Қоғам • 05 Наурыз, 2021

Аспандағы Ардана

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ардана есімді ару қыз ұшқыш болуды жасынан армандаған екен. Бала кезінде техникалық тақырыптағы журналдардың бірінен көрген «МиГ-29» әскери ұшағының суреті әсершіл жастың болашақ тағдырына тікелей әсер етеді деп кім ойлаған?..

Аспандағы Ардана

Мектепті бітіре салысымен алып-ұшып арманына қол созған. Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына құжат тапсырды. Бірақ сынақтан өте алмады. Намысты қыз Ардана алған бетінен қайтпайтындардың санатынан еді. Енді Алатауды бетке алып, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түсуге бел буған.

«Талпынған жетер мұратқа» деген бар емес пе, бұл сынақтан сәтті өткен ол студенттік дәуренді артқа тастап, «Әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану» мамандығы бойынша диплом алып шықты. «Академияны тәмамдағаннан кейін менде 240 сағаттық рейд болды, дейді ұшқыш қыз. – Оның 40 сағатын мен Астана қаласының мемлекеттік авиациялық орталығында ұшып машықтандым. TL-2000, Tecnam P-2002, Diamond DA42 екі қозғалтқышты жеңіл ұшақтарды бағындыруды  меңгердім».

Қазіргі таңда аға лейтенант Ардана Ботай – Қарағандының авиациялық ба­за­­сында әскери қызметте жүрген жал­­ғыз қыз. Эскадрильяның аға ұш­қыш-жойғыш ла­уазымындағы ол ер адам­дармен тең дәре­жеде жұмыс іс­тейді. Нақтырақ айт­қан­да, Ардана «Су-30СМ» деп аталатын жаңа буын жой­ғыш ұшақтарын тізгіндеп жүр қазір.

Авиациялық эскадрилья командирі подполковник Бірімжан Тұлыпбаев Ардананың өзін жақсы ұшу деректері бар сауатты және жауапты ұшқыш ретінде көрсете білгенін мақтанышпен айтады. «Аспанда ұшқыштың бәрі бірдей. Сол себепті барлық ұшу құрамына қандай талаптар қойылса, Ардана Ботайға да соның бәрі қатысты», дейді командир.

Ал ұшқыш қыз болса, күніге зеңгір көкке самғап ұшып, өзінің кәсіби шебер­лі­гі мен біліктілігін ұштаудан жалыққан емес.

 

ҚАРАҒАНДЫ