Аймақтар • 10 Наурыз, 2021

Ақтауда дезинсекциядан кейін екі тұрғын қайтыс болды

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласының бас санитар дәрігері Әсима Жарылғасова тұрғындарды үй жағдайында өз бетінше дезинсекция жасамауға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда дезинсекциядан кейін екі тұрғын қайтыс болды

Облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының бас санитар дәрігері 1, 2, 3-кластағы химиялық заттармен тек арнайы лицензиясы бар мамандардың дезинсекция жасауына болатынын айтты. Оның айтуынша жағдайында өз бетінше 4-санаттағы препараттармен жұмыс істеуге рұқсат етілген.

«Жалпы заласыздандыру жұмыстары міндетті түрде республикалық реестр тізімінде бар препараттармен жүргізіледі. Яғни, сол тізімде жоқ заттарды республика аймағында пайдалануға қатаң тыйым салынған. Реестр тізімі интернет желісінде бар», деді Ә. Жарылғасова.

Оның айтуынша, жақында Ақтау қаласының екі тұрғыны химиялық уланудан қайтыс болған. Құзырлы органдар анықтағандай Ақтау қаласының тұрғыны «Квикфос» препаратымен (жәндіктерге қарсы препарат) көршілерін ескертпестен өз пәтерін дезинсекциялайды. Пәтерін залалсыздандырып болған соң, үйін кілттеп басқа шағынауданға кеткен. Кейін көршілерінің денсаулығы нашарлай бастаған. Салдарынан көрші әйел мен оның қызы көз жұмды.

Бас санитардың сөзіне сенсек, өңірде жәндіктерді улау препараттарын үй жағдайында қолданып, салдарынан болған қайғылы оқиға фактілері 2017, 2018, 2019 жылдары тіркелген.

«Қаладағы барлық тұрғын үйлердің тазалығына жауапты мекемелерде заласыздандырумен айналысатын ұйымдардың тізімі бар. Мәселен, Ақтауда тазалау жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар 8 мекеме жұмыс істейді. Қала тұрғындары кез-келген уақытта арнайы ұйымдардың қызметіне жүгіне алады. Егер үйде зарарсыздандыру жүргізілсе, тұрғындар міндетті түрде оны көршілеріне ескертіп, подъезге хабарландыру ілуі қажет. Бұл – улану жағдайларының алдын алады», - деді ол.