарақұйрық аңдарын жеткізу бойынша келіссөз жұмыстары жүргізілуде. Браконьерліктің алдын алу мақсатында өткен жылы орман күзеті қызметкерлерімен 1 076 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 344 заң бұзушылық фактілері анықталған. Нәтижесінде 2 млн 786 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 2 млн 580 мың теңгесі өндірілген.

Сондай-ақ басқарма басшысы облыс аумағында 158 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленгенін айтып өтті. Былтыр жалпы 122 771 тонна қалдық жинақталып, оның 15 962 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. Ғарыштан түсіру нәтижесінде, облыс аумағында 265 бей-берекет қоқыс орындары анықталып, 252 нүктеге тазалау жұмыстары жүргізілген.