Аймақтар • 09 Наурыз, 2021

Батыс Қазақстанда бір ай ішінде 457 адамнан коронавирус анықталды

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 1 наурыздан бері 457 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы Батыс Қазақстанда әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен облыстық жедел штабтың кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда бір ай ішінде 457 адамнан коронавирус анықталды

Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, індет жұқтырғандардың 39,6 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша қаралған кезде белгілі болды.

Сондай-ақ 39,4 пайызы – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Яғни үй ошағында оқшаулану тәртібі сақталмағандықтан, ковид кемі үш-төрт адамға жұғады. Наурызда КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 1075 адам медициналық бақылауға алынды.

Індет жұқтырғандардың 37,4 пайызы – жұмыс істейтіндер, 21,2 пайызы – зейнеткерлер, 17,3 пайызы – жұмыссыздар, 10,7 пайызы – оқушылар. Оқу жылы басталғалы барлығы 522, үшінші тоқсанда, 11 қаңтардан бері 307 оқушыдан індет шықты. 23 ақпан мен 8 наурыз аралығында 16 мектептегі 25 сынып карантинге жабылды.

«Алда Көрісу күні, содан кейін Наурыз мейрамы келе жатыр. Сондықтан осы мерекелер кезінде ең алдымен сақтықты ұмытпай, іс-шараларды онлайн өткізу керек», деді Н.Мұстаев.

Осыған орай өңір басшысы Ғ.Есқалиев мониторингтік топтар жұмысын күшейтуді тапсырды.