– Мен әжемнің баласы болдым,– деп бастады әңгімесін кейіпкер. – Ол кісі гинеколог дәрігер еді, ал менің балалығым сол әжемнің қасында, әйелдер қабылдайтын кабинетте өтіп, ойыншықтарым да гинекологтің құрал-аспаптары, оқыған кітаптарым да сол саладағы еңбектер еді. Жалпы адамның қалыптасуына, өмірлік көзқарастарына отбасының атқаратын рөлі айрықша ғой. Ал мені баққан әжем – бір үйдің 16 баласынан тірі қалған жалғыз жан. Анасы әр жолы қол-аяғын бауырына алғанда егіздерін құшағына алады екен де, әжем 17-ші сәби болып, дүниеге жалқы келіпті. Алдындағы егіз аға-апаларының бәрі аштықтың құрбаны болғанда әжем 6 жаста ғана екен. Нағашы атам да – бір атадан қалған жалғыз тұяқ. Сондықтан кішкентай күнімнен бауыр зары, бала зары не екенін естіп өскендіктен, адамның артында ұрпақ қалуының, сол іске септігіңді тигізудің қаншалықты мәнді, әрі алғысы мол ізгі іс болатынын білдім.
Медицина ғылымының кандидаты, дәрігер-репродуктолог, эндокринолог, еліміздегі концептуалды тұңғыш репродукция және қартаюға қарсы KRAS Д-клиникасының басшысы Айгүл Қазыбаева – Алматы медицина институтының 1986 жылғы түлегі. Ол бүкіл еңбек жолын репродукцияға арнапты. Мәскеудегі аспирантурадағы жылдар, одан кейінгі еңбек өтілі, ЖОО сабақ беру, дәрігерлік қызметпен айналысу бәрі-бәрі тек осы игілікті мақсатқа құрылған. Институтты тәмамдап облыстық ауруханаға жұмысқа барғанда алдындағы өзіне тәлімгер әріптесінің нұсқауымен ішкі әлемімен үндескен осы салаға келген Айгүл Сметқызына сәби аңсаған ананың жүкті екенін білген сәтін көру ештеңемен өлшенбейтін болса керек.
– Жұмыс бөлмемдегі аурулар тарихына көзім түскен сайын сондай өзгеше бір күйге бөленемін. Кейде ұзақ жылдар бойына бір перзентке зар, ағзасында көптеген проблемасы бар осы анаға қалайша көмектесе алдық деп таңданатын да кезім болады. Әрбір сондай отбасының қуанышын көру – шын бақыт. Біздің клиникаға негізінен барлық жерді адақтап, ең соңғы үмітін арқалағандар жүгінеді. 40 пайызы алматылықтар, ал қалғаны еліміздің басқа өңірлері мен тіпті медициналық туризммен шетелдерден келеді. Әзербайжан, Ресей, Қытайдан таппаған емін Алматыдан алып, аңсаған балаларына қол жеткізді, осыған қалай қуанбассың, – дейді Айгүл Сметқызы.
Дүниеге перзент әкелу, ұрпақ жалғастығының тоқтамауы әр шаңырақ үшін ең бір қасиетті дүние, алайда неге біздің қоғамда белсіздік, бедеулік проблемалары күн тәртібінен түспейді? Үкімет те оған аса мән беріп, сәбиге зар отбасыларға көмек үшін биыл жасанды ұрықтандыруға деген квотаны 7 мыңға ұлғайтып отыр. Бүгінде елімізде 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр екен. Мұншама адамның есепте тұруына не себеп? Осының жайын маманнан сұрап көрдік.
– Себептері дейсіз бе? Өте көп, және күнделікті өмірде ұсақ-түйек санап, мән бере бермейтін жайлармен қатар, өмірлік көзқарастар мен тазалық, адамдық мораль дейсіз бе, соның барлығы әсер етеді. Солардың бәрі алдымен отбасындағы тәрбиеден, денсаулыққа жүрдім-бардым қарамау мен дұрыс тамақтану, түрлі инфекциялардан сақтануға тікелей байланысты. Ендеше алдымен бедеуліктің алдын алып, сақтануға бола ма деген сауалға жауап іздеу керек. Әрине болады. Біріншіден, біздің елімізде балалар гинекологиясы жоқ. Ал бұл өте қажет. Екіншіден, иод жетіспеушілігіне байланысты туатын эндокринді аурулар, оған үстеме бала кезден жиі баспамен ауыру, тістің кариесінің болуы, фаст фут тағамдарын жеуден ішектерге зиян келтіру мен ағзада трансмайлардың жиналуы, түрлі инфекцияларды отбасына алып келуге себеп болатын ерлердің бейберекет жыныстық қатынастарға түсуі сынды толып жатқан себептері бар. «Egemen Qazaqstan» ұлттық басылым болғандықтан, оқырмандардың бір жайтқа аса көңіл бөлуін сұрар едім. Қазақ «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді. Ұрпақ жалғасуын ойламайтын жан жоқ, алайда жастардың некеге дейін және некеден тыс қатынастарда қорғанбауы түрлі инфекцияларды жұқтыруға алып келеді. Және бір қаупі олардың дені ағзада жасырын дамиды, адам оны сезінбейді де, соңы барып әйелдің жатыр жолын бітеп тастайды, немесе қайта-қайта түсік тастауына себеп болады. Сондықтан да жастар мен жасөспірімдердің сақтығы, ұрпақ алдындағы, ұлт алдындағы жауапкершілікті ойлауы маңызды, – дейді дәрігер.
Ұлттық демографияны ойлаған Үкімет жасанды ұрықтандыруды қолдап, квотаның санын көбейтті. Әрине бұл – оң шешім, алайда мәселені түбегейлі қарастыруға, бедеуліктің алдын алатын жұмысқа жатпайды. Ол үшін амбулаториялық тұрғыда алдын алу мен емдеуді жолға қою керек. Біздегі әйелдер консультациясы тек жүкті әйелдермен ғана айналысып, оларды босанғанша ғана қадағалайды. Сондықтан бала көтеруді кешенді қарастыратын барлық қажетті гинеколог, уролог, андролог, эндокринолог тәрізді кәсіби мамандары бар түрлі емдеу шараларымен қатар, тәрбие, сақтандыру тәрізді маңызды істерді де назарда ұстайтын тегін амбулаториялық қызмет өте қажет. Бұл ЭК ұрықтандыруға қарағанда мемлекетке экономикалық тұрғыдан да, демографиялық мәселені шешуде де тиімдірек.
Ынта-жігері мен бойындағы қабілетін ұрпақ жалғастығына арнаған Айгүл Сметқызы: «Әрине бұл тұрғыда айтатын да, көтеретін де мәселе өте көп, мен аса бір маңызды дегеніндеріне аздап болса да тоқтауға тырыстым. Бірақ қалай дегенде де біз уақытқа тек ілесіп қоймай, сәл алға қарайтын, болашақты көздеген жоспарлар түзуіміз қажет. Керек десеңіз, бұл аса маңызды мемлекеттік іс, ұлттық қауіпсіздік, елдің болашағы десем де артық емес», дейді.