Қазақстан • 11 Наурыз, 2021

Бітімгер – бейбітшілік елшісі

468 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент құрған Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі Қазақ елінің бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық қағидаттарына берік екенін толықтай дәлелдеп берді. 2007 жылдан бері БҰҰ-ның Непал, Кот-д' Ивуар, Батыс Сахара және Ливандағы бітімгерлік миссияларына 35 қазақстандық әскери қызметші қатысса, оның ішінде төрт әйел штабтық офицер және әскери байқаушы ретінде барған. Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік даярлық орталығының бітімгерлік даярлық басқармасының басшысы, полковник Диля Ахметова – сол төртеудің бірі.

Бітімгер – бейбітшілік елшісі

БҰҰ мандаты негізінде жұмыс істейтін бірінші қазақ­стан­дық ротаның Ливанға жіберілуі – еліміздің әлем алдындағы бі­тім­гершілік беделін нығайтқан ал­ғашқы қадамның бірі еді. Ливан­да­ғы бітімгерлік операциясына қатысқан Диля Жақсылыққызы жылға жуық уақыт CIMIC әскери-азаматтық ынтымақтастығының штабтық офицері ретінде қызмет атқарған. «Біз үнді батальонының құрамына өзіміздің ұлттық кон­тин­гентті жіберіп отырамыз. Қазіргі таңда бесінші ротация да­йындалып жатыр. Біздің ро­та мен үнді батальоны – шы­ғыс секторда. 2019 жылы екі адам штаб офицері ретінде батыс секторда жұмыс істеу үшін таңдалып алынған бола­тын. Ал италиялықтардың бас­шы­лы­ғын­да болған батыс сектор бес батальонға жауапты. Мен қызмет еткен батальон да осы секторда орналасқан», дейді полковник.

БҰҰ бітімгерлік миссия­сын­дағы үш негізгі қатысушы топ­ты атап көрсетуге болады. Олар – әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлері, үкі­­­меттік және үкіметтік емес ұйым­­дардан азаматтық тұл­ға­лар және жергілікті тұр­ғын­­дар мен олардың үкімет өкіл­­дері. Пол­ковниктің сөзіне қара­ғанда, әскери-азаматтық ынты­мақ­тас­тық осы топтардың ара­сын­­дағы байланыстырушы әрі бір­лес­кен жұмысты үйлестіруші қыз­метін атқарады.

«Ливанда біз ең осал салаларды анықтау үшін жергілікті халықпен, атқарушы органдармен, қала, аудан басшыларымен, «мұхтарлар» деп аталатын ауыл ақсақалдарымен кездестік. Жергілікті тұрғындармен кездесу біздің көмегіміз кімге қажет, гу­манитарлық ұйымдардың кө­мегі қай жерге бірінші жет­кізілуі керек екенін білуге мүм­кіндік береді. Сол себепті де біз көмек пен қолдауға мұқтаж мек­теп, балалар үйі, арнайы сұ­ра­ныстары бар балалар және жеткіншектерге арналған мамандандырылған мекемелер мен әйелдер қауым­дас­тығымен жиі жүздесуге тырыстық», деген Ахметова БҰҰ бітімгерлік миссиясындағы әйелдердің алар орны өте зор екенін атап өтті.

 

Әлемді әйел әлдилеп тұр

«Бітімгерлік миссия қарулы қақ­тығыстар болып жатқан мем­лекеттерде іске асырылады. Кей елдер әскери соғыстан енді ғана ес жинап жатады. Кез кел­ген соғыста ең көп зардап ше­ге­тін­дер – әйелдер, қарттар мен балалар. Дәл осы үш буын әр елдің ең осал әрі нәзік тұсы. Әскери қақ­тығыстың салдарынан жа­зық­сыз жапа шегіп, мерт болатындар да осылар. Дәл қазіргі уақытта көпаспектілі бітімгерлік операциялар Африка елдері – Мали, Оңтүстік Судан, Конгода өтіп жатыр. Бұл елдерде де қарулы қақтығыстан қан құсып, қайғы жұтып жүргендер аналар мен қыз келіншектер, тойынып тамақ ішпей, түн ұйқысының тыныш­ты­ғы кеткен сәбилер мен қарттар.

Мұндай елдерде азық-түлік­тің жетіспеушілігі, қираған үй мен баспанасыз қалу басты мәселе емес. Қарапайым халықтың жү­регін жаралайтыны – бір отба­сы­ның шашырап, бір-бірінен айырылып қалуы. Қарулы қақ­ты­ғыстар жүріп жатқан елдерде сексуалдық зорлық-зомбылық деген өткір мәселе де жиі кездеседі. Зорлықтың құрбанына айналған қыз-келіншектер мен балаларды бұл қасіреттен құтқарып қа­лу өте қиын. Ал бауыр еті ба­ла­сынан тірідей айырылып қал­ған ананың қайғысын анадан артық кім сезіне алады? Әйел­дің зар-мұңын әйелден артық ешкім түсіне алмайды. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жап-жас қыздың жан жарасы мен тән жарасын әйел ғана емдей алады. Шаңырағы ортасына түсіп, күлге айналған баспанасының орнын сипап қалған отанасының қасіретін әйел ғана шын жүрегімен қабыл­дай алады. Аласапыран кезінде ата-анасынан айырылып қалған балаға әйел ғана ерекше мейірім танытып, құшағына алып, жұ­ба­та алады. Сондықтан да бі­тім­­гер әйелдің бұл миссияда берері өте мол», деген Диля Жақ­­сылыққызы БҰҰ-ның да мұ­­ны өте жақсы түсінетінін айтып қалды. Себебі қазір қандай да бір ел бітімгерлік операцияға қатысуға ниет білдірсе, БҰҰ-ның қойған талаптарын орындауы қажет. Ал ұйым қойған басты та­лаптардың бірі – жіберілетін бі­тімгерлердің 15-20 пайызы әйел­дер болуы шарт.

«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізуде қоғамдағы әйелдің рөлі мен олардың құқын қорғау мәселелері өзектілігін жойған емес. БҰҰ бітімгерлік операция­сына әйелдердің қатысуы олар­дың басты міндеттерін тиімді әрі сәтті жүзеге асырудың қа­­жетті алғышарттарының бірі болып саналады. Гендерлік мә­селелер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің «Бейбітшілік пен қауіп­сіз­діктегі әйел туралы» арнайы Қарары негізінде қаралады. Өткен жылы БҰҰ-ның гендерлік тұжы­рымдамасының іске асырыла бастағанына 20 жыл толды. Дәл осы тұжырымдамада әскери және полиция қызметкерлерінен тұра­тын бітімгерлік топтың құ­ра­­мындағы әйелдердің үлес салмағын арттыру туралы айтылады. Бұл тұрақты әлем­ге қол жеткізуге, әскери қақ­ты­ғыс­тар болған аймақтағы қыз-ке­ліншектердің әл-ауқатын арт­ты­ру­ғ­а үлкен сеп балары сөзсіз», дейді басқарма басшысы.

«Отбасында, қоғамда, тіпті жалпы әлемде әйелді адамзаттың әлсіз жаратылысы деп қабыл­дай­ды. Бұл ықылым заманнан қалыптасып қалған қағида. Рас, әйел, ол – нәзіктік. Алайда ба­уыр еті баласы мен әлемге қандай да бір қауіп төнсе, сол нәзіктік тау қопарып, тас жара алады. Себебі әйел жаны тыныштықты қалайды. Ол айналасының бе­ре­ке-бірлікте, бейбітшілікте өмір сүргенін тілейді. Бейбіт өмір­­­дің тыныштығын сақтап қа­­лу үшін барын салады, қолы­нан келгеннің бәрін жасайды». Ғұ­мы­рының біраз жылын әс­ке­ри салаға арнап келе жатқан Диля Жақсылыққызының бұл сөздері өмірдің өзінен алынған. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қол­дау жөніндегі бітімгерлік опе­ра­цияларының бел ортасында жүретін полковник әйел адамның қолы тиген жер сәулеленіп шы­ға келетініне талай рет куә болған.

«Әйел әуелден бейбітшілік пен берекенің, мейірім мен шапа­ғат­тың символына айналған. Сон­дықтан ба, білмеймін маған әлемді әйел әлдилеп тұрғандай көрінеді», дейді Диля Ахметова.

 

Көмек көрсету күш береді

«Кез келген жұмыстың өз жауапкершілігі мен жүгі бар. Ал әскери салада бұл талап есе­­ле­не түседі. Біздің салада та­­лап-міндет әйелдердікі, ер­лер­дікі деп екіге жарылмайды. Жа­уап­кер­шілік барлығына ортақ әрі бірдей» деген полковник өзі басқарып отырған бітімгерлік даярлық басқармасының басты қызметі жайлы түсіндіріп өтті.

«Басқарманың басты мінде­ті – бітімгерлік миссияға жібе­рі­летін барлық жеке персоналды арнайы даярлықтан өткізу. «Барлық персонал» дегенге ерекше акцент беруімнің бас­ты себебі бұл құрамның ішін­де әскери қызметшілерден бөлек, полиция қызметкерлері, аза­маттық тұлғалар да бар. «Бі­тім­гершілік қызметі туралы» заңға сәйкес бітімгерлік миссиясына жіберілетіндердің бар­лығының дайындығына Қор­ға­ныс министрлігі жауап береді. Яғни бітімгерлерді даярлаумен айналысатын тікелей біз жауаптымыз. Даярлық екі саты – жеке және ұжымдық дайындық бо­йынша жүргізіледі. Басқарманың оқытушы құрамына қойылатын талап өте жоғары. Даярлық курстарының барлығы ағылшын тілінде жүргізілетінін ескерсек, бұл талап екі еселене түседі. Бел­гіленген межеден кем болмауымыз үшін білім-білік­ті­­лігімізді ұдайы жетілдіріп оты­рамыз. Себебі басқарма қыз­мет­кері бітімгерлік миссиясына қатысатын адамнан білім жағы­нан да, біліктілік жағынан да оқ бойы озық тұруы қажет», дейді ол.

«Кімдер бітімгер бола алады?» деген сұрағымызға полковник: «Үміткер бітімгер болуы үшін ең алдымен арнайы іріктеуден өту керек. Ал бірнеше сынақтан тұратын іріктеуден үздіктердің үздігі ғана өтеді. Физикалық, моральдық-психологиялық да­йын­­дыққа қатты көңіл бөліне­ді, денсаулықтың мықты болуы, ағылшын тілін жетік меңгеру, механикалық қораппен басқарылатын көлікті жүргізе білу де үлкен маңызға ие. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана үміткерлер қатарына қосылады», деп жауап берді.

Бітімгерлік қызметтің қиын­ды­ғынан гөрі, қым-қуыт қырын сөз еткен полковник: «Таңнан түннің ортасына дейін жұмыс істеуге тура келетін кездер бар. Бірақ бұл жай ғана физикалық қиындық, ал отбасы мен туған жеріңнен жырақта жүру одан да қиын. Маған әсіресе ұлымнан алыс кету ауыр тиді. Бірақ соғыс дейтін сұрапылмен бетпе-бет келген, көмекке мұқтаж, со­ның салдарынан зардап шегіп жүрген жандарға қолұшын созып жүргеніңді жан-тәніңмен сезіну өз-өзіңді жоғалтпауға, намысыңды қайрауға, мықты болуға итермелейді. Қанша шаршап, қалжырасаң да ертесіне бойыңды тіктеп, еңсеңді көтеріп сапқа тұруға жігер беретін де осы күш – халыққа көмек көрсетсем деген ниет», дейді.

