Спорт • 10 Наурыз, 2021

Өзбекстан мектеп бағдарламасына жаңа спорт түрін енгізеді

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстанның мектеп бағдарламасына текбол деп аталатын спорттың жаңа түрін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Еgemen.kz

Өзбекстан мектеп бағдарламасына  жаңа спорт түрін енгізеді

Бұл туралы Өзбекстанның Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

Жақында Ташкентте Текбол халықаралық федерациясы және Ұлттық Олимпиада комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, халықаралық ұйым жақын арада Өзбекстанға он мың бірлік мөлшерінде мүкәммал береді, ал халыққа білім беру министрлігі мен ҰОК осы спорт түрін елде танымал ету мақсатында ынтымақтаспақ.

«Іс-шара басталардан бұрын текболдың өте қызықты спорт түрі екеніне тағы бір көз жеткіздім. Бұл жаңа спорт түрі барлық оқушының сүйікті ойынына айналады деп сенемін. Оның көмегімен біз бірден бес-алты спорт түрін біріктіре аламыз. Ал бұл оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын ұйымдастыру процесінде өте маңызды», деді Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі Шерзод Шерматов.

«Біз Текбол федерациясына Өзбекстанда осы спорт түрін танымал етуге бастама алғаны үшін алғыс айтамыз. Бұл спорт әлемде өте жылдам дамып келеді. Текбол Өзбекстан Президенті ұсынған салауатты өмір салтын насихаттау үшін өте қолайлы. Бұл спорт түрі болашақта Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін», деп атап өтті ҰОК бас хатшысы Ойбек Қасымов.

Текбол – үстел теннисін еске түсіретін жаңа спорт түрі, онда қисық үстел мен футбол добына ұқсас доп қолданылады. Допты қолдан басқа дененің кез келген бөлігімен ұруға болады. Текболды 2014 жылы Венгрияда екі футбол әуесқойы ойлап тапты: бұрынғы кәсіби футболшы Габор Боршани және бағдарламашы Виктор Хусар.