Қазақстан • 10 Наурыз, 2021

Көп ломбард жабылады

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде сот шешімімен мың­нан астам ломбард жұ­мы­сын тоқтатады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылдың екінші жартысында 1,7 мың ломбардтың әрекетіне қатысты сотқа ша­ғым түскен.

Көп ломбард жабылады

– 15 ақпандағы жағдай бо­йынша 1 072 ломбардқа қатысты мәж­бүрлеп жабу туралы шешім шығарылды. 144 ломбард бойынша сот шағымды қарастырған жоқ, 143 ломбардқа қатысты шағымдар қайтарылып алынды. Қалған 368 ломбардты мәжбүрлеп жабу мә­се­­лесі сотта қаралып жатыр, – дейді агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, барлық микро қаржы ұйымдары 2020 жылдың 1 қаңтар – 1 шілде аралығында агенттіктің есептік тіркеуінен өтуге міндеттелген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ондай тіркеуден 664 ломбард өткен. Бұл тіркеуден өтпеген заңды тұлғалар, оның ішінде ломбардтар мәжбүрлеп жабылу шешімін орындайды.

Былтыр жыл соңында ломбардтар ұлттық лигасы қауымдастығы 2020 жылы елдегі ломбардтардың 80 пайызы жабылғанын мәлімдеген еді. Қаржылық пирамидалардың кеңінен таралуы ломбардтар қыз­ме­тіне қойылатын талаптың кү­шеюіне алып келді. Өз кезегінде микроқаржы ұйымдары мұндай биік талаптарды орындай алмады. Ақырында нарықтан кетуге мәжбүр болған. Пандемия да мұндай қаржы ұйымдарының қызметіне кедергісін тигізді.