Аймақтар • 08 Наурыз, 2021

Түркістан облысында мереке қарсаңында үшем дүниеге келді

441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны Лаура Тұрарбекова 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында үш қыз босанды. Бүгінде нәрестелер №1 облыстық перинаталдық орталығындағы дәрігерлердің бақылауында.

Түркістан облысында мереке қарсаңында үшем дүниеге келді

«Үйде тағы екі ұл мен екі қызым асыға күтуде. Мереке қарсаңында босандым. Осы орайда, әйелдер қауымын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Дәрігерлерге мың алғыс!», дейді көпбалалы ана.  Жаңа туған сәбилерге Жания, Рабия, Сания есімдері берілді.

Ананың дәрігерлерге шексіз алғысын білдіруінің өзіндік себебі де жоқ емес. Жеті жарым айлық болып өмірге келген шақалақтардың өкпесі дұрыс дамымай, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің арқасында шала туған нәрестелер аман қалып, аналары оларды бауырына баса алды.

Айта кетелік, жыл басынан бері орталықта 1571 бала дүние есігін ашқан. Олардың  38-і егіз болса, екеуі үшем.