Тарих • 10 Наурыз, 2021

Тау баласы

1469 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сонау шекара шебіндегі аудандар бірігіп жатқан алмағайып заман. Кеңес өкіметі құлап, колхоз-совхоздар тараған. Жұмыссыз қалған жұрттың ала дорба арқалап кеткені де сол тұс. Қос қолға күрек таппағандары қопарыла қала жаққа көшіскен. Сонда қанша жерден лауазымды қызмет ұсынса да, Шаймардан Оразаев туған жерден табан аудармаған. Тәуелсіз елдің ертеңі үшін бас болып, сындарлы сәтте жауапты қызметтердің құлағын ұстады.

Тау баласы

Әркім өз жанын күйттеген қиын-қыстау мезетте Катонқарағайдың санаулы азаматтары түкпірдегі халықтың қамын ойласқан. Олар руханияттан, тарихтан, әдебиеттен әбден алыстап кеткен халықты селт еткізді, серпілтті. Бошай Кітапбаевтың екі бөлімнен тұратын шежіресі де 1994 жылы жарыққа шыққан. 3000 данамен басылған шежірені халық таласа-тармаса оқып, тегін түгендеді. Шәкеңнің шежіреге, тарихқа қызығушылығы сонау сағымданған бала күнінен басталған екен. Ол қасиеті туралы үзім нанды бөліп жескен сыныптасы Ерғазы Жайлыбаев әңгімелеп берген.       

– 1967 жылдың мамырында бір топ оқушы Өрнектің өр жағындағы Жалғыз тауға бет түзегеміз. Жалғыз тауға емес, соның арғы бетіндегі «Бейсенбай бекінген» дей-тұғын үңгірді көріп қайту үшін жолға шыққамыз. Тоғызыншы сыныпты бітіргеніміз кеше. Бейсенбай батыр бір жағынан Шәпенің нағашы жағынан арғы атасы. 1890 жылдары туған екен. Орысша, арабша хат таныған. Тұрған жері Өрнектің желке тұсындағы Жалғыз тау. Қытайға жер аумақ болған Бейсембай үйіне түнде түсіп, таң қылаң бере үңгірде жатып жүріпті. Үңгірдің аузына қарай ешкім шыға алмаған. Біз сол жерді қызықтап бардық. Шаймардан, Тоқтарбек, Тұрдыбектер бастаған 7-8 бала кіріп көрді, – деп сағымданған бала күндерін есіне алды Ерғазы Жайлыбаев.    

Сол күндегі желкілдеген жастар бұл күнде жетпіске жеткен. Жеткен дейміз, жеткені бар, өмірден өткені бар. Сыныптастарының алдында алғырлығымен, білімімен көзге түсіп жүретін Шаймардан Оразаев та бес күндік жалғаннан озған. «Жақсының аты өлмейді» дейміз ғой. Рас, оның жасаған жақсылығын катонқарағайлықтар әлі жыр қылып айтады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, 2001 жылы Қарағандының даласынан Қаратай батырдың мазары табылғанда қойын сойып, қымызын арқалап жолға шыққан да Шәкең еді. Катонқарағайдың бір топ зиялылары бабаларының басына құран оқытып, келгеннен кейін ауылдың кіреберісіне Қаратай батырға мүсін орнатуды қолға алған. Сол шаруаның басында да Ш. Оразаев тұрған еді. Көп ұзамай «жер біздікі» дегендей кейіпте найзасын білеген Қаратай батырдың мүсіні тұғырға қонды.

 Иә, Шәкең іскер азамат еді. Қай саланы болмасын, ұршықша иіріп әкететін. Катонқарағай аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы, аудан әкімінің бірінші орынбасары болды. Кейін Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауданы қосылғанда да туған елден қозғалмай, орынбасарлық қызметін Катонқарағайда отырып жалғастырған. Туған жеріне деген махаббатын осыдан-ақ байқауға болатын. Басқасын айтпағанда, ауданның құрылыс, өндіріс саласына сіңген еңбегі орасан. Шәкеңнің қолтаңбасы өңірдің әр саласында қалды. Бес мектеп, бір балабақшаның тұрғызылуына, шалғайдағы ауылдарға электр желісінің тартылуына өзінің үлкен үлесін қосты. Қаншама көпір салуға мұрындық болды?! Аудандағы 31 ауылдың 28-не автобус бағытын ашқан да Катонқарағайдың жеке аудан болып тұрғандағы соңғы әкімі Шаймардан Оразаев еді.  Жарайды, оның бәрі күнделікті шаруасы дейік.

