БҰҰ мандаты негізінде жұмыс істейтін бірінші қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі – еліміздің әлем алдындағы бітімгершілік беделін нығайтқан алғашқы қадамның бірі еді. Ливандағы бітімгерлік операциясына қатысқан Диля Жақсылыққызы жылға жуық уақыт CIMIC әскери-азаматтық ынтымақтастығының штабтық офицері ретінде қызмет атқарған. «Біз үнді батальонының құрамына өзіміздің ұлттық контингентті жіберіп отырамыз. Қазіргі таңда бесінші ротация дайындалып жатыр. Біздің рота мен үнді батальоны – шығыс секторда. 2019 жылы екі адам штаб офицері ретінде батыс секторда жұмыс істеу үшін таңдалып алынған болатын. Ал италиялықтардың басшылығында болған батыс сектор бес батальонға жауапты. Мен қызмет еткен батальон да осы секторда орналасқан», дейді полковник.
БҰҰ бітімгерлік миссиясындағы үш негізгі қатысушы топты атап көрсетуге болады. Олар – әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлері, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардан азаматтық тұлғалар және жергілікті тұрғындар мен олардың үкімет өкілдері. Полковниктің сөзіне қарағанда, әскери-азаматтық ынтымақтастық осы топтардың арасындағы байланыстырушы әрі бірлескен жұмысты үйлестіруші қызметін атқарады.
«Ливанда біз ең осал салаларды анықтау үшін жергілікті халықпен, атқарушы органдармен, қала, аудан басшыларымен, «мұхтарлар» деп аталатын ауыл ақсақалдарымен кездестік. Жергілікті тұрғындармен кездесу біздің көмегіміз кімге қажет, гуманитарлық ұйымдардың көмегі қай жерге бірінші жеткізілуі керек екенін білуге мүмкіндік береді. Сол себепті де біз көмек пен қолдауға мұқтаж мектеп, балалар үйі, арнайы сұраныстары бар балалар және жеткіншектерге арналған мамандандырылған мекемелер мен әйелдер қауымдастығымен жиі жүздесуге тырыстық», деген Ахметова БҰҰ бітімгерлік миссиясындағы әйелдердің алар орны өте зор екенін атап өтті.
Әлемді әйел әлдилеп тұр
«Бітімгерлік миссия қарулы қақтығыстар болып жатқан мемлекеттерде іске асырылады. Кей елдер әскери соғыстан енді ғана ес жинап жатады. Кез келген соғыста ең көп зардап шегетіндер – әйелдер, қарттар мен балалар. Дәл осы үш буын әр елдің ең осал әрі нәзік тұсы. Әскери қақтығыстың салдарынан жазықсыз жапа шегіп, мерт болатындар да осылар. Дәл қазіргі уақытта көпаспектілі бітімгерлік операциялар Африка елдері – Мали, Оңтүстік Судан, Конгода өтіп жатыр. Бұл елдерде де қарулы қақтығыстан қан құсып, қайғы жұтып жүргендер аналар мен қыз келіншектер, тойынып тамақ ішпей, түн ұйқысының тыныштығы кеткен сәбилер мен қарттар.
Мұндай елдерде азық-түліктің жетіспеушілігі, қираған үй мен баспанасыз қалу басты мәселе емес. Қарапайым халықтың жүрегін жаралайтыны – бір отбасының шашырап, бір-бірінен айырылып қалуы. Қарулы қақтығыстар жүріп жатқан елдерде сексуалдық зорлық-зомбылық деген өткір мәселе де жиі кездеседі. Зорлықтың құрбанына айналған қыз-келіншектер мен балаларды бұл қасіреттен құтқарып қалу өте қиын. Ал бауыр еті баласынан тірідей айырылып қалған ананың қайғысын анадан артық кім сезіне алады? Әйелдің зар-мұңын әйелден артық ешкім түсіне алмайды. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жап-жас қыздың жан жарасы мен тән жарасын әйел ғана емдей алады. Шаңырағы ортасына түсіп, күлге айналған баспанасының орнын сипап қалған отанасының қасіретін әйел ғана шын жүрегімен қабылдай алады. Аласапыран кезінде ата-анасынан айырылып қалған балаға әйел ғана ерекше мейірім танытып, құшағына алып, жұбата алады. Сондықтан да бітімгер әйелдің бұл миссияда берері өте мол», деген Диля Жақсылыққызы БҰҰ-ның да мұны өте жақсы түсінетінін айтып қалды. Себебі қазір қандай да бір ел бітімгерлік операцияға қатысуға ниет білдірсе, БҰҰ-ның қойған талаптарын орындауы қажет. Ал ұйым қойған басты талаптардың бірі – жіберілетін бітімгерлердің 15-20 пайызы әйелдер болуы шарт.
