Бала кезінде Бурабайдың баурайында жиі кезедесетін көрініске, қожыр-қожыр қара тасты қақ жарып қарағайдың өсетініне таңғалушы еді. Аракідік мәңгі жасыл қарағайлардың арасында лүп еткен самал желмен тербеле майысып, кілемдей құлпырып, неше алуан гүл де өсетін. Көз алмай қарайтыны бар еді. Тамырлары қалай нәр алып жатыр екен? Тас түгіл құнарлы қара жердің өзінде өсер-өспесі белгісіз өсімдік атаулыға өміршең күш беріп тұрған қайсарлық-ау деп түйсінетін.
Әу баста бәрі жақсы еді. Жас көкіректі тәтті қиял, әдемі арман жайлаған. Бәрі бір сәтте түбірінен жұлынғандай, көктемей жатып үзілгендей болды. 2017 жылы жол апатына ұшыраған. Өзгесі өзге, омыртқаның зақымдануы өте қиын болды. Енді қайтып тұра алмайтынына, мынау көркем көріністі көз суарып тамашалай алмайтынына, көрген сайын көңіліңді қуантатын тамаша табиғаттың аясында басқалар тәрізді аяғын қаз басып жүре алмайтынына қатты налыған. Барар жеріңе өз аяғыңды басып барған да бақыт екен ғой, бұрын кім білген?!
Қиналып жатқанда қара тасты қақ жарып өсетін қарағай есіне түскен. Табиғаттың осы бір тылсым сәті қуат бергендей. Әне қазандай-қазандай тастардың үстінде үлбіреп гүл де өсіп тұр емес пе?
Ендеше бұл да тағдыр пешенесіне жазған жас ғұмырының бар қызығын толайым көреді, оған хақысы бар. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып мүгедектер арбасына таңылған Венера Тұманова ошарылып үйде отырып қалуды қош көрмеді. Қатарынан қалмай тырбануы керек. Бірақ қалай?! Мерзімді басылымдардан өзі тәрізді тағдыр тәлкегіне түскен жандардың спортты серік ететіндігін оқығаны бар еді. Ең алдымен қан айналымы жақсарады, балғын дене бұрынғы күш-қуатын қайта табады. Егер анық солай болса, көкірегіндегі үміт оты қоламтаның шоғындай қайта лаулайды. Осылайша ой түйген Венера үстел теннисімен айналыса бастады.
Алғашқыда қиын болды. Бармақ басындай, бір орында тұрмай зыр қағып, секектейтін үстел теннисінің добы ұстатар емес. Құдды өзінің көзінен бұлбұл ұшқан сап-сау балғын шағы тәрізді. Бірте-бірте жаттыққан. Уақыт өте келе машық қалыптасты. Енді тәп-тәуір ойнай алатын болды. Ойын біткен кезде тұла бойының дел-сал болып әбден шаршағанын сезетін. Бірақ сол шаршаудан да рахат табатын. Көз қанып, қол жаттыққан соң аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға қатыса бастады. Үнемі жүлделі орындарға ие болып жүр.
– Спорт – жан серігім, – дейді Венераның өзі, – бір жақсысы, осындай жерлерде мұңдас жандармен кезігесің, олардың жан сырын ұғасың. Соның өзі біртүрлі көңіліңді демеп, өмірге деген құштарлығыңды арттыра түседі. Жалғыз емессің, «көппен көрген ұлы той». Жалпы өмірде қандай қиындық кездессе де, мойымай жеңіп шығуға тырысу керек. Бір күндік сәулені көру, арайлап атқан таңның, алаулап батқан кештің шапағына шомылудың өзі жер басып жүрген адамның пешенесіне жазылған бақыт дер едім.
Ешқашан ешкімге масыл болғысы келмеген. Кейде рас, он екі мүшесі сау адамдардың тіршіліктен түңіле баз кешіп жататындығын түсіне алмайды. Аяқ-қолың сау болса, тас қопарып, тіршілік етіп, жұмыс істеуге әбден болады емес пе?! Қол арбаның мысықтабандап жылжыған екпінімен болашаққа жоспар құрған жігерлі қыз жаңа кәсіпті меңгерген. Бірақ онысына өткен жылы жаман тұмау қолбайлау болды. Әйтсе де табыссыз емес. Бурабай баурайына қысы-жазы келімді-кетімді жолаушы көп. Әсіресе, жаз айларында балаларын ертіп келіп, көркі көз сүйсіндіретін тамылжыған табиғатты аралататын ата-аналар аз емес. Бал күлкілі балалар мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген таңғажайып өлкеде алаңсыз қыдырғысы келеді. Міне, соларға арнап балалар көліктерін жалға беретін орын ашты. Қиын түгі де жоқ, алдымен ата-аналардың алғысын алады, балаларды қуанышқа кенелтеді. Сауапты іс. Өзіне де тиімді.
Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайсарлық қанына дарыған Венера алдағы уақытта қол жеткен табысымен шектеліп қалмай, бизнес әлеміне батылырақ қадам баспақ. Егер ісі оңғарылып жатса, өзі тәрізді адамдарға көмек қолын созсам деген ізгі арманы бар. Несі бар, ізденген мұратқа қашанда жетеді емес пе?!
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы