Жаңа жобаның таныстырылымына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және БАҚ өкілдері қатысты.
– Жаңа телевизиялық платформаның ашылуы – отандық медиа саладағы айтулы оқиға. Қоғамға сапалы әрі ашық ақпарат жеткізу – біздің қызмет саласындағы басты міндеттердің бірі. Соның ішінде әсіресе, жаңа теле-платформаның мемлекеттік тілге басымдық беретіні көңіл қуантады. Сондай-ақ жаңа бастама – отандық медиа саласының бәсекеге қабілетін одан әрі арттыруға үлкен серпін береді деп сенемін. Бұл орайда, осы жаңа жобаға бастама көтеріп, оның іске асуын қамтамасыз етіп отырған – «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Казақтелеком» компаниясына алғысымызды білдіреміз, – деді А.Балаева.
«Қазақтелекомның» «ТВ+» телевизиялық платформасы заманауи IPTV/OTT гибридті кешені негізінде құрылған. Бұл екі стандарт – IPTV және OTT өзара бөлек қолданған кезде де бірегей сапалы ұсыныстардың шоқтығын ұсынатын жүйе. Ал олардың бір алаңда топтасуы – абонентке өзіндік, бірегей, оңтайлы телевизиялық пакетті «өз қолымен» құруға мүмкіндік беретін мүлдем жаңа технологияға айналды.
– «ТВ +» телевизиялық платформасын биылғы қаңтар айынан бері қолданып келемін. Пайдаланушы ретінде менің зор қызығушылығымды оятты. Өте ыңғайлы, әрдайым қолжетімді екеніне көз жеткіздім. Саясат, бизнес әлемінде не болып жатқанын бірден біліп отыруға ыңғайлы. Уақтылы көре алмай қалған бағдарламаны қалаған жағдайда қайталап көруге қолайлы екен. Шетелде жүріп те осы мүмкіншіліктерді пайдалануға болады. Сондықтан бұл платформаны өте қызықты деп санаймын, – дейді А.Есімов.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қазақстандық нарықта алдыңғы қатарлы инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті. «Қазақтелеком» қызметінің аясында осындай жаһандық жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндіктер бар. Олар ұсынған инфрақұрылым негізінде бизнес пен өндіріске ғана емес, жаппай тұтынушыларға да ең сапалы және заманауи өнімдер ұсынылады. Сондай-ақ А.Есімов бұл жаңа жоба қазақстандық мамандардың күшімен жасалғанын да ерекше атап өтті. «Бұл жоба – «Самұрық-Қазына» қоры тобына кіретін компаниялар бүкіл ел күнделікті қолданатын ауқымды, жоғары технологиялы және танымал шешімдерді өз бетінше дамыта алатындығының дәлелі», дейді А.Есімов.
– «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы телевизия әлеміне қадам басқанына небәрі 10 жылдың жүзі болды. Солай бола тұра, біз белсенді дами бастадық. Бүгінде біз осы саладағы ірі ойыншылардың бірі саналамыз. 860 мың абонентіміз бар. Сондықтан осы жылы біз жаңа жобаны жүзеге асыруды мақсат тұттық. Кейінгі жарты жылда көп жұмыс атқардық. Ауқымды дайындық жұмыстарын қолға алдық. Сондай-ақ «Қазақтелекомның» инфрақұрылымын жетілдіру үшін соңғы екі жыл бойы ірі инвестиция тартылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге берген тапсырмалары да тиянақты орындалды, – дейді Қ.Есекеев.
Мәселен, 2018 жылы 12 қыркүйекте «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы республиканы цифрландыру бағдарламасы аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп шалғай жатқан ауылдарды кең жолақты интернетке қосу жобасы қолға алынды. Жоба аясында екі жарым жылда 14514 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері төселді. 828 елді мекендегі 2496 мемлекеттік мекеме кең жолақты, жоғары жылдамдықты интернетке, онлайн медицинаға, «ТВ+»-ке қол жеткізді. Мемлекеттік мекемелердің арасында ең алдымен мектептерге, ауруханаларға, әкімдіктерге, полиция пункттеріне, ветеринарлық клиникаларға баса назар аударылды.
– Кейбір адамдардың түсінігінде «Қазақтелеком» – контент жеткізетін «құбыр» деген ұғым қалыптасқан. Бүгін біз осы қасаң пікірді жойғымыз келеді. Біз бұл жаңа жобаны ұзақ тексердік. Түрлі сынақтан өткіздік. Бүгіннен бастап өз өнімімізді сатылымға шығарамыз. Осылайша, абоненттеріміздің қатары жылдам көбейеді деген сенімдеміз. Шамамен бір жарым жылдың көлемінде біздің телевизиямызды тамашалайтын 1-1,5 млн абонентіміз болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Қ.Есекеев.
Бұл телевизиялық платформаға «Қазақстанда жасалған» айдарымен отандық фильмдер мен бағдарламалардың да жиынтығы кіреді. Сондықтан жаңа платформаның пайда болуы – «Қазақтелекомның» ғана емес, сонымен қатар оның көптеген әлеуетті серіктесінің тарихындағы жаңа кезең деуге болады.
«Қазақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес бөлімінің бас директоры Игорь Погребицкий іс-шараға қатысушыларға жаңа өнімнің техникалық мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, дәстүрлі қызметтерден айырмашылығы – «ТВ +» бірқатар ерекше артықшылықтарға ие. Мәселен, көрерменнің эфирді өз бетінше басқара алу қабілеті. Яғни бейнемагнитофон секілді фильмді алға немесе кері айналдыру мүмкіндіктері қарастырылған. Екінші маңызды артықшылығы – теледидар көруге болатын гаджетті таңдау мүмкіндігі. Яғни смартфоннан, планшеттен немесе Smart TV функциясы бар теледидардан көру мүмкіндігі бар. Ең бастысы, үйде интернет болуы керек.
– «ТВ+» жобасы арнаның теледидарлық бағдарламасына емес, көрермен қажеттілігіне сай бейімделеді. Пайдаланушының теледидары ескі үлгіде болса да, STB приставкасын пайдалану арқылы тамашалауға болады. Көрермен нені пайдаланса да сапа төмендемейді (HD немесе 4K). Жаңа жобаға қосылудың уақыты келді, – дейді И.Погребицкий.
Айта кету керек, «TV +» платформасының бар мүмкіндіктерін «Қазақтелеком» абоненттері ғана емес, басқа операторлардың тұтынушылары да пайдалана алады. Интернетке кіріп немесе арнайы қосымшаны орнатып, 170-ке жуық арнаны, мыңдаған фильм мен телехикаяны көруге болады. Ал мазмұнның сапасы кез келген интернет жылдамдығына автоматты түрде бейімделеді. Тарифтік жоспардың құны айына 1700 теңгеден басталады.