 

Адастырмаған бала арман

Қазақы қаймағы бұзылмаған Шым­­кентте дүниеге келіп, ауыз­­­­бір­шілігі ұйыған бере­ке­­лі от­басында бой жеткен Диля Жақ­сылыққызы – шаңы­рақ­та құл­пырып өскен бес қыз­ғал­­дақтың сүт кенжесі. «Мен көп­­тің ортасында – алдымдағы төрт әпкем мен әке-шешемнің мейірім, махаббатына шомылып өскен перзентпін. Отбасымның татулығы, бір-біріне қолдауы өте берік еді. Әкем ешқашан «ұл керек еді» деп ашық айтқан емес. Алайда асқар тауымның осы бір ойын бала болсам да жан-дүниеммен сезінетінмін. Сондықтан да болар, оң-солымды танып, бой жете бастағаннан-ақ әкеме қыздың ұлдан да мықты, өжет бола алатынын дәлелдегім келетін», дейді балалық шағынан сыр шерткен ол.

Ахметованың әкесі де офицер, ІІМ-нің ардагері болған екен. «Бала кезімде әкемнің парадтық формасына, медальдарына қатты қызығатынмын. Өскенде дәл әкем сияқты әскери адам болсам деп армандайтынмын. Ол кезде Шымкенттегі ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 8-мек­тепте білім аламын. Неге екенін білмеймін, бірақ мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақ мамандығымды мін­дет­ті түрде ағылшын тілімен бай­ланыстыратынмын. Балалық ар­манымды риясыз сеніміммен бекемдетіп те қоятынмын. Қазір осы арман-мұраттарымның орын­далғанын мақтанышпен айта аламын. Әскери адаммын, форма киемін және жұ­мы­сым тікелей ағылшын тілі­мен байланысты», деген Диля Жақсылыққызы өзі­нің шағын отбасында 11 жасар ұлының өсіп келе жатқанын да ерекше бір мейіріммен айтып өтті.

«Өмірде жылт еткен жақсы­лы­ғымыз болса соның бәріне отбасында қаланған іргетасымыз бен ұяда алған тәлім-тәрбиеміз себепкер» деген полковник: «Әскери салаға келуіме әкем үлкен әсер етті. Менің ғұмыр жолыма үлгі бола білген де сол кісі. Себебі көзімді ашқаннан көргенім – формадағы адам болды. Тұла бойы тіп-тік, сымдай тартылған, тап-таза, тәртіпті әкеге қарап бой түзедім. Мен де бала кезімнен маңызды, айтулы дүниенің бір бөлшегі болсам деп армандайтынмын», дейді.

Қазақ халықаралық қаты­нас­тар және әлем тілдері уни­вер­ситетін тәмамдаған жылы ол кездейсоқ көршісінен бір минис­тр­­ліктің ағылшын тілін білетін мамандарды іздестіріп жатқанын естіп қалады. «Көршім қолыма ұстатқан телефон нөміріне хабар­ласқанда ғана Қорғаныс минис­трлігі екенін білдім. Мені әңгі­ме­­лесуге шақырды. Алғашқы сы­­нақтардан сүрінбей өтіп, қыз­­метке қабылдайтындарын айт­­қанда қатты қуандым. Екі бір­дей арманымның – әске­ри қыз­мет­кер атансам және ма­ман­ды­ғым ағылшын тіліне қатысты болса екен деген тілегімнің жүзе­ге асқа­нына бақыттымын. Осы­лай­ша балалық арманым кездей­соқ орындалды», дейді ол.

Сөзінің соңында әскери әйел­дерді БҰҰ-ның бітімгерлік мис­­сияларына жіберу тура­лы уақтылы әрі дұрыс ше­шім қабылдаған Қорғаныс минис­тр­лі­гіне алғысын білдірген полковник Ахметова «бітімгер болу баға жетпес тәжірибе алуыма мүмкіндік берді» дейді.