«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізуде қоғамдағы әйелдің рөлі мен олардың құқын қорғау мәселелері өзектілігін жойған емес. БҰҰ бітімгерлік операциясына әйелдердің қатысуы олардың басты міндеттерін тиімді әрі сәтті жүзеге асырудың қажетті алғышарттарының бірі болып саналады. Гендерлік мәселелер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Бейбітшілік пен қауіпсіздіктегі әйел туралы» арнайы Қарары негізінде қаралады. Өткен жылы БҰҰ-ның гендерлік тұжырымдамасының іске асырыла бастағанына 20 жыл толды. Дәл осы тұжырымдамада әскери және полиция қызметкерлерінен тұратын бітімгерлік топтың құрамындағы әйелдердің үлес салмағын арттыру туралы айтылады. Бұл тұрақты әлемге қол жеткізуге, әскери қақтығыстар болған аймақтағы қыз-келіншектердің әл-ауқатын арттыруға үлкен сеп балары сөзсіз», дейді басқарма басшысы.
«Отбасында, қоғамда, тіпті жалпы әлемде әйелді адамзаттың әлсіз жаратылысы деп қабылдайды. Бұл ықылым заманнан қалыптасып қалған қағида. Рас, әйел, ол – нәзіктік. Алайда бауыр еті баласы мен әлемге қандай да бір қауіп төнсе, сол нәзіктік тау қопарып, тас жара алады. Себебі әйел жаны тыныштықты қалайды. Ол айналасының береке-бірлікте, бейбітшілікте өмір сүргенін тілейді. Бейбіт өмірдің тыныштығын сақтап қалу үшін барын салады, қолынан келгеннің бәрін жасайды». Ғұмырының біраз жылын әскери салаға арнап келе жатқан Диля Жақсылыққызының бұл сөздері өмірдің өзінен алынған. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгерлік операцияларының бел ортасында жүретін полковник әйел адамның қолы тиген жер сәулеленіп шыға келетініне талай рет куә болған.
«Әйел әуелден бейбітшілік пен берекенің, мейірім мен шапағаттың символына айналған. Сондықтан ба, білмеймін маған әлемді әйел әлдилеп тұрғандай көрінеді», дейді Диля Ахметова.
Көмек көрсету күш береді
«Кез келген жұмыстың өз жауапкершілігі мен жүгі бар. Ал әскери салада бұл талап еселене түседі. Біздің салада талап-міндет әйелдердікі, ерлердікі деп екіге жарылмайды. Жауапкершілік барлығына ортақ әрі бірдей» деген полковник өзі басқарып отырған бітімгерлік даярлық басқармасының басты қызметі жайлы түсіндіріп өтті.
«Басқарманың басты міндеті – бітімгерлік миссияға жіберілетін барлық жеке персоналды арнайы даярлықтан өткізу. «Барлық персонал» дегенге ерекше акцент беруімнің басты себебі бұл құрамның ішінде әскери қызметшілерден бөлек, полиция қызметкерлері, азаматтық тұлғалар да бар. «Бітімгершілік қызметі туралы» заңға сәйкес бітімгерлік миссиясына жіберілетіндердің барлығының дайындығына Қорғаныс министрлігі жауап береді. Яғни бітімгерлерді даярлаумен айналысатын тікелей біз жауаптымыз. Даярлық екі саты – жеке және ұжымдық дайындық бойынша жүргізіледі. Басқарманың оқытушы құрамына қойылатын талап өте жоғары. Даярлық курстарының барлығы ағылшын тілінде жүргізілетінін ескерсек, бұл талап екі еселене түседі. Белгіленген межеден кем болмауымыз үшін білім-біліктілігімізді ұдайы жетілдіріп отырамыз. Себебі басқарма қызметкері бітімгерлік миссиясына қатысатын адамнан білім жағынан да, біліктілік жағынан да оқ бойы озық тұруы қажет», дейді ол.
«Кімдер бітімгер бола алады?» деген сұрағымызға полковник: «Үміткер бітімгер болуы үшін ең алдымен арнайы іріктеуден өту керек. Ал бірнеше сынақтан тұратын іріктеуден үздіктердің үздігі ғана өтеді. Физикалық, моральдық-психологиялық дайындыққа қатты көңіл бөлінеді, денсаулықтың мықты болуы, ағылшын тілін жетік меңгеру, механикалық қораппен басқарылатын көлікті жүргізе білу де үлкен маңызға ие. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана үміткерлер қатарына қосылады», деп жауап берді.
