АСТАНА МЕН ПАВЛОДАРДЫҢ АРАСЫНДА №802/801 ЖҮРДЕК ПОЙЫЗЫ ЖҮЙТКИТІН БОЛДЫ
Бұған дейін осы екі аралыққа жүрдек пойыздар жүргізудің мәселесі бірнеше жылдарға созылғаны белгілі. Бұл пойызды әне жүргіземіз, міне жүргіземіз деген сол кездердегі облыс әкімдері де, темір жол басшылары да ауысып үлгерді. Мүмкін, кім біледі, бір себептері де болған шығар.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминдер осындай түйінді мәселені шешуге келгенде уәде үдесінен шықты. Облыс әкімдігі мен ұлттық компания арасындағы екі жақты меморандум да өз шарттарын орындады деген сөз. Сөйтіп, тұңғыш жүрдек пойыз жолға шықты. Ішкі құрылымын айтпағанның өзінде, сыртқы көрінісі көз тартарлықтай су жаңа пойыз вагондары жолаушылар үшін таңқаларлықтай әсер қалдыруда. Теледидардан көретін жаңа заманның жүрдек пойыздарына енді өздері жайғасып Астанаға баратындарына жолаушылар да қуанышты. Жүрдек пойыздың вагондары Ресей елінен сатып алыныпты. Пойыздар әзірше аптасына екі рет жүреді. Астанадан жұма, жексенбі күндері жолға шығады. Бұрынғыдай таң атқанша жүріп бармай, жаңа пойыз енді екі аралықты 6 сағат 29 минөт уақытта жүріп өтеді.
Шапшаңдық сағатына 130 шақырым болады. Билет құны да қымбат емес – 1500 теңгенің ар-жақ бер-жағында ала аласыз. Алдағы күндері Астанаға қарай алып-ұшып баратын жүрдек пойыздың жүру кестесі анықталып, жолаушылар талабы зерттеліп, нақтыланады. Сарыарқаның кең даласын басып өтетін жүрдек пойыздың үрдісінен қалмауға асыққан, Астанаға жылдам жетуге жолға шыққан керекулік жолаушылар да көп.
Сәтті сапар болсын!
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.