Қоғам • 05 Наурыз, 2021

Өсімдік әлеміне өмірін арнаған жан

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғаты қатал теріскей өңірінде туып-өскен Римма Дауренбекова өсімдіктер әлеміне жастайы­нан құмар болды. Бала кезінде көз­дің жауын алатын әдемі гүлдерді өсіруді серік етті. Содан болар, жастайынан агроном болуды армандады.

Өсімдік әлеміне өмірін арнаған жан

Бүгінде өмірін өсімдіктер әлемімен байланыстырған Римма қызметінде үлгілі, өнегелі отбасының отанасы атанып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туып-өскен Римма аудан орталығындағы Ах­мет Байтұрсынов жалпы орта мек­тебін үздік бітірді. Арман қуып, Алматы қала­сындағы Қазақ мемлекеттік аграр­лық университетінде «агроном» маман­дығын оқыды. Жастайынан табиғатқа, жер бетіндегі тіршілікке, әсіресе, жыл­дың төрт мезгілінде үлкен өзгеріске ұшы­рай­тын өсімдік атаулыға құмар қыз маман­дық таңдауда қателеспеген-ді. Жоға­ры оқу орнын бітірген соң туған жерге келіп еңбек етті. Өткен ғасыр­дың 90-жылдарындағы тоқырауда кеңшар-ұжымшарлар тарап, шағын қожалықтар­­ға айналды. Осы кезде алғашқы еңбек жолын агроөнеркәсіп, шаруа қожалығында агроном болып бастады. Шаруа қожалы­ғын­да жұмыс істеп жүріп, өз саласының қыр-сырына қаныға түсті. Еліміздің өзге өңірлерінен таби­ғаты ерекше Созақтың тосын міне­зін, онда өсетін өсімдіктер әлемін терең таныды. Ізденімпаздығы мен іскерлігінің арқасында 2007 жылы Созақ аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы-өсімдіктер карантині жөнін­дегі мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. Содан бері осы қызметті абыроймен атқарып келеді.

Жаңалыққа жаны құмар Римма Жөгі­байқызы осы жылдар аралығын­да елі­міздің азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тап, фитосанитарлық ахуал­дың тұрақ­тылығын қамтамасыз етуде өңірі­мізге өзіндік жетістіктерімен таныл­ған біре­гей жан. Соның ішінде рет­телетін аумақ­та шетелдерден немесе басқа да ка­ран­тиндi аймақтан заттардың заң­сыз келуінен қорғауды қамтамасыз етуде аса белсенділігімен, мінсіз қыз­меті­­­мен, жауапкершілігімен таныл­ды. Елі­міз­дің Өзбек­стан Республикасы­мен мем­лекеттік шекарасы арқылы өт­кізі­летін өнімдеріне мемлекеттік бақы­лау жүргізу кезінде халықаралық «Еура­зия­лық экономикалық одақта өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету» шешімінің талаптарына сәйкес келмеген өнімдерді анықтап, кері қайтарды және 650 кило өнімді жоюға қатысты. Өзі туралы әңгімеге сараң Римманың бұл − елге мәлім жетістіктері ғана.

«Жұмысым өзіме ұнайды. Өсім­діктер әлемі – жаным қалаған маман­дығым. Өзіме жүктелген міндетті жауапкер­шілікпен атқаруға тырысамын. Мәселен, шетелге экспортқа шығарылатын өсімдік тектес өнімдерді тексеріп, қадағалаймыз. Қажет болған жағдайда Шымкент қала­лық карантиндік зертханасына жібере­міз. Күнделікті ішкі сауда нысандарын­дағы өсімдік өнімдерін тексеріп, талап сақталмаған жағдайда әкімші­лік шара қолданып, айыппұл саламыз. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары­ның қауіп­сіздігі үшін қажет», дейді Римма Жөгібайқызы.

 Римманың іскерлік қабілеті аудан­дық аумақтық инспекциясының бас маман-өсімдіктер карантині жөнін­дегі мемлекеттік инспекторы болған кезде кеңінен таныла бастады десек қате­лес­пейміз. Себебі өз саласын жетік меңгерген маман шаруа қожалығы иелерінің арқасүйер ақылшысына айналды. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Замандастарын тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамтамасыз ету сынды игі іске ұйымдастырды. Еңбегі еленіп, Nur Otan партиясының аудандық филиалы төрағасының, облыстық, аумақ­тық инспекция басшысының алғыс хат­тарын иеленді. Абыройлы жан отбасы тір­шілігінің де ұйытқысы. Отаға­сы Қанат Мол­далиев екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Сымбат Тұрар Рыс­құлов атындағы Қазақ экономикалық университетін­де оқиды, ал Жанель − әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті­нің студенті. Ұлдары Нұрбақыт пен Әлижан − аудан орталығындағы Нәзір Төреқұлов IT лицейінің оқушысы. «Енем Бақыт Омарова ұзақ жылдар аудандық тұ­тынушылар қоғамында жұмыс істе­ді. Бүгінде зейнетте. Аяулы ана, осы кісінің тәлім-тәрбиесін көрдім. Ал­ғысым шексіз. Қырық жылдан асты, намазын қаза етпеген кісі. Бізге жол сілтеп, немерелерін тәрбиелеп отырған бақытты әже», дейді Римма Жөгібайқызы.

 

Түркістан облысы