Бітімгерлік қызметтің қиындығынан гөрі, қым-қуыт қырын сөз еткен полковник: «Таңнан түннің ортасына дейін жұмыс істеуге тура келетін кездер бар. Бірақ бұл жай ғана физикалық қиындық, ал отбасы мен туған жеріңнен жырақта жүру одан да қиын. Маған әсіресе ұлымнан алыс кету ауыр тиді. Бірақ соғыс дейтін сұрапылмен бетпе-бет келген, көмекке мұқтаж, соның салдарынан зардап шегіп жүрген жандарға қолұшын созып жүргеніңді жан-тәніңмен сезіну өз-өзіңді жоғалтпауға, намысыңды қайрауға, мықты болуға итермелейді. Қанша шаршап, қалжырасаң да ертесіне бойыңды тіктеп, еңсеңді көтеріп сапқа тұруға жігер беретін де осы күш – халыққа көмек көрсетсем деген ниет», дейді.
Адастырмаған бала арман
Қазақы қаймағы бұзылмаған Шымкентте дүниеге келіп, ауызбіршілігі ұйыған берекелі отбасында бой жеткен Диля Жақсылыққызы – шаңырақта құлпырып өскен бес қызғалдақтың сүт кенжесі. «Мен көптің ортасында – алдымдағы төрт әпкем мен әке-шешемнің мейірім, махаббатына шомылып өскен перзентпін. Отбасымның татулығы, бір-біріне қолдауы өте берік еді. Әкем ешқашан «ұл керек еді» деп ашық айтқан емес. Алайда асқар тауымның осы бір ойын бала болсам да жан-дүниеммен сезінетінмін. Сондықтан да болар, оң-солымды танып, бой жете бастағаннан-ақ әкеме қыздың ұлдан да мықты, өжет бола алатынын дәлелдегім келетін», дейді балалық шағынан сыр шерткен ол.
Ахметованың әкесі де офицер, ІІМ-нің ардагері болған екен. «Бала кезімде әкемнің парадтық формасына, медальдарына қатты қызығатынмын. Өскенде дәл әкем сияқты әскери адам болсам деп армандайтынмын. Ол кезде Шымкенттегі ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 8-мектепте білім аламын. Неге екенін білмеймін, бірақ мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақ мамандығымды міндетті түрде ағылшын тілімен байланыстыратынмын. Балалық арманымды риясыз сеніміммен бекемдетіп те қоятынмын. Қазір осы арман-мұраттарымның орындалғанын мақтанышпен айта аламын. Әскери адаммын, форма киемін және жұмысым тікелей ағылшын тілімен байланысты», деген Диля Жақсылыққызы өзінің шағын отбасында 11 жасар ұлының өсіп келе жатқанын да ерекше бір мейіріммен айтып өтті.
«Өмірде жылт еткен жақсылығымыз болса соның бәріне отбасында қаланған іргетасымыз бен ұяда алған тәлім-тәрбиеміз себепкер» деген полковник: «Әскери салаға келуіме әкем үлкен әсер етті. Менің ғұмыр жолыма үлгі бола білген де сол кісі. Себебі көзімді ашқаннан көргенім – формадағы адам болды. Тұла бойы тіп-тік, сымдай тартылған, тап-таза, тәртіпті әкеге қарап бой түзедім. Мен де бала кезімнен маңызды, айтулы дүниенің бір бөлшегі болсам деп армандайтынмын», дейді.
Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған жылы ол кездейсоқ көршісінен бір министрліктің ағылшын тілін білетін мамандарды іздестіріп жатқанын естіп қалады. «Көршім қолыма ұстатқан телефон нөміріне хабарласқанда ғана Қорғаныс министрлігі екенін білдім. Мені әңгімелесуге шақырды. Алғашқы сынақтардан сүрінбей өтіп, қызметке қабылдайтындарын айтқанда қатты қуандым. Екі бірдей арманымның – әскери қызметкер атансам және мамандығым ағылшын тіліне қатысты болса екен деген тілегімнің жүзеге асқанына бақыттымын. Осылайша балалық арманым кездейсоқ орындалды», дейді ол.
Сөзінің соңында әскери әйелдерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына жіберу туралы уақтылы әрі дұрыс шешім қабылдаған Қорғаныс министрлігіне алғысын білдірген полковник Ахметова «бітімгер болу баға жетпес тәжірибе алуыма мүмкіндік берді» дейді.