Тәуелсіз Қазақстанның өнімін, пантыны тұңғыш рет шетелге шығарған да осы Шәкең емес пе еді?! Оны бірі білсе, бірі білмес. Өйткені Шаймардан Сүлейменұлы тірісінде «менің еңбегім» деп кеуде соқпаған. Қарапайым еді. Қарапайым отбасында тәрбиеленді. Әкесі – Сүлеймен соғыс ардагері. Мүгедектігіне қарамастан, «Черняховский» кеңшарында шопан болған. Бала-шағасы да еңбекпен біте қайнасып өсті. Шежіреге көз салсақ, Алтайдың етегінде Қаратайдан Шеруші әулеті өсіп-өнген. Сол Шерушіден Баубек, Жәнібек, Көшкінші, Көлібай деген төрт ұрпақ тараған. Шаймардан сол Көшкіншісінің ұрпағы. Алғырлығы, білімге деген ұмтылысы, еңбекқорлығы, атбегілігі тегіне тартса керек-ті.

Әкесі Сүлеймен ақсақал 1969 жылы кенеттен көз жұмып, әскери борышын өтеп жүрген Шаймардан ауылға қайтуға мәжбүр болған. Отбасының тірлігі тұңғыш ұлға қарап қалған соң, білек сыбана еңбекке араласқан. Алғашында «Черняховский» кеңшарына токарь болып орналасып, кейін кеңшардың Комсомол хатшысы қызметіне көтерілген. Бала күнгідей алғырлығының, ұмтылысының, білімінің арқасында қызметте сатылап өсе берді. Бірақ, өзінен кейінгі бауырларына қамқор бола жүріп, түбегейлі білім қуа алмады. Соның өзінде оқыған оқу орындарын қызыл дипломмен тәмамдап отырған. Тіпті Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқып, білім ордасының мақтанышына айналған. Ол тұста ел басқарған азаматтардың барлығы дерлік осы оқу орнында білім алғаны белгілі. Ленинагордың орман шаруашылығы техникумын да үздік аяқтады. Орман демекші, Шәкең орманын, тауын жақсы көрді. Катонқарағайдың орман шаруашылығында еңбек еткен жылдары, бұл саланы да биікке көтерді. Алтайдың тұмса табиғатын арам пиғылдылардан қызғыштай қорып, қорғағысы келді. Ел еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып, «Катонқарағай мемлекеттік Ұлттық паркі» құрылғанда тымағын аспанға атып қуанғандардың бірі Шаймардан Оразаев-тұғын.

Кейінгі жылдары жан-дүниесі ғана емес, қызметі де тау-таспен, табиғатпен байланысты болды. Өскеменнің орман шаруашылығын басқарып жүріп, қыруар шаруа атқарды. 50 мың гектар алқапты алақандағыдай бақылап отыру өз алдына, оның жайқалып өсуі үшін еңбектенді. Облыстың табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында бас маман болып жүріп, қаланың іргесіндегі жылыжайларды кеңейтіп, көшет санын арттыруды қолға алды. Орман, тауын ғана емес, аң-құстарды қорғаудың да тетіктерін ойластырды...

Е-е-е, өмір жалған. Тау-тасым, орман-көлім деп жүрген тау тұлға азамат 2013 жылы өмірден өтті. Елі Шәкеңнің еңбегін ұмытпақ емес. Жуықта Белқарағай ауылының бас жағындағы тұқым бағына Шаймардан Оразаевтың есімі берілді.

Бұл Алтай – Сақ бабамның көші жүрген,

Бұл Катон – кестеленген төсі гүлмен.

Сен өттің, туған жерді шексіз сүйіп,

Талын да, талабын да өсірумен.

Тауыңа тамыр тартты орман болып,

Шашылған жапырақтар есігіңнен.

Осынау тұқым бақты туған елің,

Атайды Шаймардан деп есіміңмен, – деген жүрекжарды өлең жолдарымен тұқым баққа тақта тас орнатылды. Табиғатын шексіз жақсы көрген, туған жеріне толағай жақсылық жасаған азаматқа қандай құрмет көрсетсе де артық емес.   

 

Шығыс Қазақстан облысы

Катонқарағай ауданы