Қазақстан • 10 Наурыз, 2021

Чех нарығына өнім экспорттайды

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан жалпы құны 324,8 млн доллар болатын 45-тен астам өнім түрін экспорттауды жос­парлап отыр. Бұл туралы экономикалық, өнер­кәсіптік және ғылыми-техникалық ынты­мақтастық жөніндегі Қазақстан-Чех үкімет­аралық комиссиясының тең төраға­ла­рының кездесуінде айтылды.

Чех  нарығына өнім экспорттайды

Кездесу бейнеконференция форматында өтті. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтің айтуынша, үкіметаралық комиссия – өзара ынтымақтастық мәселелерінің кең спектрі бойынша нақты шаралар қабылданатын алаң ретінде танылды. Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, алдағы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы (медициналық техниканы, жабдықтарды, дәрілік препараттарды және т.б. өнімдерді жеткізу) кезеңінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстандық сарапшылар сауда ынты­мақ­тас­тығын дамыту мақсатында Чехия нарығына шығарылуы мүмкін әлеуетті тауарлардың тізбесін дайындаған. Тізімге мұнай-химия, металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс саласының өнімдері енген. Кездесу барысында қазақстандық тарап Чехияның атом энергетикасы кәсіпорындарына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табиғи уран концентраттарын және уран өнімдерін жеткізу; станоктарды жөндеу және жаңғырту және олардың жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектерін өндіру жөніндегі орталықты (технопарк), сондай-ақ отандық өндірістерде одан әрі қолдану үшін Қазақстанда компоненттік база өндірісін дамыту жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығын құру; Қытайдан Еуропаға Чехия Республикасы арқылы контейнерлік жүктерді (жүк тасымалдарын) дамыту бойынша нақты ұсыныстар білдірген.

Министрліктің мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2019 жылы 380,4 млн долларды құраған. Ал 2020 жылдың 11 айында өзара сауда-саттық 9,9 пайызға төмендеп, 312,4 млн долларды құрапты. Чехияға экспорт үлесі 4,5 пайызға, Чехиядан импорт үлесі 11,2 пайызға қысқарған.