Медицина • 09 Наурыз, 2021

Танымал онколог-дәрігер Райымқұл Қарақұлов өмірден озды

2373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Гематология және сүйек кемігін трансплантациялау орталығының профессоры, тәлімгері, онколог-дәрігері Райымқұл (Роман) Қарақұлұлы Қарақұлов өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz

Танымал онколог-дәрігер Райымқұл Қарақұлов өмірден озды

Бұл Қазақстанның барлық медициналық және онкологиялық қоғамдастығы үшін орны толмас қайғы.

Ол 1942 жылы 13 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңа базар ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітірген.

1967 жылдың тамыз айынан 1968 жылдың шілде айына дейін Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс істеді. Кейін Алматы мемлекеттік медицина институтының факультеттік терапия кафедрасының ассистенті болды. 1969 жылдың тамызынан бастап 1970 жылдың тамызына дейін Байкал әскери округінің әскери бөлімінде лазарет бастығы лауазымын, содан кейін 1970 жылдың қыркүйегінен бастап 1971 жылдың қазанына дейін авиациялық бөлімнің инженерлік батальонының (МҒР, Ұлан – Батыр қаласы) аға дәрігері болып қызмет атқарды.

Ол 1971 жылы ҚазОжРҒЗИ-ға қарапайым зертханашы болып қызметке келіп, 1977 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады, 1978 жылдан 1983 жылға дейін П.А. Герцен атындағы Мәскеу онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында тағылымдамадан өтті. 1986 жылы Мәскеу рентген-радиология ғылыми-зерттеу институтында (Обнинск қ.) докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

1984 жылдан бастап гемобластоздар бөлімшесінде жұмыс істеді, ҚазОжРҒЗИ-да осы бөлімшені құрудың бастауында тұрды. 1993 жылдан 1999 жылға дейін бөлімше басшысы, кейін химиотерапия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Соңғы жылдары ҚазОжРҒЗИ-дың Гематология және сүйек кемігін трансплантациялау орталығының профессор қызметін атқарды.

Оның негізгі ғылыми бағыты «Ісіктің молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қатерлі лимфомалардың қайталанатын және рефрактерлік түрлерін емдеуде моноклоналды антиденелердің тиімділігін зерттеу» болып табылады. Ғылыми зерттеулерді табысты орындағаны үшін 1984 жылы КСРО ҒА Президиумының сыйлығымен марапатталды.

2002 жылы Райымқұлға онкология профессоры атағы берілді, ал 2009 жылдан бастап Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (ХАА) толық мүшесі болды.

Ғылыми зерттеулердегі жетістіктері үшін «КСРО өнертапқышы» және «КСРО Денсаулық сақтау үздігі» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Профессор Қарақұлов институттың қоғамдық өміріне белсенді қатысты, институттың Ғылыми кеңесінің мүшесі, көп жылдар бойы кәсіподақ комитетінің мүшесі болды, ҚазОжРҒЗИ-да «Nur Otan» партиясының бастауыш партия ұйымын басқарды. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың атынан алғыс хатпен марапатталды.

Р.Қ. Қарақұлов шет елдердің ғалымдарымен белсенді ынтымақтастықта болып, халықаралық форумдар мен конгрестерге қатысты. 2013 жылдан бастап лимфорумның (қатерлі лимфомалар бойынша) тәуелсіз сарапшысы болды.

Ол 350-ден астам жұмыс жариялады, оның 50-і шетелде. Сонымен қатар, екі монографияның авторы, 10 авторлық куәлік, оның ішінде 2 халықаралық маңызы бар.

Райымқұл Қарақұлов – жоғары білікті маман, кәсібилігі, жоғары адами қасиеттері, орындаушылық тәртібі үшін әрдайым әріптестер мен пациенттер арасында лайықты беделге ие болған.

2020 жылдың желтоқсан айында ҚазОжРҒЗИ-дың 60 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.